Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

Көкшетаудың қос оқушысы "Жас ғалым" байқауының жүлдегері атанды

Көкшетаудың қос оқушысы "Жас ғалым" байқауының жүлдегері атанды

Көкшетау қ. физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қос оқушысы «Жас ғалым» ғылыми байқауының жүлдегерлері атанды.

Халықаралық «Жас ғалым» ғылыми байқауы 2015 жылдан бері өткізіліп келеді, осы уақыт аралығында оған еліміз бойынша төрт жүзден астам оқушы қатысты. Биыл мектебіміздің намысын қорғаған Ильяс Умурбеков информатика пәні бойынша ғылыми жобасын қорғап, екінші орынға ие болса, орыс әдебиетінен бағын сынаған Айша Баймағамбетованың жұмысын қазылар алқасы үшінші орынға лайық деп таныған.

Байқау ұйымдастырушылары – WOOSONG Университеті және SolBridge Халықаралық бизнес мектебі (Корея, Теджон қаласы). Байқау осымен екінші жыл қашықтан ұйымдастырылды. Қатысушылардың зерттеу жұмыстарын АҚШ, Ұлыбритания, Сингапур, Ресей және басқа да елдер университеттерінің оқытушы-профессорлық құрамы бағалады.

Ильяс Умурбеков жетекшілері, мектебіміздің мұғалімдері Faizal Bhula және Ғалия Бегежаевамен «Ымдау тілінің визуалды аудармашысы» тақырыбында жоба әзірлеген.

«Біздің зерттеуіміздің мақсаты мәтін мен аудиода ымдау тілінің аудармашысын құру. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін қолданыстағы балама жобалар зерттелді, бірақ олар көп ретте қолжетімді емес болып келеді. Сондықтан, аталмыш жобада сурет негізінде ым-ишараны анықтау үшін нейрондық желі қолданылды. Бұл алгоритмді қолдану есту қабілеті бұзылған адамдардың әлеуметтік бейімделуін арттырада деп болджануда»,-дейді жоба жетекшілері.

Ұстаздарымен айлар бойы тынымсыз еңбектенген Ильяс «Жұмыс нәтижесінде біз ым-ишараны анықтайтын, оны мәтін мен аудиоға аударатын, WhatsApp-қа нақты уақыт режимінде хабарлама жіберетін және компьютерде жұмыс жасау үшін ехе файл жасалатын тест қосымшасын құрастырдық.»,-дейді.

12-сынып оқушысы Айша Баймағамбетова орыс әдібиеті пәні бойынша ғылыми жоба қорғаған. Жұмысының тақырыбы: В.Михайловтың «Ұлы жұт жазбалары» деректі повестіндегі аштық бейнесінің семантикасы».

«Зерттеу мақсаты - ашаршылық бейнесінің нақты тарихи және көркемдік мағынасының арақатынасы тұрғысынан оқиғаны талдау. Жұмыста аштық құрбандарының негізгі бейнелері қарастырылған: қыздар, қарттар мен аналар. Бұл аталмыш шығарма бойынша жасалған екінші ғылыми жоба. Бұған дейінгі жұмысында Айша шығармадағы көркем және деректі принциптердің синтезін зерттеді»,-дейді жоба жетекшісі, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлбағила Шомина.

Оқушыларымыз бен жетекшілерді жетістіктерімен құттықтаймыз! Алар асуларыңыз көп болсын!

Фариза Асылбекова,

Көкшетау қ. Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз-хатшысы

12:02
512
Нет комментариев. Ваш будет первым!