Төрағалық міндет төрде отырумен шектелмейді
Ақмола облысының бірқатар аудандық және оған теңестірілген соттарда жұмыс жағдайын тексеру мақсатымен іссапарда болу кезінде соттардың жұмысында анықталған кемшіліктердің басым көпшілігі төрағалардың сот жұмысын тиісті дәрежеде ұйымдастырмауынан орын алғанын көрсетті.
«Ұйымдастыра білген ұтады», - демекші әрбір төраға өз ұжымында жұмысты ұршықша үйіргенде ғана сот беделі өсіп, іс ілгері баспақ.
Негізі бүгінгі күні сот ісінде ілгерілеу бар.
Халық өз конституциялық құқығын тек заң арқылы қорғай алатынына көзі жетіп сотқа бұрынғыға қарағанда көбірек жүгіне бастады. Демек, сотқа деген халық сенімі нығайып келеді. Дегенмен, көпшілік сотқа әлі де үркектеп қарайтынын мойындауымыз керек.
Осы орайда, «неге олай?» деген заңды сұрақ туады. Жауап іздеп көрейік.
Дау-дамайлы істердің қаралып, шешімін шығатын жері негізінен аудандық және оған теңестірілген соттар.
Наразылық пен жоғарыға шағымданудың бастауы да осында. Сот шешіміне екі жақтың да келіспей жататын кездері аз емес. Мұның бірнеше себептері бар. Басты себеп, көпшіліктің заңды білмеуінен, дәлірек айтсақ заң жүзіндегі сауатсыздығынан. Азаматтық, құқықтық қарым-қатынасты заң бойынша реттестіре білмейді.
Әрине судьялар тарапынан кетіп жататын кемшіліктер де кездеспей тұрмайды. Істің қарау мерзімін созып, не атүсті қарап, қабылдаған сот актісінің көшірмесін уақытылы бермей, алдына арыз-шағыммен келген кісіге көңіл бөлмеу, дұрыс қабылдамай, тіпті кейде қабылдамай қою, дөрекі мінез көрсету т.б. толып жатқан судья әдебіне жат қылықтар туындап жататынын ащы да болса ашып айтуымыз керек. Осының бәрі сот қабылдауына келген азаматтардың орынды өкпе-реніштерін тудырады. Аракідік болса да, кездесіп қалатын осы жәйттер «Бір қарын майды бір құмалақ шірітедінің» керін келтіріп, бүкіл сот беделіне нұсқан келтіретіні хақ. Сот беделі жекелеген судьялар беделінен құралмақ. Судьяның әрбір басқан қадамы, іс-әрекеті, тыныс-тіршілігі үнемі көпшіліктің назарында. Сондықтан, әрбір судья өз беделінің төмендемеуін бір сәт те естен шығармауы керек. Судья – халық қызметшісі. Судья болу заң шеңберінде шешім қабылдап, не үкім шығарып қана отыру емес. Ол, қоғамның, әки өзің өмір сүріп отырған ортаның ауыры мен жеңілін, жақсысы мен жаманын жанымен сезініп, жүрегіңнен өткізу. Азаматтық үн қату, үлес қосу. Сонда ғана судья халыққа жақындай түспек. Сонда ғана, халық сенімі арта бермек.
Абырой – бедел, адал атқарған жұмыспен келеді. Адалдықтың негізі-әділдікте әки адал шешімде.
Сотқа ешкім де жетіскеннен келмейді. Зәбір шегіп қажыған, сан соғып алданған, қысым көріп торыққан, ары тапталып, намысы қорлағандар араша іздеп келеді. Үмітпен, сеніммен келеді. Кейде сол үміті ақталмай, сенімнің быт-шыты шығып, одан әрі мүжілген жан қайда бармақ? Әрине, сол соттың төрағасына шағынады.
