Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

Тәуелсіз еліміздің сот қызметін жаңа сатыға көтеретін жобалар

Тәуелсіз еліміздің сот қызметін жаңа сатыға көтеретін жобалар

Биыл Тәуелсіздігінің 27 жылын атап өткелі отырған Қазақстан Республикасы осы қысқа мерзім ішінде ғасырларға татитын дамудың ұзақ жолынан өтті. Егер өткенге ой жүгіртіп қарар болсақ, Тәуелсіздік алғанға дейінгі және одан кейінгі кезеңдер арасында жер мен көктей үлкен айырмашылық барлығын кім-кім де көріп, көңілмен сезінері анық. Иә, біз қазір әлем мойындаған экономикасы шарықтап дамып, ұлтаралық, дінаралық татулығы келіскен, бірлігі жарасқан, болашағы бекем елде өмір сүріп жатырмыз. ТМД елдері арасында бір де бір мемлекет Қазақстан сияқты қысқа мерзім ішінде астанасын ауыстырып, көркі көз тартар сәулетті қала тұрғыза алған жоқ. Елімізде өтіп жатқан әлемдік айтулы шаралар өз алдына бір әңгіме.

Тәуелсіздік әкелген жетістіктер мен өзгерістерді санамалап айтып, тауыса алмаспыз, ең алдымен өзім еңбек етіп жатқан сот саласындағы бірқатар өзгерістерге тоқтала кетсем, егемендігіміздің не бергенін көзі қарақты оқырман өзі-ақ түйсінері даусыз. Елбасымыз биылғы жылдың 5 қазанындағы халыққа арнаған Жолдауында: «Біріншіден, сот жұмысының заманауи форматтарын және озық электронды сервистер енгізуді жалғастырған жөн» -деп сот жүйесін элоктронды қызмет көрсетуге көшірудің маңыздылығын атап өткен болатын. Жұмысты оңтайландырып, жеделдігін арттыратын және адам факторын азайтып, жемқорлық сияқты келеңсіздікке жол бермейтін электронды қызметке көшу мәселесіне Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов үлкен мән беріп, аймақтық соттардың алдына жеті негізгі міндетті жүктеген еді. Осы бағытта Ақмола облыстық соты да ауқымды жұмыстар атқарып жатыр.
Атап айтар болсақ: «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Е-СОТ», «Оңтайлы орта», «Сапалы нәтиже», «Сотсыз татуласу орталығы» секілді жеті топқа біріктірілген мақсатты жұмыстар бүгінде сот саласының дамуына жұмыс істеуде. Жеті жоба 2020 жылға дейінгі сот жүйесін дамыту тұжырымдамасының негізін құрайды. Ең бастысы, бүгінде осы жеті жобаның негізінде сот жүйесін одан әрі дамыту, сот төрелігіне деген халықтың сенімін, сот төрелігінің әділдігін, жауапкершілігін арттыру бағытында жұмыстар атқарылуда. Тұтастай алғанда, аталған жобалар негізгі ортақ міндет – қоғамның соттарға деген сенімін арттыруға бағдарланған. Алдағы уақытта мінсіз судьяның келбеті мен оған қойылатын басты талаптар анықталып, тәуелсіз сот төрелігінің халықаралық стандарттары негізінде қазақстандық қоғамның сұранысына сай, жоғары кәсіби сот корпусы қалыптасатынына, сот төрелігін атқару кезіндегі судьялардың сыртқы және ішкі тәуелсіздігін заңнамалық, құқықтық және материалдық кепілдіктерін қалыптастыру жұмыстары ойдағыдай жүзеге асатынына сенім мол.
Аталған жеті бағыттың бірі «Е-СОТ» жобасының негізінде сот саласында дыбыс-бейнетіркеу жүйесін қолданып, жеке және заңды тұлғалардың уақыты мен қаражатын үнемдеуге, қағаз айналымын барынша азайту мақсат етіліп отыр. Тараптардың сотқа келмей-ақ сот мәжілістеріне қатысу мүмкіндігі артуда. Адамдар үйінде, жұмысында немесе шетелде жүріп те сот мәжілістеріне гаджет арқылы қатысуы үшін жағдай жасау қарастырылған. Қазіргі таңда Қазақстандағы барлық соттар 100 пайыз деңгейде ғаламторға қосылған. Судьялар электронды үлгіде қылмыстық, азаматтық сот төрелігі бойынша жұмыс істеуде. Ақмола облысы соттарымен 2018 жылдың 11 айында
80 электронды қылмыстық және 2 электронды азаматтық істер қаралған.
Сот қызметін электрондық жүйеге көшіру бағытында облыстық сот бірнеше қанатқақты жобаларды қолға алуда. Енді соларға қысқаша тоқтала кетейік.
