Қазақша сөйлейік
Қазіргі таңда бірнеше тілді жетік меңгерген адамды кездестірсек аса көп таңырқай бермейтін болдық, себебі барынша көбірек тілдерді меңгеру ақпараттық технологиясы қарқынды дамыған 21-ғасырдың өмір талабына айналып отыр. Және де, осы бірнеше тілде еркін ұғынысып, шетел тілдерін жетік меңгерген азаматтың ұлты қазақ, бірақ ана тілін білмейтін боп шықса, оған да таң қалмаймыз. Осы жағдай қалыпты үрдіске айналып кеткені соншалықты, ұл-қызының ағылшын, қытай, француз, италия, испан тілдері секілді шетел тілдерін үйренуіне баса ден қойып, ол үшін қаражатын да аямайтын кейбір ата-аналар осы балаларының ана тілі-қазақ тілінде сөйлей алмайтынын қаперіне де ілмейді. Ержеткенде осы балалары әке-шешесін сыйламайтын қатыгез, пайдакүнем, безбүйрек болып қалыптасса, ата-анасы оның себебін таппай, «осылардың болашағы үшін барымызды салып едік, бұл қалай болды» деп дал болғанына да куә боп жүрміз.
Егер, ата-ана бала тәрбиесінде оның жарқын болашағын шетел мәдениетінен іздесе, өз ана тілімен сусындап, тек сол арқылы ғана даритын ұлттық құндылықтарды ұғынбай өскен осы баладан не күтпекпіз. Әрине, біз қазақ азаматының көп тілді меңгеруіне қарсы емеспіз, керісінше қолдаймыз. Бірақ, басқа тілді үйренбес бұрын, қазақ баласы өз тілінде тіл сындырып, үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарауды тіл мәдениеті арқылы бойына сіңіріп алса, ол басқа тілді үйренуіне негіз болып, одан әрі жан-жақты дамуына өз үлесін қосатыны даусыз.
Кез-келген тәрбиенің отбасынан басталатындығын, сондай ақ баланы сөзбен емес іспен тәрбиелеу қажеттігін ескерсек, ата-анасы өз тіліне құрметпен қарамайтын жанұяда баланың да ана тіліне деген құштарлығы ешқашан оянбайды. Әрбір саналы қазақ азаматы ұлт болашағын ойласа, ата-бабамыздан мұраға қалған кең байтақ жерімізде қазақ тілінің төрден лайықты орын алуын көздесе, қазақ тілінде сөйлеуге бет бұрып, отбасында өзінен тараған бала-шағасымен тек ана тілінде сөйлесуді қолға алуы тиіс.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, тек қазақ ұлты емес, әлемнің елдеріне рухани азық болуға жарайтын өшпес мұра қалдырған сонау Аль-Фарабидан бастап, Абай, Ілияс, Сәкен, Мұхтар, Мұртаза секілді арыстарымыз сөйлеп-жазған қазақ тілін ұрпақтан-ұрпаққа таза қалпында жеткізу біздің азаматтық парызымыз. Бабаларымыз бен келер ұрпақ алдында арымыз таза болсын, қазақ халқының даңқы арта берсін десек, қазақша сөйлейік, ағайын!
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының бас маман сот отырысының хатшысы
Акмарал Абирова