Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

Қазақ даласында билер сотының құрылуы және олардың атқаратын рөлі

Қазақ даласында билер сотының құрылуы және олардың атқаратын рөлі

Рухани байлық халықтық демократия және халық билігі өзінің тарихи шеңберіне қарамастан өркениет құндылықтары болып табылады әpi бола бермек. Тарих осы құндылықтардың бip кезде Шығыс Депті­қыпшақтардың Ұлы даласы немесе Қазақия деп аталған Орталық Азия кеңістігінде Билер соты қызметінде кемелденген түрінде көpiнic табуына жол ашты.

Ежелден ен даланы еркін мекендеген қазақ халқының өзіндік этно-мәдени, әлеуметтік құқықтық заңдылықтары ғасырлар тезінен тегістелеп кәдеге асырылып, күнделікті отбасы, ошақ-қасындағы жол жоралғылардан бастап, әлеуметтік ортаға қарай ойысатын салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүрлі заңдылықтарға дейінгі дала ережелері қағазға хатталып, соған негізделген болатын. Қазақ даласындағы құқықтық ережелердің қолданылу тарихы тереңде және оның өзіндік қайталанбас ерекшеліктері бар. Онда туындаған әдет-ғұрып нормалары ұлттық сана-сезімнің көрінісі әрі құқықтық мәдениеттің іргетасы. Қазақ хандары әдет ғұрып құқығының нормаларын жүйелі жетілдіріп, қоғам талаптарына сай өзгерістер енгізіп отырды. Әдет ғұрып нормаларын алғашқы жүйелеуші Қасым ханның «Қасқа жолы» болытын. Ол бес бөлімнен тұратын мүлік, жер қатынастары, қылмыспен жаза, әскери міндет және дипломатиялық этикет заңдар жинағы. Осы Қасым Ханның заңдар жинағы Есім ханның тұсында қайта түледі. Сондықтан ескі жолды жалғастырушы ретінде «Есім Ханның ескі жолы» деп аталды.

Тәуке хан тұсында жүйеге түсіп қабылданған әдет заңы ел өмірінде өлшеусіз маңызды қызмет атқарды. Қазақ халқының әдет-ғұрып нормаларының тағы бір артықшылығы, қолданылатын жазалар ізгілендіру принціпінде болды. Сондықтан да болар, қазақ даласында түрме, абақты, бас бостандығынан айыру деген жазалау шаралары болмаған. Оның есесіне Тәуке хан тұсындағы «қанға қан» ұстанымының орнына билердің ықпалымен құн төлеу институты кеңінен қолданылған. Құн төлеу негізінде кісі өлтіргені үшін немесе адамның дене мүшесіне жарақат түсіргені үшін белгілі бір мөлшерде моральдық-материалдық төлем ақы төлеу ұстанымы жатыр.

Қазақ хандығы дәуірінде дауды тура шешкен билерді халық бұқарасы ардақтап «қара қылды қақ жарған» деп мадақтаған. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» - деген қазақ кеңес арқылы мәселені шешуге ықтиярлы болған. Толық мағынасында ең әділ де, таза адамдардың теңдігін шынайы мойындаған билік жүйесі қазақ даласында алғаш билерден басталады. Елбасы Н.Назарбаев «Барлық қазақтардың басын бір ұлтқа біріктірген Майқы би әйгілі қазақ шежіренамасының негізін қалаушы болды, онда мұсылмандыққа дейінгі және мұсылмандықтан кейінгі сенім-нанымдар табиғи бірігіп кетті» - деп атап көрстеткен болатын өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында.

Қазақ даласындағы билер институтының кемелденіп дамуы Қазақ хандығы кезеңімен тұспа-тұс келеді. Келер жаудың алдын алу батырға жүктелсе, болар даудың алдын алу билерге міндеттелген. Олардың ең басты қызметі – елді бірлікке ұйыту, берекеге шақыру, ынтымаққа ыңғайлау, хан мен қараша арасында дәнекер болу. Ханнан қысым көрген қараша билерден әділ билік іздеді. Ханы қатыгез болса да, бидің әділетті болуын халықтың өзі сұрады. Сондықтан да би ханнан гөрі халыққа жақын тұрды.
Ата-бабаларымыз «жол мұраты – жету, дау мұраты – біту» дегенді нақыл етіп ел арасындағы даулы мәселені ушықтырмай түйінді төрт ауыз сөзбен шешуді мақсат еткен. Ол үшін әділ билік жасайтын әйгілі би-шешендер қажет болды. Әсіресе, қазақ үшін «жер дауы мен жесір дауының» бітпес дауасын табу қашанда оңай болмаған.