«Түнгі сот» пилоттық жобасы. Ақмола облысының мамандандырылған әкімшілік сотында 2018 жылдың 27 шілдесінде «Түнгі сот» пилоттық жобасы Ақмола облыстық сотымен Ақмола облысы бойынша жергілікті полиция қызметі арасында меморандумға қол қою арқылы іске қосылды. Келісім көлік және көліктік құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарастырудың жылдамдығына бағытталған. Бұл тараптар сендіргендей, жол апатынан зардап шеккендерге мүмкіндігінше қысқа мерзімде (құқық бұзушылық жасаған сәттен бастап 24 сағат ішінде) соттың шешімін алуға мүмкіндік береді. Яғни, егер кінәлі адам кінәсін толық мойындаса және жазатайым жағдайдың мән-жайына дау тудырмаса қолданылады. Ал бұрынғы кезде, жол көлік оқиғасы болса, жол сақшысы хаттама толтырып, сот медициналық сараптамаға жолдайтын ол сараптама 15 күннен 30 күнге дейін созылатын, сотқа істі хаттама толтырғаннан кейін бір жарым айдың ішінде әкелетін, сотта іс тағайындалып, ол бір айдың ішінде қаралатын.
Осы жоба шеңберінде ағымдағы жылдың желтоқсан айына дейінгі мерзімде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің 610-бабының 1-бөлігі бойынша көлік құралдарының зақымдануына әкеп соққан жол жүру ережелерін көлік құралдарының жүргізушілерінің бұзуы туралы 78 материал түсіп, барлығы сотпен қаралды.
«Судьяның көмекшісі» жобасы. Қанатқақты жобаның мақсаты соттың жұмысының тиімділігін, сот төрелігі сапасын жақсарту, судьялар мен сот қызметкерлерінің жұмысын оңтайландыру, судьяларды техникалық және әкімшілік жұмыстан босату, сонымен қатар судьяның көмекшісі институтының артықшылығы мен кемшілігін анықтау болып табылады. Жобаның аясында Ақмола облыстық сотымен арнайы қағида бекітілді. Жобаға Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты және Көкшетау қаласының соты таңдап алынды. Жобаны іске асыру үшін Көкшетау қалалық соты төрағасының өкімімен азаматтық істерді қарайтын 12 судьяға мамандандыру белгілеп, 5 санатқа бөлінді. Пилоттық жоба басталғаннан бері Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты мен Көкшетау қаласының соты судьялармен 1700-ден астам іс қаралды.
«Виртуалды сот» жобасы. Соттар әкімшісі аудандық және оларға теңестірілген соттармен бірлесіп, «Виртуалды сот» жобасын іске асыру мақсатында сотқа жиі келетін және істер қаралатын елді мекендердің азаматтарының тізімін құрды. Осының негізінде жергілікті аудандық әкімдіктермен виртуалды сот отырыстарын жүргізу үшін селолық әкімдіктердегі кабинеттерде бұрыш ашу және жабдықтауға көмек көрсету бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Аталған "Виртуалды Сот" пилоттық жобасын іске асыру мақсатында мобильді бейнеконференбайланыс арқылы сот отырыстары өткізілуде, қазіргі таңда аталған жоба аясында 2 877 іс қаралған.
«Соттағы татуласу іс-шаралары» жобасы. Дауды әлемдік реттеу, татуласу шараларын кеңейтуге бағытталған, азаматтармен жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігі мемлекеттің басым бағыттарының бірі болып табылады. Медиация заңының артықшылықтарының халыққа барынша түсіндірудің арқасында бийылғы жылы облыс соттарында қаралған 32 535 істің 3 095-і татуласу іс-шаралары аясында аяқталды. Ол 9,5 пайызды құрады. Әрбір дауда кемінде 2 тараптарын ескерсек, сотқа бірін бірінің жағасынан алып, төсіне шапқан 6 000-нан астам азаматтардың сот залынан татуласып, төс қағыстырып, қол ұстасып шығуы, облыс соттарының елдің бірлігімен ынтымағына қосқан зор үлесі болып табылады.
«Соттан тыс татуластыру шаралары» жобасы. Ақмола облысы бойынша соттан тыс татуласу бойынша екі татуласу орталығы, 33 медиация кабинеті бар. Бұдан басқа Қазақстан халықтары Ақмола ассамблеясында бір медиация кабинеті жұмыс жасауда. Сонымен қатар, 31 билер кеңесі құрылды. Бұлардың бәрі де ұсақ-түйек дауларды сотқа дейін шешумен айналысады.