Төраға түсіністікпен қарап, істің ақ-қарасын анықтап, дау-дамайды реттеп тыңдырып жатса құба-құп. Олай болмаған жағдайда айқай-шу одан әрі өршіп, жоғарыға енді төрағаның үстінен шағымдану басталады. Сонда бұл кім үшін абырой? Мәселені ушықтырмай дер кезінде, жедел түрде шешіп отырса, артық айқай-шу болмайды ғой. Төрағалықты төрде отыру ғана деп ұғатын төрағалардың да кездесетінін жасыра алмаймыз. Өзі басқарып отырған сот беделі төрағаға тікелей байланысты. Төраға кім? Өз ұжымының тыныс – тіршілігінің ұйытқысы, ұйымдастырушысы. Төраға дәл басып асқынған дерттің дауасын табар тамыршыдай болу керек, оның назарынан ештеңе тыс қалмауы тиіс. Ол соттағы әрбір іс үшін мазасыз күй кешу керек. Өйткені, әрбір істің сыртында бір немесе бірнеше тағдырлар жатыр, Сондықтан, әрбір істің уақытылы қаралып дұрыс шешімін тауып, қабылданған сот шешімі көшірмелері дер кезінде тиісті тұлғалардың қолдарына тиіп жатуын жіті қадағалап отыруы керек. Ол үшін әрбір аудандық, қалалық сотта күнделікті, апталық, айлық, есеп жүріп отыру керек те, ол есеп әр апта аяғында, ай соңында шұғыл мәжілісте қаралып, кеткен кемшілік пен олқылықтар түзетіліп, азаматтардың облыстық сот жанындағы әдеп комиссиясына арыздануына жол бермеу керек.
Бүгінгі күні облысымызда судьялардың тәртіптік жауапкершілікке тартылу саны кемімей, сот қызметкерлерінің атына түскен шағымның саны көбейсе ол да бізді алаңдатпай қоймайды. Әсіресе жоғарыда айтылғандай шығарылған шешімдердің дер кезінде дайындалмауы, соның салдарынан тараптарға оның көшірмелерінің заңда көрсетілген мерзімдерге табыс етілмеуі де кездесуде.
Ал мұндай келеңсіздіктер сот төрағаларының қырсыздығынан өз міндетіне деген жауапкершілікті сезінбеуінен демеске лаж жоқ.
Егер әрбір қалалық және аудандық сот төрағалары, осы кемшіліктерге сергек қарап, дер кезінде реттеп отырса, жоғарыға шағымдану азайып, тіпті болмауы да мүмкін ғой.
Сондай-ақ, шұғыл мәжілісте әрбір қаралған істің нәтижесі талқыланып, әсіресе өндірісте айлап жатып қалған істерге көбірек көңіл бөлу керек. Бұзылған не өзгертілген шешімдер судьлар арасында тұрақты түрде талқыланып отыруы қажет.
Мерзімімен кеңсеге өткізілмеген, өндіріске өз уақытысында қабылданбаған істер, заңда белгіленген мерзімдер ішінде тиісті тұлғаларға жіберілмеген сот актілері көшірмелері, уақытылы шығарылмаған қаулы т.б. шұғыл мәжілісте апта сайын талқыланып отыру керек. Сондай-ақ, төраға іс қарау мерзімінің өтіп кетпеуін күнделікті қадағалап отырумен бірге апталық шұғыл мәжілістегі талқылауда анықталған кемшіліктерді барлық уақытта қатаң бақылауда ұстауы керек.
Төрағаның жұмыс тетігін жетік білуі, қай іске де сезімталдықпен сергек қарауы оң нәтижесін берері анық.
Кез-келген қатардағы судьяның да, төрағаның да заңды жетік білуі басты шарт. Бірақ білім бар да біліктілік бар.
Біліктілік пен көрегенділік, ар-иман тазалығы, ұят пен намыс, қарапайымдылық пен кішіпейіл мінез төраға беделін арттыра түспесе нұқсан келтірмейді.
Билік тізгінін ұстаған, лауазымды қызметте жүрген бауырларға сілкініс қажет. Сана сілкінісі.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжытпай екі ережені түсініп, байыбына барғанды қалаймын.
