Тәуелсіздік ұстыны – Конституция
Адамзат баласы қоғамдық құрылыс, әлеумет болып басы құралған жерде бір заңға, ортақ қағидалар мен ережелерге бағынатыны белгілі. Тарихты қарар болсақ, баршаға бірдей заңдардың негізі үлкен моральдық қағидалардан тұрған. Жалпы, «Конституция» сөзінің өзі латын тілінен аударғанда «құрылыс» деген ұғымды береді екен. Демек, ел болып құрылу, ұлт болып ұйысудың негізгі тұғыры – осы ата заңымыз, Констиутция екенінде сөз жоқ. Олай болса, Ата заңымыздың қадір-қасиетін арттырып, жас ұрпаққа оның мән-маңызын түсіндіру тәуелсіздіктің іргесін қымтай түскен отан алдындағы міндетпен бірдей деп түсіну керек.
Кей деректер бойынша, Конституция алғаш рет Англияда 1679 және 1688 жылдары «құқықтар жөніндегі билль» деген атпен қабылданған. Ал, жазбаша конституция 1787 жылы АҚШ-та, одан кейін, 1791 жылы Франция мен Польшада өмірге келіпті. Әрине, бұл – кәріқұрлық Еуропаның қайта жаңғыру дәуірінен кейінгі демократиялық қоғамға жасаған алғашқы қадамдарының бірі. Ал, Қазақстанда Конститутция 1924 жылы одан кейін, 1937, 1978 жылдары жазбаша түрде қабылданды дегенімізбен дала демократиясына сүйенген қазақ елі ежелден салт дәстүр, белігілі заң қағидаларын басшылыққа алған билер институтымен қоғамдық мәселелерін реттеп отырды.
«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген ескі сөзге мән берсек, сөздің бәсі-бағасын біліп, қадіріне жеткен қазақ ежелден хатқа түскен заңдарынан аттап өтпеген. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Әз-Тәукенің жеті жарғысы» барлығы да қазақ даласындағы тыныштық пен әр қазақтың жүрегіндегі адалдық, намыс, отбасы берекетін сақтауға қызмет етті.
Бүгінгі Қазақстан мемлекетінің ұйытқысы Ата заң мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын, ата бабаларымыздың ар-мен намыстан тұратын бірлік, тыныштық идеясын өз бойына сіңірді.
Қазіргі қолданыстағы Конституция 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған. Оған дейін, яғни, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда өзінің алғашқы Ата Заңын қабылдаған болатын. Бірақ 1993 жылғы Конституция кеңестік қағидаларға негізделгендіктен, жаңа қоғам өмірінің талабына жауап бере алмады. Сондықтан, 1995 жылы жаңа Конституция қабылданды. Жаңа Конституцияның ерекшеліктері – заң шығарушы, атқарушы, сот билігін белгілеп, олардың құзіретін, өзара іс-қимыл бірлігін заң тұрғысынан айқындап береді.
Конституция Қазақстан Республикасын демократиялық мемлекет деп жариялайды. Оның демократиялылығы, ең алдымен, мемлекет ішінде халық басқаруын қамтамасыз етуінен көрінеді. Конституцияның 3-бабының 1-тармағында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық делінген. Бұл конституциялық норма Қазақстанның халықтық мемлекет екендігін көрсетеді. Халықты жоғары биліктің иесі ретінде тану – ел тәуелсіздігінің көрінісі. Ең бастысы, бұл құжат өзінің нормалары мен принциптерінің көмегімен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғам мен мемлекетті өркениетті елдердің қатарына жетелейді. Сондықтан, ел болу жолындағы басты міндеттердің бірі – Конституцияның құрметін арттыру.
Конституцияның адам құқықтары мен бостандықтарына арналған нормалары басқа салалық заңнамалардың мазмұнына да әсер етеді. Кеңес заманында қалыптасқан түсінік бойынша адамды заңбұзушы – бұзақы ретінде көру келмеске кетіп, керісінше, кінәсіздік презумпциясын басшылыққа алу кең өріс алды. Конституциямызда бекітілгендей, тұлғаға құрметпен қарау, оның жеке құқықтарын таптамау, сот пен заң алдындағы теңдік қағидалары заманымызға сай идеологияға айналды. Адамның табиғи құқықтарын үстем қою мемлекет қызметінің негізгі бағыты десек еш қателеспейміз.
Конституцияға кейін енгізілген өзгерістерге сәйкес, адамды тұтқындау соттың санкциялауы арқылы жасалатын болды. Бұл жаңашылдықты мемлекеттің адам құқығын қорғау төңірегіндегі жалпыға танымал стандарттарға жақындауының аса маңызды бөлігі деп білу керек. Бұл соттық бақылауды кеңейтудің және алдын ала зерттеу жүргізу кепілдігін енгізудің алғашқы қадамы. Бүгінгі күні елдегі сот жүйесі Конституцияға сәйкес, әрі қарай дамуға бағытталған шараларды жүзеге асырып жатыр. Қазір сот жүйесі қоғамның тұрақты, сенімді құқықтық кепілдігіне айналды деп айтуға толық болады.
Ата заңымыз Конституцияның 7-бабында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі деп көрсетілген. Тұңғыш Президентіміз де өз Жолдауында «Біздің міндетіміз мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың санын 2020 жылға қарай 95 пайызға жеткізу» деп мемлекеттік тілімізді Егемендігіміздің діңгегі екендігін айқындап берді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Жолдауында «Мен 21-ғасыр Қазақстанның «алтын ғасыры» боларына сенемін. Бұл бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болады. Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесі атануға лайық. Біз көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Аңсарлы азаттығымыз бен тәу етер тәуелсіздігіміз баянды болсын! Мәңгілік Ел болу жолындағы ұлы істеріміз жаңа дәуірлерге жол ашсын! Баршаларыңызға бақ-береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін!», – деді.
Конституция күні біз, Тәуелсіз еліміздің зайырлы мемлекет, демократиялық қоғам құру жолындағы нық қадамдарын жас ұрпақ алдында паш етеміз. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі буынының келер ұрпақ алдындағы басты міндеті – егемендіктің тұғырын биіктетіп, көк байрақты асқақ ұстау. Ал, бұл жолдағы еңбек пен қызметтің негізгі ұстыны Ата заңымыз екені айтпаса да түсінікті. Мерекеге орай барша қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтап, елдігіміз, бірлігіміз жараса берсін дегім келеді.
Досжан Әміров,
Ақмола облыстық сотының төрағасы