Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

Алаштың арысы

Алаштың арысы

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады» деп айтқан.

Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі.

Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ.

Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті.

«Туған жер» бағдарламасы, біріншіден, білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді.

Осы көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында, ҚР Жоғарғы Соты билердің, ақын-жыраулар мен Алаш зиялыларының өмірі мен қызметтерін зерттеу, Республикадағы әкімшілік-географиялық объектілерге олардың есімдерін беруге қатысты бастама көтерді.

Осыған орай, Қазақ елінің қоғам қайраткері, ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі туралы бірер сөз айтқым келеді.

Ахмет Байтұрсынов 1872 жылы 5 қыркүйекте Қостанай округі, Торғай уезі, Тосын болысының 5-ауылына қарасты Сартүбек елді мекенінде дүниеге келген. 1886 жылы Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне түсіп, оны 1891 жылы бітіреді. Сол жылы Орынбор мұғалімдер мектебіне оқуға қабылданып, 1895 жылы ОММ-нің Педагогикалық кеңесінің шешімімен «бастауыш училищенің оқытушысы» деген атақ беріледі. 1896-1901 ж.ж. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық мектепте, екі сыныптық училищеде оқытушылық қызмет атқарады. 1902-1904 ж.ж. Омбыда Торғай облысы Халықтық училище директорының іс жүргізуші лауазымын атқара жүріп, бұратана ұлтының санасын ояту мақсатында И.Крыловтың мысалдарын аударады. 1905 жылы қазақ оқығандарымен бірге Қоянды жәрмеңкесінде бас қосып, тарихта белгілі Қарқаралы құзырхатын (петициясын) жазады. 1905-1908 ж.ж. Қарқаралыдағы орыс-қазақ училищесінің оқытушысы әрі меңгерушісі болып, екі міндетті қатар атқарады. 1908 жылы саяси көзқарасы үшін Қарқаралы абақтысына қамалады. 1910 жылы 9-наурызда Орынборға жер аударылады. 1911 жылы «Маса» өлеңдер жинағы жарияланып, «Қырық мысал» кітабы екінші рет басылым көреді. Осы жылы «Айқап» журналында «Қазақ һәм түрлі мәселелер», «Қазақтың өкпесі», «Қазақ жерін алу турасындағы низамдар, бұйрықтар», «Закон жобасының баяндамасы», «Тағы да народный сот хақында», «Жер жайынан», «Жазу тәртібі», «Кітаптар жайынан», «Бастауыш мектеп» т.б. өзекті мақалалары жарияланады. 1912 жылы Қазақ әліпбиін (төте) түрлеп, қолданысқа ұсынады. Осы жылы «Оқу құралы» қазақша әліппесінің бірінші кітабы шығады. «Айқап» журналында «Қазақ жерін алу турасындағы низам», «Шәйзіман мырзаға», «Қазақ һәм төртінші Дума» мақалалары жарияланады. «Шора» журналында «Қазақша сөз жазушыларға», «Қазақ» газетінде «Көшпелі һәм отырықшы норма», «Шаруа жайынан», «Жер жалдау жайынан», «Земство», «Білім жарысы», «Оқу жайы» т.б. келелі мақалалары басылады. 1913-1918 ж.ж. қырғыз атанған жұртының атауын қайта жаңғыртып, «Қазақ» газетін шығарды. Газеттің ұйымдастырушысы әрі бас сарапшысы қызметін атқарады.

«Қазақ» газеті либералдық-демократиялық бағыттағы идеяларды білдірді. Тұтас алғанда қазақ өлкесінің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінің дамуымен таныстыра білген «Қазақ» газеті «Алаш» партиясының дауысына айналды. Осы тұста әлеуметтік ахуалды баяндаған цензура көтермейтін мақалалар жариялағаны үшін әкімшілік А.Байтұрсыновқа бірнеше мәрте (1914-1915) айыппұл төлетеді, кейіннен абақтыға қамайды.

1917 жылы патшаның тақтан құлауын Ахмет Байтұрсынов зор қуанышпен қарсы алып, Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен қазаққа бостандық, теңдік әперу үшін саяси күрес майданына араласты. 1917 жылы Ақпан революциясының жеңісінен кейінгі елдегі революциялық процестердің қарқынды дамуы барысында Әлихан Бөкейхановтың төңірегіне топтасқан либерал-демократиялық көзқарастағы қазақ интеллигенциясының өкілдері ұлттық партия құру жоспары бойынша өз жоспарларын жүзеге асыруға кірісті. 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында І-ші жалпықазақтың съезде Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов «Тәуелсіз автономия» құру идеясын ұсынды. І-ші жалпықазақтың съездің қортындасында «Алаш» ұлттық саяси партиясы құрылды. Әлихан Бөкейханов қазақ халқының көсемі, партия басшысы болып сайланды.