Біріншісі - ұлттық код ұлттық мәдениет сақталмаса ешқандай жаңғыру болмайды.
Екіншісі - алға басу үшін Ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деген сөзін әрқашан жадымызда ұстауға тиіспіз.
Қоғамға қызмет ету бар да, ұлт болашағына қызмет ету бар. Бұл екеуі ажырағысыз ұғымдар. Білгір маман, іскер басшы болумен қатар ұлтжанды Азамат болу парыз.
Билік айту оңай болғанымен, біліп айтудың қиын екендігін ескерген тұрғындар дауды шешу үшін қазіргі заманның билері – судьяларға жүгінуде. Ұлтымыздың көрнекті ақыны, ағартушы-ғалым Ыбырай Алтынсарин ХІХ ғасырда технологиясы дамыған елдерді халқымызға үлгі тұтып:
Өнер-білім бар жұрттар,
Тастан сарай салғызды,
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып-жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды, - деп жырлаған екен.
Жедел ақпарат алмасудың озық технологиясы дамыған ХХІ ғасырда сотқа жүгінудің инновациялық тәсілдері іске қосылды. Республика соттарында ақпараттық технологияларды белсенді түрде қолданудың нәтижесінде бұқараның басым бөлігі қағазбастылық пен соттардағы ұзын-сонар кезектен арылып, үйлерінен шықпай-ақ сот төрелігіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін заманауи жобалардың игілігін көріп отыр.
Ең алдымен, бұл игі бастаманы Мемлекет басшысы судьялардың VI-съезінде көтерген болатын. Сол алқалы жиында Елбасы: «Сот төрелігіне азаматтардың қалың тобының қол жеткізуін қамтамасыз ету маңызды. Соттың іс қарау хаттамасын толық және сапалы қамтамасыз ететін тетік ретінде сот процесінің электронды тіркелімін жаппай енгізген жөн. Бірінші сатыдағы барлық соттарды бейнеконференция байланысымен қамтамасыз ету қажет. Бұл сот төрелігін қашықтан жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Сотқа жүгінген адамдар өздерінің құқығын қорғауда аумақтық тұрғыдағы және ұйымдастырылған кедергілерге тап болуға тиіс емес», - деген болатын. Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында елімізде жүйелі жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде еліміздің барлық соттарында арызды беру және тіркеу сатысынан бастап, заңды күшіне енген сот актісін орындауға жібергенге дейін сот ісін жүргізу процесі түгелдей дерлік электронды форматқа көшірілді.
Сол себепті әрбір төраға осы қазіргі замаңғы технологияларды меңгерген, кәсіби деңгейі жоғары, өмірлік тәжірибесі мол, көзі ашық, көкірегі ояу болуы шарт. Өйткені төраға өзгелерден оқ бойы озық тұрса оның әрбір сөзі өнеге, әрбір ісі үлгі болмақ. Ұжым мүшелері басшысына қарап бойын тіктеп, ойын түзеп жатса ол тек қана жақсылық. Жөн мен жолды, әдет-ғұрып мен салт-дәстүрді жетік меңгерген, жан-жақты сауатты азамат айналасына нұр шашпақ, ізгілік әкелмек.
Басшы назарынан ұжымдағы үлкен-кішінің қай-қайсысының да жұмысқа деген ынтасына қоса, қабағындағы кірбің көңілінің хошы тыс қалмау керек. Тіпті әрбір отбасының тыныс тіршілігінен де хабардар болып отырса да артық емес, қол ұшын созып және оны дер кезінде жасап отыру жаныңды жадыратар жақсы нәрсе, жалпы адамдар бір-біріне аз да болса жан жылуын бөліскеннен артық жақсылық жоқ.
Азаматтық, құқықтың бұзылмауының негізі адами қарым-қатынастың орнықтылығында.
