Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

Ұлы дала билерінің тәлім-тәрбиелік сөздері

Ұлы дала билерінің тәлім-тәрбиелік сөздері

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» - деп аталатын жаңа мақаласын халыққа ұсынған болатын. Бұл мақаласында, төл тарихын білетін, бағалайтын жә­не жұрт түсінетін мәдени мұра ретінде өткені мен бүгінін нақты бағалай білу – бұл елі­міз­дің табысты болуының кепілі. Яғни, халқымызға жай тарихи дерек емес екенін жеткізіп отыр [1]. Соның ішінде «Ұлы дала тұлғаларын» атап өтетін болсақ, бір жүйеге келтіру тарихымыздың нағыз жетіспей тұрған қазақтың Ұлы даласында би, шешендеріміз. «Би» және «шешен» ұғымдары бір мағыналы, синонимдер емес. Көп жағдайда шешенді би деп таныған, ал егер шешен ақылды болса, ол биге айналған.

Қазіргі би халықтың сана-сезімінде ақиқаттың ақ туын көтеруші ретінде қалыптасуда. Оған дәлел ретінде билердің мына кәсіби ұрандарын айта кетуге болады «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Малым жанымның садағасы, Жаным арымның садағасы». Билердің негізгі ұрандарына айналған, бұл бойынша адам үшін оның ар-ожданы мен намысын, адамгершілік, әділеттілік бұның барлығы қорғаудың ең жоғарғы қадір-қасиет деп санаған. Қазақтардағы соттық «шешендік өнер» тек сөздік байлық қана емес, дәлелдемелік және мазмұндық күшке де ие. Орта ғасырлардағы қазақтарда сөз қадірі тіпті жаңа заманға дейін аса жоғары бағаланған. Бұл Ұлы дала тұлғасы келесідей қағидалардан көрініс тапты: «Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірер би», «Тіл жүйрік емес, билікте шын жүйрік». Қазақ халқының тарихи тағдыры мен мемлекеттің тұтастай бір дәуірді құраған заңдылық пен әділ соттың «Алтын ғасыры» соттық ­ құқықтық қатынастар өз дамуында жалпы ұлттық құндылық деңгейіне көтерілген қоғамның қалыпты жағдайын сипаттайды [2].

Енді біз тарихқа көз жүгірттер болсақ, Атақты би Ақтайлақ Байғараұлы 1720-1816 жылдарда өмір сүрген. Ата-бабасы азуы алты қарыс, қара сөзді орып айтқан, тілге даңғыл дүлдүлдер болыпты.

Ақтайлақ би XVII ғасырдың аяғында Ташкентте бек болған «нар дауысты Нарынбайдың» шөбересі, даусы аққудай саңқылдаған «қу дауысты Құттыбайдың» немересі. Ақтайлақ би ел арасындағы дау-шарларды әділ билігімен, парасатты ақылымен, тапқыр, ойдағыдай кесімді пайымдауларымен мүлтіксіз тындырған. Әрине, өзінің жаратылысы, кісілік болмысы, кіршіксіз таза пейілі, дүниетанымы, көзқарасы, әдептілігі аса жоғары болғандығын мына бір қасиетке толы мөлдір тізбектерден тануға болады: «Асқа арыңды сатпа, ілінбе жаманатқа», «Еріншек болма, елгезек бол, еңбексіз босқа жатпа», «Жақсысын ешкім бермейді, өз қолыңда барыңды мақта», «Алтының болса әсерленбе, арыңды сақта, арамдықтан аулақ бол, адалдықты жақта», «Береке-бірлік іздесең, ең әуелі үй-ішіңмен бол ынтымақта», т.с.с.

