Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

Сотқа сенім судьяның адами келбетінен бастау алады

Сотқа сенім судьяның адами келбетінен бастау алады

Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында еліміздің әлеуметтік, экономикалық және құқықтық жағынан болашақ даму бағдарына, соның ішінде құқық қорғау және сот жүйесіне қатысты негізгі міндеттерді түгел айқындаған болатын. Осы орайда, Қазақстан Судьялар одағының кезектен тыс V11 съезіне талқылануға ұсынылатын Судьялардың жаңа Әдеп кодексі сот қызметін заман талабына сай жоғары деңгейге көтеруге игі ықпалын тигізетіндігі даусыз. Жаңа Әдеп кодексі азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін сот саласында еңбек ететін судьяларды өздеріне жүктелген осындай ауыр да, жауапты міндетті әрдайым терең сезініп, үнемі сондай биік талап деңгейіне сай болуға құлшынуына жағдай жасайтын болады.

Биыл өз тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткелі отырған Қазақстан әлемнің өзге де елдері сияқты құқықтық демократиялық зайырлы қоғам орнату жолына түсті. Құқықтық қоғамда барлық даулы мәселелер сот арқылы шешілетіні белгілі. Осыған байланысты, сотқа жүктелер міндет ауыр және өте жауапты болмақ. Осы себептен, адам тағдырын таразыға салар судьялар білімді, білікті ғана емес, бойына барлық ізгі адами қасиеттерді жинақтаған, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай білетін әдепті де болуы шарт. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп қазақтар ежелден-ақ дауға әділ билік айтпай, туғанына тартушылықтың имансыздық, ал адами тілмен айтқанда әдепсіздік екендігін меңзеп отырған сияқты. Қара қылды қақ жарардай әділ билік айту үшін де бұрынғы билер мен бүгінгі судьялардың бойында турашылдық, әділдік, байыптылық сияқты адами жақсы қасиеттер болуы қажет. Міне, сондай судьяны ғана халық сыйлап, билігіне мойын ұсынбақ.

Судьялар одағының съезінде талқыланатын Судьялардың жаңа Әдеп кодексі әлемнің барлық озық үлгідегі осындай құжаттарының жетістіктерін жинақтаған. Осыған орай, аталмыш кодексте судья әдебіне қатысты барлық жайлар жан-жақты және нақты қамтылған. Әдеп кодексінің талабына сай судья тек қызмет бабында ғана емес, бос уақытында қоғамдық орындарда, басқа да жерлерде жүрген кезінде өзінің кісілік бет-бейнесін әрдайым сақтап, адами биік деңгейден көрінуі тиіс. Судья ешқашан өзінің адам тағдырын таразылайтын лауазымды тұлға екендігін естен шығармауы тиіс.

Қазақта «жақсы болмақ мың күнде, жаман болмақ бір күнде» деген нақыл бар. Судья да адам баласы ғой, бос уақытында аздап көңіл көтергеннің несі сөкет деп, бедел-абыройына нұқсан келтірер теріс әрекеттер жасап жатса, бұл оның жеке басына ғана емес, жалпы сот жүйесіне дақ түсірері анық. Жаңа кодекс талаптарында міне, дәл осы жай ескерілген. Судья әдебі жөніндегі комиссиялар сот жүйесінде бұрыннан бар және жұмыс істеп келеді. Бұндай комиссиялар судьялардың әдепке жат іс-әрекеттері мен қылықтарын талқылап, ұсыныс түрінде шаралар қолданады. Яғни, сот саласында әдеп мәселесіне ерекше мән беріліп, жете назар аударылады. Өйткені, сотқа деген қарапайым халықтың сеніміне судьялардың кісілік келбетіне деген жұртшылықтың сый-құрметі ықпал етпек. Жаңа Әдеп кодексі судьялардың бойына ізгі қасиеттердің орнығып, дамуына елеулі ықпалын тигізеді деген ойдамын.

Бүгінде биліктің тәуелсіз жеке тармағы болып қалыптасқан сотқа деген халықтың сенімі – сот жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі десек, артық айтқандық емес. Сот қарайтын істер санының жыл санап өсе түсуі халықтың сотқа деген сенімінің артып отырғанын көрсетсе керек. Ал, сенім сыйластыққа қатысты туындайтыны мәлім. Осы орайда, судьялардың кісілік келбеті мен өздерін барлық жағдайда дұрыс ұстай білуі халықтың судьяға деген сенімі мен құрметін арттырмақ.

Жаңа кодекс талаптары судьялардың ар-намысы мен мәртебесін, қоғамдағы биік орнын айқындап, өз мамандығына құрметпен қарауға ынталандырады және әлеуметтік жағынан қорғалып, өздерін қауіпсіз сезінуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жаңа кодексте судьяның ақпарат құралдары өкілдерімен байлынысы, жемқорлықпен күрес және жұртшылық алдында сөйлеуі сияқты жайлар да қамтылып, нақтыланған. Мемлекеттік органдарда қызмет ететіндер арасында қызмет бабын жеке басының мүддесіне пайдаланатын жемқорлық сипаттағы заң бұзушылықтар өкінішке орай кездесіп жатады. Судьялардың арасында да жемқорлыққа қатысты заң бұзу жағдайлары сирек те болса орын алып тұрады. Судьяны заң бұзушылық қана емес, жалпы адами теріс қылықтарға барудан сақтандыратын Әдеп кодексі талаптары жемқорлық сияқты жаман әдеттен аулақ жүруге үндейтіні анық. Жалпы алғанда, Әдеп кодексінде судьялардың өміріне қатысты барлық жайлар мен жағдаяттар толыққанды қамтылған. Осыған орай, кодекс судьялардың кәсіби қызметіне қатысты ғана емес, барлық жағдайларда өзінің адами бетбейнесін заман талабына сай қалыптастыруына игі ықпалын тигізетіні даусыз.

АЛМА ЕСЕНЕЕВА.

Ақмола облыстық сотының судьясы


12:06
1437
Нет комментариев. Ваш будет первым!