Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

«Медиация» ұғымы бізге жат емес

«Медиация» ұғымы бізге жат емес

«Медиация» сөзі латын тілінен аударғанда «делдал», екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға мағынасында түсінуге болады.

Жалпы медиация – кез келген даулы мәселені бітімгершілікпен шешу. Бұл қазіргі сот жүйесіне өте қажетті жолдардың бірі. Бұдан соттың да, сотталушы мен соттасушының да жұмысы жеңілдейді. Дұрыс қолдана білсе, екі тарап та ерікті түрде бір мәмілеге келеді. Тіпті, Елбасының өзі де халыққа жариялаған 100 нақты қадамның 26, 33-қадамдарында осыны ашып айтқан.


Бiр сөзбен айтқанда, дауды сотқа жеткiзбей шешудiң жаңа тетiгi десе де болады. Ал, медиатор қарайтын жекелеген дауларға не жатады? Жоба шеңберiнде тұрмыстық кикiлжiңдерден бөлек, қарыз, еңбек шарттарына қатысты дауларды қарау қарастырылып отыр. Оның iшiнде тұрмыстық дауларға көбiрек орын берiлген. Бұл, бiр жағынан уақыт пен қаржыны үнемдесе, екiншiден, келiсiмге келген адамдардың арасында жылы қарым-қатынас сақталады. Сондай-ақ, iстiң сотқа жетпей шешiлуi – соттардың да жүктемесiн азайтуға сеп. Сондықтан Жоғарғы сот осы жобаны қолға алу арқылы даудың санын бiрнеше есе қысқартуды көздеп отыр


Медиацияға жүгінсе, дауласу­шылардың бірінікі – дұрыс, екіншісі бұрыс демей, оның алтын ортасын іздейді, сол арқылы екі жақтың да мүддесін қамтитын шешім табылады. Түптеп айтқанда, медиация әртүрлі қиын жағдайға тап болған адамдар арасында келісімге келудің ізгілікті жолы деуге болады. Халықаралық статистикаға сәйкес, барлық даулардың 40 пайызы медиация рәсімінен өтеді, олардың 85 пайызында оң нәтижелерге қол жеткізілген. Өркениетті дейтін шетелдердің тәжірибесінде дауларды медиатордың қатысуымен реттеу көп жағдайда екі тараптың келісімге келуімен аяқталатынын көрсетеді. Бұл даулаушы тараптардың санын азайтады. Бізге керегі де осы.


Жалпы, «Медиация туралы» заң табиғатымызға етене жақын. Бұрынғы заманда билер соты секілді құқықтық институт болғаны және қоғам өмірін­де ерекше рөл атқарғаны белгілі. Ал медиация осының жаңаланған түрі. Жыл сайын сотқа арызданушылардың саны 1,5 млн адамнан асады. Сондықтан, соттардың мойнындағы осыншама жүктемені қысқарту үшін, қоғамда келісім орнату үшін медиация енгізу жөн деп есептелді. Бұл кәдімгі билер билігінің жалғасы. Демек, Қазыбек, Әйтеке, Төле билердің дана саясаты бүгінгі сот жүйесіне үлгі. Ал осы би, шешендер даулы мәселені төрт-ақ ауыз сөзбен тындырып отырған. Тындырғанда да хатсыз, ол ауызша жүзеге асып, шешімі бітіп жатқан. Салыстырып қарасақ, ертедегі бір бидің өзі осы күнгі соттың да, прокурордың да, полицияның да, яғни қаншама мекеме, ұйымның да қызметін атқарып келген. Би болып белгіленетін тұлғалар өзінің тапқырлығы мен шешендігін, әділ төрелік айта алатын қасиетін көпшілік алдында көрсете білген. Олар барынша адал, ешкімге бұра тартпайтын, тура сөйлейтін нағыз шешен әрі халықтың көкейіндегісін айтқан әділет жаршысы болған. Сондықтан да халық «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», деп мақалдап кеткен.


Ерейментау ауданыдық

соттың кеңсе меңгерушісі Т.Бертанов

16:09
1068
Нет комментариев. Ваш будет первым!