Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

​Судья әдебі туралы

​Судья әдебі туралы

2016 жылдың 21 қараша күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы судьяларының кезектен тыс VII cъезі өтті.

Съезд жұмысына судьялар корпусы, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ заңгерлер қауымдастығының, халықаралық ұйымдардың, БАҚ пен Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Съезде Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мәми Қазақстан Республикасындағы соттар бүгінгі таңда халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін жаңа тұрпаттағы сот жүйесінің қалыптасқанын айта келіп, тәуелсіздік жылдары сот жүйкесінің жеткен бірқатар негізгі нәтижелеріне тоқталды.

Атап айтқанда, соттарды мамандандыру жұмысының жүзеге асқанын, республиканың барлық өңірлерінде мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар (2002 ж.), әкімшілік соттар (2004 ж.), қылмыстық істер жөніндегі соттар (2010 ж.), сондай-ақ кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соттар (2012 ж.) құрылғанын, 2000 жылдан бастап Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғаш болып сот ісін жүргізуге ақпараттық технологиялардың енгізіле бастағанын, соның нәтижесінде әрбір адамның құқықтық негізде өз мүддесін қорғауға деген сенімі нығайғанын, соттың ашықтығын, қол жетімдігін айтты.

Осы VII съезде Судьялық әдеп кодексі жаңа редакцияда қабылданды. Жаңадан қабылданған Судьялық әдеп Кодексі кіріспе бөлімнен және 15 баптан тұрады.

Жаңа редакциядағы Судьялық әдеп кодексі «Қазақстанның сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңын басшылыққа ала отырып дайындалған, оның судьялардың кәсіби қызметі мен тұрмыстағы жүріс-тұрысы үшін моральдық жауапкершілігін арттырудағы маңызы зор.

Кодексте судья берген антына адал, кез-келген жағдайларда әдепсіз-жүріс тұрыстан аулақ болуға, кәсіби қызметін атқарған кезде ешкімнің ықпалына ермей, тек заңға ғана бағынуы тиіс екені туралы ережелер бекітілген, сондай-ақ, беделіне нұқсан келтірмеу мақсатында судьяларға қоғамдық шаралар мен өзге де көпшілік орындарға баруға шектеулер қойылған.

Сонымен қатар, Әдеп Кодексі судьяның қызметтік тәуелділіктегі адамдармен, сот өндірісінде қаралатын істер бойынша іске қатысушы тараптармен қаржылық міндеттемелерді туындататын азаматтық-құқықтық мәмілелер жасаудан аулақ болуды міндеттейді.

Кодексте судья тек өзінің жеке басының ғана емес, сонымен қатар өзінің отбасы мүшелерінің де беделі үшін жауапты екені нақты баппен бекітілген.

Сот билігінің беделін түсіруге әкеп соқтыратын немесе судьяның абыройына нұқсан келтіретін әрекеттер жасаған судья заңға сәйкес тәртіптік жазаға тартылатыны да осы Кодексте көзделген.

Судьялар туралы айтқанда, қазақтың ен даласын жауға да дауға да бермей бүгінгі ұрпаққа жеткізген, ұлтымыздың құқықтық қайнары болған – билер туралы айтпай кете алмаймыз.

Заманында қазақтың данагөй билері халқының амандығын мен тыныштығын, елдің бүтіндігі үшін басын бәйгеге тіккен.

Әйгілі Әйтеке би: «Өмірім өзгенікі, өлім ғана өзімдікі» - деген екен.

Халқымыздың данышпаны Абай: «Би төрттің құлы – адал еңбек, таза ниет, терең ой, әділдік» - деп айтқан.

Кіші жүздің он екі ата Байұлының Байбақты руының биі Бұлан би қартайған шағында батасын Сырымға беріп, билік тұғырына көтерілген жас би тана Малайсары биден бата сұрай барғанда: « Шырағым, үш сөз бар, соны ұмытпай жүрсең, халқың соңыңнан қалмас. Ұмытсаң, артыңа ермес. Ол үш сөз : «ұят, борыш, обал!» - деген екен.

Жалпы айтқанда, жоғарыда айтылған Бұлан бидің үш сөзі әңгімемізге арқау болып отырған Жаңаредакциядағы Судьялық әдеп кодексінің барлық баптарына негіз болған сияқты.

Кембаева Халима,

Ақмола облысы

Қорғалжын аудандық сотының төрағасы

17:25
1394
Нет комментариев. Ваш будет первым!