«Фронт офис» жобасы. Бұл жоба халыққа қызмет көрсетудің заманауи стандарттарын есепке ала отырып, арнайы техникамен жабдықталған кең залдың болуын, дәлірек айтқанда сот жұмысының ашық әрі қолжетімді жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
«Фронт-офис» жобасы халыққа қызмет көрсетудің заманауи стандарттарын есепке ала отырып, арнайы техникамен жабдықталған кең залдың болуын болжайды. Бұл сот жұмысының ашық әрі қолжетімді жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
2018 жылдың 24 қазанында «Фронт-офис» пилоттық жобасы Степногор қалалық сотының ғимаратында ашылды. Онда медиаторлар, адвокаттар және тараптарды іс материалдарымен таныстыру үшін жеке кабинеттер құрылған.
Көкшетау қалалық сотында «Үлгілі сот» («Образцовый суд») жобасын жүзеге асыру жоспарланған.
«Отбасылық сот» жобасы. Некелік-отбасылық дауларды шешу барысында азаматтар мен кәмелетке толмағандардың құқықтарын тиімді түрде қамтамасыз ету мақсатында, «Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 14-бабының 1-тармағының 8-ші тармақшасына сәйкес, Ақмола облысының Көкшетау қалалық соты мен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты негізінде некелік-отбасылық дауларды реттеуде баламалы тәсілдерді қолдану арқылы шешуге бағытталған «Отбасылық сот» пилоттық жобасы 2018 жылдың 19-қарашасынан бастап жүзеге асырылы бастады. «Отбасылық сот» жобасын жүзеге асыру мақсатында аталған соттарда 4 судья бекітілді.
Қолға алынып отырған жобалардың бәрі сот төрелігі сапасын жақсартып, жеделдігін арттыруға, ең бастысы қолжетімді етуге бағытталған. Жобаларды іске асыру сот жұмысын жаңа сапалық деңгейге көтеріп, қарапайым халықтың сот билігіне деген сенімін арттыра түсетін болады. Бұның бәрі Елбасы белгілеген сот саласын заман талабына сай дамыту міндетін орындауды жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан шаруалар және Тәуелсіз еліміздің сотын жаңа сатыға көтеруге игі ықпалын тигізбек.
Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алған бойда қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялағандығы баршамызға мәлім. Ол жөнінде Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі деп еліміздің ата заңы Конституциямыздың 7-бабының 1-бөлігінде көрсетілген.
Егемендіктің 27-ші жылында, өкінішке орай әлі де, қазақ тілінің бүгінгі хал-күйі, қолданыс аясы кімді болса да қатты толғандыратыны анық.
Бүгінгі күнге дейін қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында көптеген шаруалар атқарылған. Мысалы ретінде: Президенттің 1996 жылдың 4-ші қарашадағы «Қазақстан Республикасының тіл саясатының тұжырымдамасы туралы» Өкімі, 1997 жылдың 11-ші шілдесіндегі «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы, Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы № 550 «Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы туралы», Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлықтарын және тағы басқа шараларды атауға болады.
Міне, осындай шаралар - туған тілімізді өркендетуге жаңа серпін беріп қана қоймай, мемлекеттік тілдің қордаланып қалған мәселелерін қозғап, кең қанат жаюына нақты қадам жасалғанын көрсетеді.
Бүгінгі күні мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытында Ақмола облыстық сотымен нақты жұмыстар атқарылуда. Сот жүйесінде тілді дамыту барысында облыстық соты мемлектеттік, құқық қорғау органдарының басшыларына мемлекеттік тілді қолдану саясатының маңыздылығын және мемлекеттік тіл мәселесін дамыту үшін олар тікелей жауапты екенін ескертіп, мемлекеттік тілде іс жүргізуді және іс қағаздарын мемлекеттік тілге түпкілікті көшіруді әрқашан бақылап, мемлекеттік тілде жазылған құжаттардың сапасына жоғары талаптар қойылуы қажет екендігін көрсетіп, хаттар жолдаған.
Нәтижесінде, 2016 жылы мемлекеттік тілде қаралған істердің үлесі 1,3 % болса, 2017 жылы - 3,3 %, ал 2018 жылдың 11 айында жалпы істердің санынан мемлекеттік тілде 4,1 %-ы қаралған. Статистикалық мәлімет көрсетіп отырғандай, жыл сайын соттарда істерді мемлекеттік тілде қарау үлесі артып келеді. Бірақ та Ақмола облысындағы мемлекеттік мекемелер мемлекеттік тілді тиісті деңгейде қолданбайтындығын көрсетуде. Сондықтан мемлекеттік тілді бүкіл ел болып қолға алып, бірлесе отырып, тіл мәселесін бар ықыласымызбен қабылдап, оны іске асыруға барынша үлесімізді қосуымыз керек.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты 2012 жылдың 14-ші желтоқсанындағы Жолдауында: «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бей-жай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз» - деген еді.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығында: "Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек» деп көрсеткен.
Досжан Әміров,
Ақмола облыстық сотының төрағасы
17:24
993
Нет комментариев. Ваш будет первым!