БАПАН ЖӘНЕ САҚҚҰЛАҚ БИЛЕР ТУРАЛЫ
Елбасымыз Назарбаевтың биылғы жылғы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласынан соң, Қазақстанның әр өңіріндегі тарихи және қасиетті жерлер қайтадан нақтыланып, қайсыбір тарихи оқиғалар мен тұлғаларға қатысты деректер қайтадан жаңғыртылып жатыр. Жалпы біздер тарихи тұлғалар деп өзімізге дейінгі замандарда жасап өткен батырлар мен қоғам қайраткерлерін, ақындар мен жырауларды, билер мен шешендерді, ел басқарған көсемдерді айтамыз.
Арқа даласындағы шешендік-билік туралы сөз қозғағанда, ауызымызға ең алдымен Ерейментау жерінің тумалары, әкелі-балалы Бапан және Саққұлақ билер түседі. Екеуі де атақты Қанжығалы Бөгенбай батырдың ұрпақтары. Бапан би Тұраналыұлы Бөгенбайдың бел немересі болса, осы Бапаннан Саққұлақ би туады. Яғни, Саққұлақ Бөгенбайдың шөбересі деген сөз.
Бұл екеуі де ел ішіндегі билікке ерте араласып, өздерінің қара қылды қақ жаратын әділдігімен, сұңғылалығымен танылған адамдар. Шежірелік деректерде Бапан би 1755 жылдары туып, 1849 жылы қайтыс болған делінеді.
Бапан би жайлы ел аузында сақталып, бүгінге жеткен әңгімелер жетерлік. Солардан бір мысал келтірелік.
Қыпшақ Байсерке абыздан Ақкөлдегі Исабек ишан:
–Ұзақ жасыңызда талайлармен дәмдес болдыңыз ғой, ерекше әділдігі бөлек қай биді атар едіңіз? – дегенде, Байсерке абыз:
«Шығарайын кесектеп,
Ішімдегі қапамды.
Салмақтадым тұсымда,
Әр таптан шыққан адамды.
Әділ екшеп айырған,
Жақсы менен жаманды.
Қай жағыма тартайын,
Қанжығалы Бапанды?!» – деген екен.
Атақты Байсерке абыздың осы сөздерінен Бапан бидің қандай адам болғаны білуге болатын секілді. Бапан би айтты деген, бүгінгі күнге жеткен шешендік сөздер де жетерлік. Бірақ баяндаманың көлемі көтермейтін болғасын, оның бәрін келтіруді жөн көрмедік.
Осы Бапан биден туған Саққұлақ би өз заманында «Арғынның ақсақалы», «Орта жүздің боз арғымағы» атанған кісі. Саққұлақ Бапанұлы 1800 жылы дүниеге келіп, 1888 өмірден өткен. Бүгінгі заманға жеткен әңгімелерден Саққұлақ бидің аса зейінді, қызыл тілге аса алғыр адам болғанын байқаймыз. Атақты Кемпірбай ақынның:
«Асалаумағаләйкөм, боз арғымақ,
Қол бастап, атаң жауға тартқан садақ.
Бөгенбай, Тұраналы, әкең Бапан,
Ежелден ел қорғаған кәрі аруақ!» – деген өлеңінен сонау Бөгенбай батырдан басталған тектілік, ақылмандықтың үзілместен Саққұлақ биге дейін жеткенін аңғарамыз.
Бұл кісінің: «Аспан толы жұлдыздан – жарқырап тұрған ай артық, жабыдан шыққан жүйріктен – қазанат туған тай артық, түйе сойған жиыннан – тоқты сойған той артық, ықылассыз берген етіңнен – жайдары ішкен шай артық» – деген секілді жаухардай нақыл сөздері жоғалмастан сақталып, бүгінге жеткен. Саққұлақ бидің:
«Басшың – ақыл,
Жолдасың – ой
Жолаушың – еңбек
Қорғаның – кәсіп
Қорғаушың – сабыр
Қолдаушың – мінез
Қымбатың – ар
Таусылмайтының – арман
Таразың – жүрек
Қызығың – өмір болсын» – деген нақыл сөздері бүгінгі күнде де өзінің мәнін жоғалтпаған
Бірде Саққұлақ биді Шоқанның әкесі Шыңғыс төре қонаққа шақырады. Дастархан басында жас Шоқан Сақаңа:
–Ақсақал, рұхсат болса, сізге бірнеше сауалым бар еді, – депті.
–Қоя ғой, айналайын сауалыңды, – дейді би.
Сонда Шоқан:
–Ақсақал, біреу жолдан адасса кімнен сұрайды? – депті.
Саққұлақ: Көнеден сұрайды.
Шоқан: Көне адасса кімнен сұрайды?
Саққұлақ: Көне адасса, көргендіден сұрайды.
Шоқан: Көргенді адасса кімнен сұрайды?
Саққұлақ: Көргенді адасса, көптен сұрайды.
Шоқан: Көп адасса кімнен сұрайды?
Саққұлақ: Көп адасса, көп оқығаннан сұрайды.
Шоқан: Көп оқыған адасса кімнен сұрайды?
Сонда Саққұлақ: Көп оқыған адам ашық тұрған кітап емес пе, ол неге адассын, – деген екен.
Осы кездесуде Шоқан Саққұлақ биден қазақ даласындағы билер соты туралы көп мәліметтер алады. Кейнірек сол мәліметтерді 1864 жылы ақпан айында жазып бітірген аса құнды «Сот реформасы туралы жазбалар» атты еңбегінде тамаша тәсілмен қолданып, оған ғылыми тұрғыдан талдау жасайды.
Шоқанның білі мен мінезіне қатты риза болған Саққұлақ би оған аттанарда былай деп бата беріпті:
«Біліп тұрған бала екенсің,
Туысыңда дана екенсің.
Ақыл-айла дарыған,
Атаң Абылайдай дана екенсің.
Өсе берсін бақытың,
Үстінде ағар тақыттың!».
2007 жылы Ерейментаудағы аудандық сот ғимаратының алдында Бапан мен Саққұлақ билердің ескерткіш бюстері орнатылды. Сол кезде ерейментаулық ақын Сайлау Байбосын екі бабаға арнап мынадай өлең жолдарын жазып еді:
«...Қоғам құлап бұл күнде намыс құндар,
Сағындырып жүруші ед алыс күн бар.
Қиырынан ғасырдың сен екеуің,
Қайта келіп жұртыңмен табыстыңдар.
Дала бесік – тербеген саналы ұлды,
Дара қылды, басқадан дана қылды.
Серт үстінде семсер ғып қызыл тілді,
Сен екеуің қақ жарған қара қылды!
Желбіріте көтеріп байрығыңды ар,
Жұртты ойлаған сендердей қайда, кім бар?!
Арыстанның аузына апарса да,
Ақиқаттың жолынан таймадыңдар!
Қасіретін төккенде түнек түндер,
Қиындықтан халықпен бір өттіңдер.
Қазақ деген осынау қаймана елдің,
Қара сөзін төбеге ту еттіңдер!
Ертең үшін салам деп түрен ізге,
Ел боп еңсе көтердік міне, біз де.
Ата Заңның жобасын арғы күнде,
Сендер жасап кеткенін білеміз бе?!
Ашпағасын еліңнің жел етегін,
Келді оралып кешегі береке күн.
Ерейментау еліне ақыл-ес боп,
Тұрыңдаршы ортада сен екеуің!».
Сәуле Қияшева,
Ақмола облыстық сотының судьясы