Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

К И Е Л І Е Л Д І Ң К И Е Л І П Е Р З Е Н Т І

К И Е Л І Е Л Д І Ң К И Е Л І П Е Р З Е Н Т І

Нұралин Даулен Даулетұлы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы

Көкшетау қаласынан солтүстік-батыс бағытына қарай шыққан асфальт жол Красный Яр кентінен өтіп, Қонысбай ауылының жанымен жүріп, Алтынтау кен байыту комбинатын айналып, Көкшетаудан отыз шақырымдай жерде орналасқан Дөңгілағаш деген ауылға әкеледі. Ауыл төңірегі, осы өңірдің тарихынан сыр шертетін Телеу, Ұялы көл, Қарқаралы, Ақсу шоғы т.т. жер, көл, тоғайлардың аты тұнып тұрған, әсемдігі алыстан көз тартатын кең сахара. Осы, тарихы терең еңбегі ерен жер, талай-талай жақсы да жайсаң перзенттеріне жол ашты. Бұл аулдың тумалары туралы үлкен дастан жазуға болатыны көпке мәлім. Ал, біздің бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері, осы киелі ауылдың тумасы Нұралин Дәулен Дәулетұлы, сол ел ерлерінің бірі емес, бірегей деп айтсақ артық болмас. Осы азамат туралы келесі қысқаша деректердің өзі көлемді оқиғалардың көрсеткіші екені айдан анық сияқты.

Дәулен кейіпкеріміз, Дөңгілағаштың көпбалалы сыйлы азаматтары Дәулет ағай және Күлизат жеңгейдің, тарихи үрдіс, Тың жерлерді игеру науқаны басталғаннан кейін бір жылдан соң туған тұңғыштары.

Кеше ғана осы ауылдың көшелерінде құрдастарымен доп теуіп, асық ойнаған, қазақтың қара домалақ баласы, жерлесіміз Дәулен Дәулетұлы, бүгінгі күні есімі Республикамызда кең танымал, зор абыройлы, адамгершіліктің барлық асыл қаситеттерін бойына жыйнап алған, Қазақстан Жоғарғы Сотының судьясы.

Сырт көзбен қарағанда, осы дәрежеге Д.Д.Нұралин тақтайдай теп-тегіс даңғыл жолмен оп-оңай жеткен болып көрінеді. Бірақ, Дәкеңді жақынырақ білетін тұлғалар оның талай-талай өмір сындарынан өтіп, қайратты да қажырлы еңбек жолдарын кешкенін біледі. Жалпылап айтқанда, қай саланың еңбегі болмасын, бейнетсіз зейнетке жеткізбейтін екені белгілі. Ал, сол еңбек жолдарының ішінде жүгі ерекше салмақты қызметтер де болады. Сол қызметтің бірі, қазақтың нақылымен сипаттаған, қара қылды қақ жаратын судьялық қызмет. Бұл жүкті адамның ең жақсы қасиеттері бойына дарыған тұлғалар ғана көтере алады. Қайталап айтылса оқырман кешірер, сондай аса ерекше тұлғалардың бірі емес бірегейі, біздің аяулы кейпкеріміз.

Сонау 1972 жылдың қыркүйегінен бастап осы күнге дейін, табаны күректей 44 жыл, Д.Д.Нұралин заңгерлік қызметте. Оның ішінде 35 жылдан артығы судьялық қызмет. Атап айтқанда, 1981 жылдан 1999 жылға дейін яғни 18 жылдан артық Көкшетау және Солтүстік Қазақстан облыстық соттарының судьясы және төрағаның орынбасары болды. Ал, 1999 жылдың сәуірінен осы күнге дейін, яғни 17 жылдан артық Қазақстан Республикасы

Жоғарғы Сотының судьясы. Судьялық қызметте басшылар тарапынан марапаттау алып тұру жиі кездесе беретін оқиға емес. Дәулен Дәулетұлы, осы ұзақ жылдары, ел басына да жеке өз басына да келген қиындықтарды табандылықпен жеңіп, басқа оңай салаға қызмет ауыстырмай, жас әріптестері және шәкірттеріне үлгі болудан жалықпай келеді. Сондықтан да, Ел Басы және Жоғарға Сот басшылары тараптарынан Д.Д.Нұралин 21 рет жоғары марапаттар иесі болып отыр. Тура айтсақ, Дәкең иегер болған марапаттардың атаулары мынадай : КСРО Министрінің қаулысымен Алғыс Хат, ҚР Президентінің Жарлықтарымен «Құрмет» ордені, «Қазақстан Конституцисына 10 жыл» медалі, «Астананың 10 жылдығы» медалі, «Қазахстан Конситуциясына 20 жыл» медалі, Президенттің Алғыс Хаты, Жоғарғы Соттың Төрағасының қаулысымен «Құрметті Судья» деген атақ, бірнеше Алғыс Хаттар, Қазақстан судьялар Одағының қаулысымен «ҮШ БИ» Құрметті төсбелгісі және көптеген басқа да көтермелеулер.

Дәулен Дәулетұлы үлгілі жанұя басы. Ол ержеткен үш баланың ардақты әкесі және сүйікті немересінің қорған атасы. Үш баласыда жоғары білімді мамандар, ал оның біреуі әке жолына түскен заңгер. Бүгінгі таңда Қарағанды облыстық прокуратурасының жауапты қызметкері.

Өзім сот саласында 1969 жылдан істегендіктен, Дәкеңді 1981 жылдан бері білемін. Осы әріптесіміз туралы ойлағанда, бабаларымыздан қалған бір нақыл еске түседі : «Асыл азамат атқа мінседе жерден алыстамайды, таққа мінседе халықтан алыстамайды». Көнекөз қарияларымыз бұл қанатты сөздерді Дуәлен Дәулетұлы сияқты перзентеріне арнағаны сөзсіз.

Бүгінгі күні Еліміздің сыйлы азаматы, Д.Д.Нұралин, өзінің бесінші мүшел жасқа келгенін туысқандарының, әріптестеріның, құрдастарының ортасында бақытты өмір кезеңінде қарсы алып отыр. Біздер, қадірменді жерлесіміз және әріптесімізді туған күнімен шын жүректен құттықтай отырып, келешекте әлі талай-талай мүшел межелерден сәтті өтіп, Егеменді еліміздің жер шарындағы елу озат елдерінің қатарында болуға сүбелі үлес қосуын тілейміз.

Ақмола облыстық сотының

Ардагер-судьялар кеңесінің төрағасы М.М.Ғибәділов

12:03
1349
Нет комментариев. Ваш будет первым!