Қазақ халқының рухани-мәдени тарихындағы атышулы «құс көмей» шешен, «жолбарыс терісін жамылған» айтулы батыр, атақты билердің бірегейі – Бөлтірік Әлменұлы (1771-1853). Қазақ фольклорының білгірі Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Құдай рахмет қылсын Бөлтірік биге! Кісі болса, сондай болсын!» – деп, заңғар тұлғаға керемет ықыласын аямапты. «Бөлтірік – Ысты елінен шыққан ақын, шешен әрі батыр. Өз қатарында ешкімнен жеңілмеген. «Жеті жарғы» атанған кісі, жеті тосқауылдан сүрінбей өткен тұлпарды осылай бағалаған», – деп сыр толғайды әнші ақын, композитор Кенен Әзірбаев. Терең ойлы, тапқыр тілді, дауысы күндей күркіреген Бөлтірік шешенмен талай тарландар иық теңестіре алмаған, адуынды да алғыр шешеннің қасында олар жіп есе алмаған, жалындаған жүйрік оза шауып отырған. Бөлтіріктің бүлдіршін кезін көрген Балпық би «көзінің оты, сөзінің қуаты бар» деп, «Бабасы Төле бидің аруағы қонайын деп жүр екен» деп, біртуар дарынның жарқын болашағын болжапты, қанаттандырып қолдапты. Нағашысы тобықты Қараменде бидің сипаттауынша, «аузынан гүл төгіліп, көзінен от төгіліп тұрған жас бұлбұл» Бөлтірік небір дау-шарларда, салтанатты мәслихаттарда түйдек-түйдек толғамдарды, кесек-кесек билік, нақыл, қанатты сөздерді, ақықтай жарқыраған асыл ойларды тереңнен қозғап, теңіздей толқытқан [3].

Тоқсан би Жабайұлы Тоқсан 1753 - мешін жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жамбыл шаруа қожалығына Қарағайлы көл деген қоныста әйгілі Қарабиұлы Жабай батырдың отбасында дүниеге келіп, Уақ елі жайлауымен шектесетін өз жайлауында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты жерде) 1853 – сиыр жылы жаздың аяғында жүз бірге қараған жасында қайтыс болыпты. Ол жастай ел билігіне араласып, Сыйбан-Керей Мама батыр ұлы Бөкенбай биден арнайы барып бата алған екен. Бөкенбай бейбіт кезде алдынан әділдік арылмаған би болыпты, соғыс кезінде қолбастаған батыр болған.

Тоқсаның өз әкесі Жабай қол бастаған сардарлардың бірі болыпты. Ал, оның әкесі – Қара да, атасы – Алдай да би болыпты. Алдайдың әкесі – Құдияр дәулет иесі адам екен. Құдиярдың әкесі Ырыс би болыпты. Ал, Тоқсанның Ырыс биден арғы бабалары ел қорғаны – батыр, мерген болыпты. Тоқсан шешеннің жеті бірдей атасы би болғанына, сол үшін жеңілгенін мойындаған Зылиха деген би әйел: «Жеті атасы би болған жеті жұрттың қамын жейді, өз әкесі жау қуған батыр болған, үш-төрт атасы ғана би болған өзімен қарсыласқанның еті мен жағын жейді», - дегенде – Тоқсан сен жеңдің, мен жеңілдім, Орта жүздің малын төлейміз, айып-анжысын қоса береміз. Осыған келісейік, - деген сөзі дәлел бола алады.

Қазақ халқының академик – ғұлама ғалымы Қ.И.Сәтбаевтың әкесіне ат қойып берген батасында Сегіз серінің: «Тоқсан бидей үш жүздің шешені бол», - дегендегі Тоқсан – осы екінші Тоқсан шешен екен. Сегіз сері Тоқсан биді көрген, одан бата алаған кісі. Оның үстіне, «Қазақтың шежіресін құрастырып Сегіз сері жазсын!» - деп ақыл айтқан ел жақсыларының бірі – Тоқсан би болыпты.

Тоқсан би - көптің адамы. Онан қалған асыл сөздер де аз емес еді. Бірақ оның шешендік сөздері жиналмай, зерттелмей қалған екен. Тоқсан биді төрелік айтуға алыстағы елдер де арнаулы кісі жіберіп шақырып алады екен. Бірде Ұлы жүзге жататын елдердің өз арасында үлкен даулар болып, сол даулардың түйінін шешуге әдейілеп кісі жіберіп, сол арқылы хат жолдап, Жабайұлы Тоқсан биді шақыртады. Тоқсан би арада көп күн жол жүріп, Ұлы жүзге жетеді. Сонда айлап жатып, ол өнер дауынада, жесір дауларында әділ төрелік айтып, дауласқан елдерді бір-бірімен татуластырып, жақсылардың берген сыйлықтарын алып, елге оралады. Жол-жөнекей Жабайұлы шешен Баянауыл өңіріне тоқтап, Күшіктің ауылына келіп, оның ордасына ат басын тірейді. Тоқсан Ордаға сәлем беріп, кіріп барса, табалдырықтың алдында – жүрер жолда бір әдеміше бір жігіт сұлап жатыпты. Бидің атқосшылары оған аң-таң қалыпты. Сонда Тоқсан би:

Бұл аурудың аты – сарымас,

Сіздей жас кісіге тәкаббарлық жарамас.

