Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміровтың Наурыз күніне арнайы құттықтау сөзі
Құрметті оқырмандар, облыс тұрғындары!
Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Береке мен молшылықты, жақсылық пен жаңалықты жетелеп келетін Наурыз мейрамы жан дүниенің тазарып, татулықтың одан әрі нығаюына көп септігін тигізетін күн.
Күллі тіршілік атаулы бір күйден екінші күйге ауысып, арайлы күн шапағын асқан бір аңсар сезіммен, іңкәр көңілмен қарсы алған, ақжарқын халқымыз шын пейілден ізгі тілек тілеген. Шадыман шаттық құшағында бір-бірімен жүздесіп, өткен кезеңде кездескен өкпе-наздарын ұмыту үшін қол алысса, төс қағыстыра құшақтасып, кемшіліктерін кешіріскен. Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген.
Кең байтақ даламызға келген Ұлыстың Ұлы күні бізді жарқын болашаққа сенімділікпен қарауға, жас ұрпақ үшін батыл қадам жасауға шақырады. Биылғы Наурыз мейрамы біздің жерімізге жақсылық пен бейбітшілік әкелсін, халқымыздың рухани бірлігі нығая берсін. Бұл күндері бірімізге-біріміз деген өкпе-реніштерімізді кешіріп, тек қана бақыт сыйлайық.
Көктем мен жаңаруды айшықтайтын күн – Наурыз мейрамы құтты болсын! Наурыз отбасыларыңызға бірлік пен ынтымақ, құт-береке мен мол ырыс әкелсін! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!
Сіздерге шын жүрегімнен шалқыған шаттық пен саркылмас бақыт тілеймін!
Игі тілекпен,
Ақмола облыстық сотының төрағасы
Досжан Әміров