Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

​Жемқорлықпен күрес жолға қойылған

​Жемқорлықпен күрес жолға қойылған

Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Біз елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасадық. Алайда басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресуге аударылып отыр. Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет»,- деген болатын. Иә, елімізде осы мәселеге қатысты арнайы заңдар қабылданып, ауқымды шаралардың жүзеге асырылып жатқандығын жақсы білеміз. Бірақ сыбайлас жемқорлық дертінен түбегейлі айыға алмай келеміз. Әсіресе, құқық бұзушылықтың мемлекеттік қызметтегілер тарапынан жасалатыны жасырын емес. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты қаралған қылмыстық істер жөнінде айтар болсақ, ауданда 2016 жылдың 12 айында Есіл аудандық сотымен 2 тұлғаға қатысты 1 іс аяқталған.

Елімізде мелекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2016 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енгізілген жаңа заңда қаралған. Бұл заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп қана қоймай, мемлекеттің кеселге қарсы саясатын жүзеге асыруға бағытталған. Сондай-ақ Елбасының Жарлығымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау қағидалары, мемлекеттік қызмет істері министрінің бұйрықтарымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидалары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу қағидалары бекітілгені белгілі. Аталған тетіктер жемқорлықтың алдын алу шараларын тиімді іске асыруға мүмкіндік бергендігін айтып кеткен жөн.

Бүгінде сот және құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында да арнайы заңнамалар қабылданып, қазыларға қойылатын талап күшейтілді. Мәселен, оған судья болуға кандидаттарды дайындау және іріктеу, жоғары судьялық лауазымдарына кадрлық резервті қалыптастыру және олармен жұмыс жасау, судьялардың қызметі мен жауапкершілігін бағалауды жатқызамыз. Кадр саясатында да жаңа әдістемелер қабылданып, біраз өзгерістер орын алды. Бүгінде кез келген тәжірибесі жоқ тұлғаның бірден мемлекеттік қызметте жайлы орынға жайғасуына мүмкіндік берілмейді. Сонымен қатар, соттарда ішкі қауіпсіздікті және соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімі жұмыс жасап, аталған тақырыпта семинар, дөңгелек үстелдер өткізу дағдыға айналған. Мұның барлығы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін жасалып жатқан шаралардың бір бөлігі ғана. Тағы бір айта кететін жайт, сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу мемлекеттік органдардың міндеті деп көпшілік қол сілтемей, ел азаматтары ортақ борыш ретінде қараса нұр үстіне нұр болмақ. Себебі сыбайлас жемқорлықсыз елдің болашағы жарқын болары күмәнсіз.

Ақмола облысы

Есіл аудандық сотының кеңсе меңгерушісі Дархан Үкібаев

10:28
1263
Нет комментариев. Ваш будет первым!