Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

​Медиация - дауларды реттеудің тиімді әдісі

​Медиация - дауларды реттеудің тиімді әдісі

2011 жылғы 5 тамызда заңды күшіне енген «Медиация туралы» Заң қабылданып, қолданысқа енді. Осы заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттарымен рəсімін, сондай-ақ медиатордың мəртебесін айқындайды. Медиация туралы заң қабылданғалы бері аз уақыт ішінде, құқық қорғау саласына сіңе берген сайын, құқықтық республиканың жарқын келешегі жақындай береді.

Бүгінгі таңда, халықтың аузынан, бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінен «Медиация» сөзі түспейді. «Медиация» сөзі- латын тілінен аударғанда делдал, екі тарапты мəмілеге келтіруші үшінші тұлға деген мағынаны білдіреді. Медиацияны қарапайым тілмен айтқанда, бітімгершілік деп түсінуге болады. Яғни, қандай да бір мəселе бойынша тараптар арасында келіспеушілік туған жеке азаматтар немесе заңды тұлғалар оны соттан тыс, өзара келісім жағдайында шеше алады. Екі арадағы келісім медиаторлар арқылы жүзеге асырылады.

Медиацияның мақсаты- дауды бітімгершілікпен шешудің екі тарапты да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу. Медиацияны жүргізу кезінде еріктілік, құпиялық, медиатордың тəуелсіздігі мен бейтараптығы жəне медиация тараптарының тең құқылығы мен оның рəсіміне араласуға жол бермеушілік қағидаттары сақталуы тиіс. Медиация тəсілі сот ісіндегі тазалықты, əділ төрелікті қамтамасыз етудің негізгі тəсілдерінің бірі. Біздің ата-бабаларымыз бұрын бұл тəсілді тиімді қолданып, түрлі дауды билер соты арқылы бітімгершілікпен шешіп келгендіктен, бұл Заң қазаққа жат емес. Жеке жəне заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық жəне өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу кезіндегі медиация сотқа жүгінгенге дейін де, сот талқылауы басталғаннан кейін де қолданылуы мүмкін. Қылмыстық сот ісін жүргізу барысындағы медиация қылмыстық процессуалдық заңында белгіленген сотқа дейінгі жəне сотта іс жүргізу мерзімдерінде жүзеге асырылуға тиіс.

Медиацияның жылдан-жылға кең жайылып бара жатуының, адамдардың олардың қызметіне көбірек жүгінуінің себептері неде деген заңды сұрақ туындайды. Себебі, медиацияның сот жүйесімен салыстырғанда бірнеше артықшылықтары бар:

- Медиация процедурасы сотпен салыстырғанда аз уақыт алады;

- Медиатордың қызметі сот қызметіне қара­ғанда арзанға түседі;

- Тараптардың арасындағы қатынас бұзылмайды;

- Заңды емес, тараптардың мүдделерiн ескереді;

- Құпиялық сақталады.

Сонымен қатар, cот өндірісінен оның тағы бір айырмашылығы – медиацияның нәтижесінде «кінәлі» мен «кінәсіз» деген тараптар болмайды. Медиацияның арқасында соттарда қаралатын істердің саны да айтарлықтай азаймақ. Дауларды сотқа жеткізбестен, өзара бітімгершілікпен аяқтау судьяларға жүктемені азайтып қана қоймайды. Сонымен қатар, қоғамда орын алып отырған даулардың шешімін табуға септігін тигізіп, мемлекеттік мекеме атына айтылатын сынды да азайтпақ.

Қазіргі уақытта медиаторлардың қатысуымен істердің тиімді шешіліп келе жатқанын айту қажет. Сот тәртібінде қарастыруға тиіс даулардың санын қысқартып, оларды шешудің баламалы тәсілін қолдану, оның ішінде бітімгершілік рәсімдер – медиация әдісін қолдану адам құқықтарының әділ сақталуының кепілі. Сот жүйесінде медиация институтының дамуына қажетті іс шаралар жүргізілуде. ҚР Жоғарғы Сот Төрағасы 2015 жылғы сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындылары бойынша кеңейтілген кеңесте сот ісін жүргізуде медиациялық, татуластыру рәсімдерді қолдануға, олардың жергілікті және басқа да соттардың жұмыс сапасын бағалаудағы маңыздылығына ерекше назар аударды.

Дауларды сотқа дейінгі және соттан тыс реттеу институтының қолдануын кеңейту аясында облыстық және оған теңестірілген соттарға облыстық соттар мен әкімдіктер, қоғамдық ұйымдар арасында татуластыру рәсімдері институтын дамыту бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасау, оның ішінде аймақтық әкімдіктер жанынан медиация кабинеттерін ашу туралы тапсырма жолданған болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында, Бурабай ауданында «Нұр Отан» ХДП ғимаратында медиация кабинеті ашылды. Медиация кабинетінің ашылуы халыққа дауларды соттан тыс жағдайда шешудің артықшылықтарын білуге мүмкіндік беретін маңызды қадам. Кабинет қажетті техникамен, анықтамалық материалдармен және буклеттермен жабдықталған. Медиацияны қолдану аясы және оны жүргізу қағидаттары туралы ақпараттар жазылған арнайы стенд орналастырылған. Медиация институтының дамуына Бурабай ауданында кәсіби медиатор В.П.Белецкий да ат салысуда.

Заңның тиімді жүзеге асуы жөнінде, оның қолданылу аясы, медиация үрдісін жүргізудің қағидалары мен принциптері, даулардың жіктелуі, олардың алдын-алу тәсілдері, болдырмаудың әдістері, медиация жолымен дауды конструктивті түрде шешудің фактілері мен шарттары жайында аудандық сотта семинарлар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып тұрады және де баспасөз беттеріне халықты ақпараттандыру үшін аталған Заң туралы мақалалар жарияланып отырады.

Қорыта келе, «Медиация» азаматтар арасындағы қарым-қатынаста талас-тартыс деңгейін төмендетуге, тараптардың қарым-қатынас мәдениетінің, этикасының жоғарылауына, ерікті түрде орындалатын шешімдердің көбеюіне әкеледі деген сенім бар.

Көкшетау қалалық сотының кеңсе меңгерушісі

Д. Темірова

11:04
2713
Нет комментариев. Ваш будет первым!