Ұжым мүшелерінің бір-біріне деген ерекше сый-құрметіне, ниеттестігі мен сенімін үйлестіре білген төрағаның жұмысында жақсы нәтиже болары хақ. Ауызбірлік пен ынтымақ берекенің бастауы. «Береке қайда барасың, ынтымаққа барамын» деген емес пе? Бұл әрбір төраға үшін басты қағида болса қанеки.
Осы бағытта Елбасы рухани жаңғыруды жүзеге асыруда әлемде ешкімге ұқсамайтын дербес ұлт болуымыз үшін «Жаһандағы заманауи Қазақстандық мәдениет» жобасын іске асырудың межелі міндетін қойып отыр. Мәдениетті жасайтын халық болғандықтан, осы идеяның аясында замандастарымыздың жетістіктерін көрсетуге бағытталған «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы қолға алынды. Осы ретте тәуелсіздіктің іргетасын қалауға сүбелі үлес қосқан тұғыры биік тұлғаларымызды елге танытатын жаңа бастама болмақ. Елбасы жаңа тұрпатты Қазақстанның қалануына дарын-қабілеті ерек, ақыл-парасаты зерек жандарды қоғамға етене таныту, оларға ақпараттық қолдау білдіріп, жаңа мультимедиалық алаң қалыптастыруда «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау маңыздылығын айқындап берген болатын. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері жетерлік. «Еңбек бәрін жеңбек» деп аянбай ел игілігі үшін қызмет жасап жатқан жандардың есімі мемлекеттің айшықты айнасына айналмақ. Осы орайда отандық сот жүйесінің қалыптасуына ықпал еткен ардагер судьялар мен сот мамандарының еңбегі еленуі керек. Адалдықтың тура жолына беттеген, парасатымен көрінген жандардың бұл жобаның аясында ел есінде есімдері сақталып қалатыны мәлім.
Кәсіби деңгейі жоғары, ұйымдастырушылық таланты бар әрбір іскер басшы өзін үздіксіз жетілдіріп отыруы қажет. Кәсіби шеберлігін шыңдаумен бірге халқымыздың өткенін екшеп, бүгінін саралап, болашағына көз жүгіртіп отыру, өз алдына, оған қоса әдебиет пен өнердің де інжу-маржанынан сусындап, рухани азық қорын молайтып, еселеп отыру да естен шықпау керек деп білемін.
Ұлттық менталитетімізге жарасқан, ақжарқын мінез, қазақы қалжың, ұтымды ой мен астарлы сөз секілді ерекшіліктерімізді асқақтатар жақсы қасиеттер тасада қалмау керек.
Қазақтың мақал-мәтелдері мен нақыл сөздерінің өзі тағылымы мол тамаша мектеп үлгісі.
Демек бізге үлгі аларлық негіз бар ғой, ендеше неге үрдіске енгізбейміз?
Айтып отырғаным кесек мінез бен кесікті сөз. Әділ де тура кесілген шешім.
Осы билердің салған сара жолымен Елбасымыз «Медиация туралы» Заңды қабылдап, оны қолданысқа енгізген болатын. Бұл заңды қабылдаудың басты мақсаты біріншіден, дауды шешудің медиацияға қатысушы екі тарапты да қанағаттандырарлық жолына қол жеткізу, екіншіден, тараптар арасындағы даулы жағдайлардың деңгейін төмендету негізге алынған.
Елбасы Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының VI съезіндегі сөйлеген сөзінде, еліміздің сот жүйесіне, сот істерін жүргізуді жетілдіру және баламалы әдістерді, атап айтқанда, бітімгершілік рәсімдерін және медиацияны кеңінен енгізуді тапсырған болатын.
Ел болған соң, дау-дамай болып тұрады. Бірақ «Дәлдеп атып жауды жең, дәлелдеп айтып дауды жең» дегендей бітімгершілік жолмен екі жақты да татуластырғанға не жетсін деген болатын дана халқым!