Билеріміз сөз құдіретін тиімді пайдаланып, шешім шығару кезінде ғасырлар бойы қалыптасқан арнайы заңдарды жетік білген. Ол туралы ұлы Абай өзінің үшінші қара сөзінде: «…Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолын», Әз Тәуке ханның «Күл төбенің басында күнде кеңес» болғандағы «Жеті жарғысын» білмек керек. Және ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына тартымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ. Бұрынғы қазақ жайын білетін жақсы білген адамдар айтыпты: «Би екеу болса, дау төртеу болады» – деп. Оның мәнісі – тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте береді дегенмен айтылған сөз. Өйтіп би көбейткенше, әрбір болыс елден толымды-білімді үш-ақ кісі билікке жыл кесілмей сайланса, олар түссе, жаманшылығы әшкере болғандықтан түссе, әйтпесе түспесе» – деуі көп нәрсені аңғартады.

Сол себепті жарлы да, қараша да от ауызды, орақ тілді, қара қылды қақ жарып, әділ билік айтатын би-шешендерге мүдделі болды және оларды ерекше қастерледі. Би-шешендер билік айтып, кесім кескенде барынша ақ пен қарасын айырып, істің әділдігіне жүгінген. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қанатты сөз содан болар. Билердің кесім, бітімі ашық аспан астында, көпшіліктің көзінше айдан анық жария етіліп отырған. Әділдікті түп қазық етіп алған билік айтудың бұйдасын екінің бірінің қолына ұстата алмаған. Жалпы би атану үшін қазақ халық алдында әлденеше шешендік сайысқа түсіп, өзінің заң жораны білетіндігін, шешендігін танытатын болған».

Қазақ билерінің өзіне тән ерекшелігі мен басқа халықтарда кездеспейтін қасиеті – дау-жанжалдарды мағыналы, шешендік сөздермен шешуі. Мұны қазақ халқына тән феномен деп бағалауымыз қажет. Арнайы том-том болып жазылған кодекстерге, толып жатқан құқықтық-нормативтік актілерге сүйенбей-ақ, өз орнымен қисынды айтылған бір сөзбен дауды тоқтатуды қалыптастырған қазақ ұлты сөз мағынасына, оның шексіз мүмкіндігіне ертеден-ақ назар аударған. «Қап салмағы дәнінде, сөз салмағы мәнінде» деп білетін билер әділдікті шешендікпен ұштастырып, елдің қамын жеген. Алты алаштың да бүтіндігін, татулығы мен басының амандығын тілеп, сол үшін еңбектенді.

Дәстүрлі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік жүйесіндегі демократиялық биліктің маңызды буыны – би халық түсінігінде: сот, төреші; батагөй, шешен; бітістіруші дипломат, елші ретінде ұғынылды. Би, «Жеті Жарғы» бойынша, өзіне бағынышты ру-тайпа шегінде сот және әкімшілік билік (ханмен қатар) жүргізді. Өз қауымының тұрмыс-тіршілігін қадағалап, тәртіп пен тыныштықтың бұзылмауына жауапты болды. Осылайша, билер билеуші хандардың халық арасындағы сенімді тірегіне айналып, сұлтандармен тең құқылы дәрежеде мемлекеттік мәселелерді талқылауға қатысты.

Хандықтағы билер кеңесінің беделі күшті болғаны соншалық, хандар кеңестің келісімі мен қолдауынсыз мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шеше алмаған. Ханның қолында негізінен атқарушы билік шоғырланса, заң шығарушылық қызмет пен сот билігін билер кеңесі атқарған. Бүгінгі тілмен айтқанда шынайы демократияның төменгі құрылымдардан басталуы деген осы. Оның өзі адамдардан теңдік, еркіндік құқықтарын ескеруді талап етуге негізделген.

Қазақ хандығы дәуірінде қалыптасқан заң жүйесі мен дәстүрлі мәдениет өлшемдері қазіргі уақытта тарихи құқықтың ескерткіші болуымен қатар, бүгінгі заңгерлерді, қоғамдық ой өкілдері тағылым алатын тарихи да, ғылыми да маңызы жоғары ақыл-ой қазынасы болып табылады. Қазақ қоғамын саяси басқару мен сот жүйесін модернизациялаудың жемісті болуы – саяси реформалардың бұрынғы қалыптасқан саяси дәстүрлермен, қоғамдық құндылықтармен сабақтасуына тығыз байланысты екендігін ұлы Абай атап көрсеткенді. Сондықтан да осы тарапта еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен тәуелсіз сот жүйесін құру, құқық саласының тиімділігін арттыру бағытында өрелі жұмыстар атқарылды.
Еліміздегі ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуде қазақ халқының толеранттық ұлттық санасы мен саяси мәдениетінің маңызы қаншалықты зор болса, ғасырлар бойы ұлттық санамыз бен саяси мәдениетіміздің қалыптасуы мен дамуына қосқан би-шешендеріміздің үлесі ұлан-ғайыр. Көне дәуірлерден бой көтерген хан билігі мен билер институты ел мен жердің мүддесі үшін қызмет етті.

Ерейментау аудандық

сотының кеңсе меңгерушісі Т.Бертанов

16:19
3062
Нет комментариев. Ваш будет первым!