Керейден Тоқсан би келгенде,

Бұл ауру алды-артына қарамас!

Лақтырып жіберіңдер мынаны, - дегенде, әлгі жігіт орнына тұрып: «Ассалаумағалакем, ата!» - деп, биге қол қусырып сәлем береді де: Ата сізді «ат сүрінгенше, ақыл табады», - дегенді естіп, сынағалы жатыр едім. «Халық айтса, қалып айтпайды», дегендей, елсіз жайында дұрыс айтады екен. Сынамақ болғаным үшін кешу етіңіз!? – деп, Тоқсан мен оның екі атқосшысын төрге отырғызыпты [4].

Қашаған биден қалған сөз:

Бірде атақты бір бай Қашағаннан:

– Қашекем, армандамайтын адам бола ма? – деген екен.

– Бірде атақты бай Қашаған биден:

– Қашеке, армандамайтын адам бар ма? – деп сұраған екен.

– Армандамайтын адам жоқ. Бірақ, қолы жетпейтінді армандағанша, өз еңбегімен жететінді армандап, зейнетін көрген жақсы ғой, – деп жауап беріпті Қашаған би.

Бірде Қашаған би қыдырып келген құрдасына кетерінде бүкіл елге әйгілі Қаракеш жорғасын мінгізіп жібереді. Бұған баласы Әбіттің ренжігенін сезген би:

– Алғаныңды білгенде, бергеніңді білмесең, жетесіз боларсың, деген екен. Сол құрдасы қонақ болып барған Әбітке құда бала деп атан түйе сыйға тартыпты.

Қашаған би жігіт болып қалған баласы Бәтжаннан:

– Балам, байлық пен кедейліктің арасы қандай жол? – деп сұрапты. Сонда

Бәтжан іркілмей сол мезетінде:

– Заманына қарай өзгеріп отыратын бұлдыр жол ғой, – депті. Сонда

Қашаған би баласына:

– Алдыңнан ақ күн тусын! – деп батасын берген екен.

Орман шешен Қашаған биден:

– Қашекем, кімді пір тұтасыз? – деп сұрапты.

– Анам мен әкемді, елім мен жерімді пір тұтамын, – деп жауап берген екен Қашаған би.

Орынбек батыр бірде Қашағаннан:

– Қарадан хан туа ма? – деп сұрайды.

– Ешкім анадан хан болып тумайды. Хан болу адамның даналығында, – деп жауап беріпті Қашаған би.

Қызылбөрік мақсұт Қашағаннан:

– Елдің бірлігі неден бұзылады? – деп сұрайды.

– Өсек пен көреалмаушылықтан, – деп жауап беріпті Қашаған би.

Бірде Қашаған биге содырлау бір құрдасы:

– Сені ел көреген дейді, сол рас па? – депті.

– Халқым көргенді мен де көремін, – деген екен Қашаған би.

Сырлыбай датқа бірде қонақта отырып Қашаған биден:

– Дүниеде не жаман? – деп сұраған екен. Сонда Қашаған би:

– Ынтымағы жоқ ел жаман, Бәріненде халқыңа қадірсіз болған сол жаман – деген екен.

Қашағанның жасы келіп қартайған шағында Солтанбек болыс биден:

– Еліңізге болашақта не тілер едіңіз? –депті. Сонда Қашаған би:

– Абылайдай бірлігі болса, Райымбектей қорғаны болса, Төле бидей ғұламасы болса, бейбіт өмір тірлігі болса, құдайдан соны тілер едім, – деген екен [5].

Қорыта келе, Ұлы дала тұлғаларының бойынан әдет-ғұрып жүйесі мен мәдени дәстүрлердің қазақтың ата заңдары қаншама ғасырлар бойы келе жатқанаң білуге болады, бірақ оның құқықтық мәдениетінен тіл мәдениетін ешкім, ешбір күште өзгерте алмайды. «Адамға алдымен тәлім-тәрбие бермей ғылым-білім берсе, онда ол ортаға опат әкеледі” деген екен ғұлама ғалым Әл Фараби.

Көкшетау қалалық сотының

судьясы А.Жумабеков

14:15
1316
Нет комментариев. Ваш будет первым!