«Өнер алды қызыл тіл» дейді дана халқымыз. Әрбір судья өз мамандығын тек күн көріс кәсібім деп қана ұқпай, оны шығармашылық дәрежеге көтеріп жатса, құба-құп болар еді. Айталық судьяның сот процесін жүргізуі белгілі бір дәрежеде шеберлікті қажет ететін шындық қой. Сергек сезім, дәл сәтінде айтылған сөз бен бұлтартпас сұрақ, әрбір сәтті қалт жібермей қадағалап, іштей ой қорытып отыру... Осының бәрі де бір қарағанда жәй, қалыпты нәрсе болып көрінгенімен, шын мәнінде бұл бүтін бір шығармашылық қой.
Осы орайда, судьяның ойшорқақтығынан түсініксіз жазылған «былдыр-бытпық» шешімді оқығанда, кейбір әріптестерге қарап тұрып қарның ашады. Қынжыласыз. «Іш қазандай қайнайды...».
«Тіл дегеніміз ойдың киімі» депті бір данышпан. Ал, айтқыш қазақ «тіл бас жарады, бас жармаса тас жарады» деп бір-ақ қайырған.
Ой анықтығынан барып, анық сөз шығады. Ойлау мәдениетінен барып сөйлеу мәдиниеті қалыптасады. Әрбір судьяның, әрбір төрағаның ойлау мәдиниеті меңгеруі бүгінгі күннің талабы.
«Біз жаман әрекет жасаудан қорқамыз, өйткені оған заң бар, ал жаман ойлаудан қорықпаймыз, себебі ол ішімізде. Сыртқа шықпаса болды дейміз. Сонда жаман әрекет қайдан шығады, жаман ойдан шығады» - бұл өз замандасымыз қазақтың аса бір интеллектуалды жазушысының бір кейіпкерінің айтқаны. Адамды жақсылыққа жетелейтін қандай да даналық сөзге зер салсаңыз, оның тапқырлықпен айтылған ақыл-ойдың жемісі екеніне шүбә келтіре алмайсыз. Дала философы атанған Асан Қайғының: «Аса мінсіз асыл сөз, ой түбінде жатады...» деуі содан.
Жалпы, бүгін заман озып, жаңғырып қайта түлеп жатқан ізденіске толы ұлы дүбірдің тұсында, біз де өмір көшіне жай ғана ілесіп жүре бермей, жаңаша ойлап, жаңаша жұмыс жасауымыз керек. Асыл мұрат пен биік мақсат жолында ерекше құлшыныс, серпіліс қажет деп білемін.
Мемлекет, үкімет тарапынан соттар ісін жақсартуға жағдай жасалуда, соттардың материалдық- техникалық базалары нығайтылып, олар түгелдей дерлік компьютермен қамтамасыз етілген. Кадр мәселесін іріктеуге, олардың білімін жетілдіруіне көп көңіл бөлінуде.
Бір сөзбен, сотта әділ шешім шығаруды міндетіне алған судьялар мен төрағалар үшін «төрге ақиқат пен шындықты шығаруға» барлық жағдай жасалған. «Әділет қылышы кескен қолдың ауырмайтынын» ежелден айтып кеткен дана халқымыздың сот пен төрелік ету жүйесінде мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан қалыбы бар. Бұрынғы мен бүгінгіні ұштастырып, Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауында сот саласын одан ары күшейту туралы атап көрсеткен бағыттарды басшылыққа ала отырып, әрбір сот билігінің биік абыройы үшін адал қызмет ету керек деп білемін.
Құқықтық мемлекетте сот билігі қоғамдағы әлеуметтік теңдік пен тұрақтылықтың кепілі ретінде бағалануы үшін азаматтық белсенділік танытуды өз боршымыз деп түсінгеніміз жөн.
Ендеше, Төле би айтпақшы, «Әділет бізден, төрелік көптің хақы»... Ақиқат бар жерде жеңіс барын түйсіне білсек, әділ төрелікті халқымыз төріне шығарады, төбесіне көтере біледі.
Досжан Әміров,
Ақмола облыстық сотының төрағасы