«Серпін» жобасы: 158 студенттің 9-ы ғана жұмысқа орналастырылған
Телеарналардағы және баспасөз беттеріндегі жаңалықтарға көз жүгіртсек, бюджет қаражатының талан-таражға салынуы, бюджет заңнамасының өрескел бұзылуы, есептіліктің дұрыс жүргізілмеуі және т.б. осындай заң бұзушылықтар саны күн санап артуда.
Солардың бірі – «Серпін» жобасының «Еңбек» бағдарламасы. Бағдарлама бойынша Қызылорда, Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарынан, Шымкент қаласынан келіп, оқуға түскен 158 студенттің 9-ы ғана жұмысқа орналастырылған. Демек, студенттерді оқытуға жұмсалған бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалып отыр. Бұл бұл ма, тағы жалған диплом мәселесі... Шағалалы және Жаңесіл агротехникалық колледжінде 2 мұғалім жалған дипломмен жұмыс істегені анықталды. Мұнда да қаржылық есептіліктің бұрмалануы орын алғанын көруге болады.
Білім саласына қатысты тағы бір жайт: Ерейментау қаласындағы агротехникалық колледжінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізуге қаражат бөлінбестен, 2014 жылы 3,5 миллион теңгеге, 2019 жылы 5,3 миллион теңгеге мемлекеттік сараптамамен жобалау-сметалық құжаттама 2 рет жасалған. Тағы да бюджеттік қаражаттың жұмсалуы.
Кез келген мемлекет үшін білімді дамыту аса маңызды. Қазақстан үшін бұл саланы ілгерілету – мемлекет саясатының басты тетіктерінің бірі екенін ұмытпайық.
Мөлдір МАХАББАТ