Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

​Сот жүйесінде қолданылатын ақпараттық технологиялар

​Сот жүйесінде қолданылатын ақпараттық технологиялар

Сот төрелігін жүзеге асыру, сот ісін жүргізудің ашықтығына қол жеткізу бойынша жұмыстарды оңтайландырудың перспективалық бағыттарының бірі ақпараттық технологияларды кеңінен қолдану болып табылады. Азаматтар мен заңды тұлғалар үшін істі сотта қарауды жеңілдету және қол жетімді ету, сондай-ақ сот ісін жүргізуде инновациялық технологияларды кеңінен қолдану мақсатында қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот тарапынан 2016 жылдың 1-қаңтарынан бастап Төрелік ақпараттық жүйесі енгізіліп, төмендегі іс шаралар жүзеге асырылды. Олар: Қазақстан Республикасы сот жүйесінің жетілдірілген интернет-ресурстары төрелік ақпараттық жүйесі, сот кабинеті сервисі, электронды шақыру қағаз, сот құжаттарымен танысу сервисі, SMS–хабарлама сервисі, талдау форумы, сот органдарымен байланысу CALL-орталығы, сенім телефоны, дыбыс-бейне жазатын құрылғылар, бейнеконференция.

Сот ісін жүргізуді қысқарту үшін сот органдарының онлайн сервистері мен қызметтеріне рұқсат беретін бірыңғай терезе - Сот кабинеті - бұл сот органдарының онлайн сервистері мен қызметтеріне рұқсат алуға арналған бірыңғай терезе. Ол арқылы азаматқа, оның өкілі немесе адвокатқа өзіне қолайлы кез-келген уақытта үйінен, кеңсесінен шықпастан, интернет желісі арқылы арызды, шағым және наразылықты электрондық түрде жолдауға, мемлекеттік бажды онлайн режимде төлеуге, сот құжатын, сондай-ақ істің статусын көруге және сот актісінің көшірмесін басып шығарып алуға, сонымен қатар процессуалдық мерзімдерді қадағалауға мүмкіндік берілген. Бұл ең алдымен адам қолымен жіберілетін қателіктердің алдын алуға және қағаз бастылықтан босатуға септігін тигізеді. Тағы жаңашылдық бірі - талдау форумы электрондық сервисі. Форум, құқықтық қатынасты реттейтін заңнама жайлы ақпарат жоқ болған жағдайда сот тәжірибесін жалпылаудан, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларынан және тағы да басқа сот төрелігін атқару кезінде қажетті ақпараттардан тұрады.

Талдау форумы сот актілерін жүйелеп, оларға мониторинг жасауды қамтамасыз етуге, нақты істер санаттары бойынша сот тәжірибесін талдауға, сот істерін қарау тәжірибесінің бірыңғай тәжірибесін қамтамасыз етуге, тұрақты сот тәжірибесін қалыптастыруға, барлық іс санаттары бойынша сот тәжірибесіне жедел қолжетімділікті қамтамасыз етуге тиімді. Сот органдарымен Қазпошта АҚ ақпараттық жүйелерін біріктіру жүргізілді, сондай-ақ, Республиканың барлық жергілікті соттары мен облыстық және оларға теңестірілген соттардың кеңселері мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі құрамына кіргізілді. Сот жүйесін аудио және аудио-бейне фиксацияның жетілдірілген жүйелерімен жабдықталды, сондай-ақ компьютерлер мен ұйымдастыру техникасымен жабдықтау бойынша жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, қазіргі таңда сот ісін жүргізуді автоматтандыру және оңтайландыру мақсатында Сот кабинеті және Сот құжаттарымен танысу ақпараттық сервистері іске асырылуда. Сот құжаттарымен танысу сервисі сот өндірісінің жеделдігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін электрондық сот құжаттарымен танысуға арналған. Сотқа талап арызбен жүгінген азамат оның тіркелгені туралы талон алады. Одан кейін электрондық хабарлауға келіскен жағдайда оның ұялы телефонына немесе электрондық поштасына оның арызы бойынша сот құжатының шыққаны және онымен сайт арқылы таныса алатындығы жөнінде логин мен құпия сөз көрсетілген SMS-хабарлама жіберіледі. Бұл ретте азаматтар сот құжатын алуға сотқа барып уақытын кетіріп, қаражатын шығындаудың қажеті жоқ.

Сонымен қатар, сот процесіне қатысушыларды жедел хабардар етуден басқа бұл сервис пошталық хабарламаларды жолдаудан бас тартуға мүмкіндік беретінін атап айтқан жөн. Бұл пошталық шығындарға бөлінетін бюджет қаражатын айтарлықтай қысқартады. Азаматтар мен ұйымдарды сот қарауына шақыру туралы SMS-хабарлау және шақыру, сондай-ақ қабылданған сот құжаттары туралы азаматтарға жедел ақпарат беру сервисі де іске қосылған. Сонымен қатар, сот жүйесіне гибридті электрондық пошта енгізілді. Тапсырыс бойынша гибридті жөнелтілімдер технологиясын қолдану кезінде жергілікті соттардан жолдауға арналған ақпарат пошта байланысы бөлімшесіне электрондық түрде жолданады, Қазпошта жағында қағазға басылып, пошталық конвертке буып-түйіліп, соңғы адресатқа жеткізіледі. Бұл ретте жеткізілу немесе жеткізілудің мүмкін еместігі туралы статустар Төрелік ақпараттық жүйесінде көрсетіледі.

Сот жүйесінде заманауи технологияларды, оның ішінде жоғарыда айтылған функцияларды пайдалану сот ісін жүргізуді жеңілдетеді, төрешілдік кедергілерді қысқартады, сот органы қызметкерлерінің азаматтармен байланысын азайтады. Бұл халықтың уақыты мен қаражатын үнемдейді, еліміздің халқы үшін сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігіне жетуге мүмкіндік береді. Сот жүйесі үшін бұл – сот төрелігін іске асыру үрдісін жеңілдету, сот ісін жүргізуді оңтайландыру және автоматтандыру, ақпараттық технологияларды дамыту, бюджет қаражатын үнемдеу.


Р.Бегайдарова

Ақмола облысының кәмелетке толмағандардың

істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық

сотының жетекші маманы

11:52
1229
Нет комментариев. Ваш будет первым!