Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

Дауды шешушідің балама жолы

Дауды шешушідің балама жолы

Елімізде даулы мәселені оңтайлы шешудің баламалы тәжірибесі ретінде «Медиация туралы» Заң қабылданғаны баршамызға белгілі. Заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, жеке немесе заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзгеде құқықтық қатынастардан туындайтын онша ауыр емес, орташа қылмыстар туралы сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар медиацияның қолданылу саласы болып табылады.

Медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында медиаторлардың жәрдемдесуімен дауды реттеу рәсімі. Дауды реттеу туралы келісім тараптардың медиация нәтижесінде өздері қол жеткізген жазбаша келісімінен көрініс табады. Ал, медиатор – осы заңның талаптарына сәйкес негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын тәуелсіз жеке тұлға. Абақты, түрме дегенді білмей өскен қазақ даласында даулы істер болмады деп айта алмаймыз. Тек тентегін төзге сала білген ауыл ақсақалдарының арқасында тәртіпсіздік түбірімен жойылып отырған. Бітімге келу арқылы елдің тыныштығын, ынтымағын қалпында ұстаған дала заңының кемеңгерлеріне осындайда бас иесің, мақтан тұтасың.


Ата-бабамыздың билік ету дәстүрі қазіргі заманмен үндес болып, тәжірибеге қайта оралып отыр. Елімізде Медиация туралы заңның қабылдануы – соның айғағы. Жаңа заңның тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, қылмыстық және азаматтық процестерде тараптардың бітімгершілікке келуін кеңірек пайдалану және оны жүйелі насихаттау мақсатында Көкшетау қалалық сотында әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Онда медиацияның қолданылу саласы, мақсаттары жүргізу қағидалары, тараптарға қойылатын талаптар, құқықтары мен міндеттері жөнінде кеңінен түсінік беріледі.


Бітімгершілік – байырғы билеріміздің дау шешудегі тамаша тәсілдерін қайта жандандыруды мақсат етеді. Өйткені ендігі жерде жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, өзге де құқықтық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ ауыр емес қылмыстық істер медиация әдісін қолдану арқылы шешімін табады.

Ел арасындағы дау-дамайды би, шешен немесе ақсақалдар шешіп отырған. Билер жапа шеккен жақтың шығынын екінші жаққа төлету арқылы татуласуға мүмкіндік туғызған. Қазіргі уақытта медиаторлардың қатысуымен көп істің тиімді шешіліп келе жатқанын айту қажет. Сот тәртібі бойынша қарастыруға тиіс даулардың саны қысқарды. Бітімгершілік рәсімдер – әділ шешім шығарудың кепілі. Медиациялық қызметтің түрі ақылы және ақысыз болып бөлінеді. Істі сотқа жеткізбей шешу – уақытты үнемдейді және жүйкені жұқарудан сақтайды.


Сондықтан, ағайын арасындағы ренішті даусыз шешудің бұл жолы тиімді. Бұрын ата –бабаларымыз: «Ауыл ағасыз, тон жағасыз болмайды»,-деп ұсақ-түйек өкпе-назы үлкендердің сөзіне құлақ түру арқылы даурықтырмай шешуге тырысқан. Араздасқандар ат-шапан айып төлеп, өзара татуласқан.

Әр ұлттың көшбасшылары ел арасындағы тыныштықты сақтауға өздерінің де атсалысулары керектігін жақсы біледі. Медиациялық қызметті атқаруға этномәдени орталық қызметкерлерінің де қақысы бар. Қоғамдағы тыныштықты сақтау –баршаға ортақ міндет.


Сержан Ақылбайұлы Қожамұратов 

Көкшетау қалалық сотының судьясы

12:24
1077
Нет комментариев. Ваш будет первым!