Бірақ қоғамда аласапыран ахуал қалыптастырған большевиктердің төңкерісі Ахмет Байтұрсынов және оның серіктерінің қазаққа дербес ұлттық автономия алып береміз деген әрекеттерін тұйыққа тіреді. Алаш қозғалысы білімсіз кедей-кемшіктің қалың тобырына арқа сүйеген жүгенсіз коммунистік қозғалысқа қарсы тұруға ол заманда қауқарсыз еді. Осыны түсінген және халқымен бірге болуды ойлаған А.Байтұрсынов 1919 жылдың наурызында Кеңестер өкіметі жағына өтті, алғашқы өлкеде құрылған Революциялық комитет құрамына енгізілді. А.Байтұрсыновтай ірі тарихи тұлғаның беделі уақытша болса да большевиктерге де қажет болды. Ол екі жылдай Республика халық ағарту комиссары қызметінде болып, қазақты ағарту ісіне, осы саланы аяғынан тұрғызуға қыруар еңбек сіңірді. Қазақ халқының қоғамдық ой-санасының дамуындағы барлық саяси қозғалыстар А.Байтұрсыновтың есімімен байланысты.

Ахмет Байтұрсынов және оның серіктері, шын мәнінде кеңестік билікті амалсыз мойындады. Бірақ Ахаң ешқашанда қазақ халқының рөлін көтеру және қазақ елін ұлтық тұрғыдан дербес ету идеясынан бас тартқан емес. Ол 1920 жылы 17 мамырда В.Лениннің атына хат жолдап, «... Ресейде коммунистер көп, бірақ нағыз идеялық коммунистер өте аз, оның үстіне олар шет аймақтарда аз немесе мүлде жоқ», — дей келе қазақ жерінің билігін қазақтан шыққан комунистер қолына беруді талап еткен еді. Осы жылдың 12 шілдесінде Ахмет Байтұрсынов тағы да Т. Рысқұлов, Н.Ходжаев, З.Валидов, Ә.Ермеков, Х.Юмагулов тәрізді түркі халықтарының көрнекті тұлғаларымен бірге В.Ленинге хат жолдап, оның бұрынғы отарлаушы ел пролетариаты яғни орыс жұмысшы табы шеткері аймақтардағы отар елдер еңбекшілерін азат етеді деген қағидамен және панисламизмге қарсы күреске шақырған ұранымен өздерінің келіспейтінін ашық мәлімдеді.

1931 жылы РСФСР қылмыстық істер кодексінің 58-бабының ең ауыр тармағы бойынша ату жазасына кесіледі, бірақ үкім қайта қаралып, 10 жылға бас бостандығынан айырылып, екінші рет жер аударылады. 1931-1933 ж.ж. Беломор-Каналда айдауда болады. Жыл соңында Ресейдің Кривошеин ауданына қарасты Жуково елді мекеніне тұрақтауға рұқсат алып, осында әйелімен жылға жуық тұрады. 1934 жылы «Қызыл крест» қоғамының араласуымен түрмеден босатылып, Алматыға келеді. 1934 жылы 16-желтоқсанда Орталық мұражайға кеңесшілік жүмысқа тұрады, мұнда 1936 жылдың 21-кыркүйегіне дейін істейді. Өкінішке орай, И.Сталиннің 1925 жылғы 29 мамырдағы «Ақ жол» газеті туралы хаты Ахмет Байтұрсыновты және оның серіктерін «ұлтшылдар» және «шоқаевшылдар» ретінде қуғындауға теориялық негіз қалады. Қазақстандағы қуғын-сүргінді жергілікті басшы Ф.Голощекин жандандыра түсті. Ақырында алғаш Архангельскіде, соңынан Томскіде 1929-1934 жылдары айдауды болған Ахмет Байтұрсынов, көп кешікпей, 1937 жылы қуғын-сүргіннің жаңа толқынына ілігіп жазықсыз атылып кетті.

Көкшетау қалалық сотының

төрағасы Р.Б. Шақуанов

10:33
1492
Нет комментариев. Ваш будет первым!