Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

«Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қазіргі қоғамда қолданудың маңызы орасан

«Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңын  қазіргі қоғамда қолданудың маңызы орасан

Еліміз 2011 жылдың 28 қаңтар күні «Медиация туралы» Заңын бекітіп, дауларды шешудің жаңа баламалы түрін енгізді. Медиация туралы Заң жеке және заңды тұлғалардың қатысуымен азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар бойынша қолданылады.

Жалпы медиация – кез келген даулы мәселені бітімгершілікпен шешу. Бұл қазіргі сот жүйесіне өте қажетті жолдардың бірі. Бұдан сотталушы мен жәбірленушінің, тараптардың және соттың да жұмысы жеңілдейді. Дұрыс қолдана білсе, екі тарап та ерікті түрде бір мәмілеге келеді. Тіпті, Елбасының өзі де халыққа жариялаған 100 нақты қадамында осыған мән берген.

Жалпы, медиация институты қазақ қоғамына жат емес. Ұлтымыздың тарихында билер институты болған. Адамдар арасында туындаған дау-дамайларды билер, шешендер немесе беделі бар жергілікті ақсақалдар әділ шешіп отырған. Билердің негізгі шешетін мәселесі келген шығынды қалпына келтіріліп, дауласушыларды бітімге жеткізу болып табылған.

Жыл сайын сотта қаралатын дау дамайлардың саны артып келеді. Сондықтан, соттардың мойнындағы осыншама жүктемені қысқарту үшін, қоғамда келісім орнату үшін медиация енгізу жөн деп есептелді. Бұл кәдімгі билер билігінің жалғасы. Демек, Қазыбек, Әйтеке, Төле билердің дана саясаты бүгінгі сот жүйесіне үлгі. Ал осы би, шешендер даулы мәселені төрт ауыз сөзбен тындырып отырған. Тындырғанда да хатсыз, ол ауызша жүзеге асып, шешімі бітіп жатқан. Салыстырып қарасақ, ертедегі бір бидің өзі осы күнгі соттың да, прокурордың да, полицияның да, яғни қаншама мекеме, ұйымның да қызметін атқарып келген. Би болып белгіленетін тұлғалар өзінің тапқырлығы мен шешендігін, әділ төрелік айта алатын қасиетін көпшілік алдында көрсете білген. Олар барынша адал, ешкімге бұра тартпайтын, тура сөйлейтін нағыз шешен әрі халықтың көкейіндегісін айтқан әділет жаршысы болған. Сондықтан да халық «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», деп мақалдап кеткен.

2016 жылы қолданысқа еңгізілген Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне  татуласу рәсімдері бөлек тарау ретінде бекітілгенінің өзі медиация заңын қолдануға бет бұрғанын аңғартады. Аталған, кодекстің 174 бабының тәртібі бойынша сот тараптардың татуласуы үшін шаралар қолданады, дауды процестің барлық сатыларында реттеуде оларға жәрдемдесетіні көрсетілген. Іс жүргізу заңының жаңадан еңгізіліп бекітілген өзгерістері бойынша бірінші сатыдағы сотта медиацияны өткізу үшін іс басқа судьяға беріледі. Тараптардың өтінішхаты бойынша медиацияны іс жүргізуінде іс жатқан судья өткізуі мүмкін делінген. Сондықтан, республиканың барлық судьяларына медиация тәртібімен  дауды реттеу бойынша олардың кәсіби-біліктіліктерін арттыру шаралары қолданылып жатыр.  

Медиацияны апелляциялық сатыдағы сотта өткізу үшін іс, әдетте, соттың алқалы құрамындағы судьялардың біріне беріледі. Медиацияны өткізетін судья медиация өткізілетін күнді тағайындайды және тараптарға оның өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарлайды. Медиация сотта «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және осы Кодексте белгіленген ерекшеліктерге сәйкес өткізіледі. Сот тараптардың өтінішхаты бойынша медиация рәсімін белгіленген мерзім шегінде кейінге қалдыруға және егер басқа тұлғалардың қатысуы дауды реттеуге ықпал етсе, оларды медиацияға шақыруға құқылы. Егер дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім сот актісін орындау сатысында жасалса, ол сот актісінің орындалатын орны бойынша бірінші сатыдағы сотқа немесе көрсетілген сот актісін қабылдаған сотқа бекітуге ұсынылады.

Ерейментау аудандық сотының 2017 жылғы 12 айында сот төрелігін жүзеге асыру барысында медиация заңын қолдану көрсеткіші 2016 жылмен салыстырғанда артқан. Мәселен 2017 жылы 986 азаматтық іс қаралып, оның ішінде бұйрық арқылы (434) және жеңілдетілген тәртіппен (52) қаралған істерді қоспағанда 500 азаматтық істің 45 медиация тәртібімен қысқартылған. Әкімшілік істер бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабымен 145 әкімшілік іс қаралып, оның 49 медиация тәртібімен татуласып, қысқартылған. Ал қылмыстық істер бойынша 2017 жылы 43 қылмыстық іс қаралып, аяқталған болса, оның 7 қылмыстық ісі медиация тәртібімен қысқартылған.

Қорыта айтатын болсақ медиация заңын қолданып, оның ұтымды жақтарын пайдалану болашаққа бет алған өркениетті мемлекетке тән құбылыс.

Ерейментау аудандық

соттының төрағасы

М.Ақышев

16:03
1801
Нет комментариев. Ваш будет первым!