Нұротандықтар Аршалыдағы мәдениет қызметкерлерінің мәселесін шешті!
«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өткен жылдың желтоқсан айында Көкшетауға келген ресми сапары барысында өткізген қоғамдық қабылдауында Аршалы ауданында мәдениет үйін салу мәселесі көтерілген болатын.
Ескі ғимаратта орналасқан мәдениет қызметкерлері атынан дыбыс режиссері Қасымхан Нұрахмет сөз алып, мәдениет қызметкерлеріне қолдау көрсетуді сұраған еді.
Аршалы аудандық мәдениет үйі 1960-жылдары салынған бұрынғы кинотеатрдың ғимаратында орналасқан. Ғимарат 20 жыл бұрын жөндеуден өтіп, Мәдениет үйінің балансына берілген. Тұрғындар 200 орындық концерт залы бар, алайда 8 мыңнан астам халқы бар аудан орталығы үшін бұл өте тар екендігін айтуда. Елорда іргесінде орналасқан аудандағы халық саны күннен күнге өсуде. Аршалы ауылына қоныс аударушылар да көп. Бала туу саны жағынан да аудан алдыңғы орындарда екендігін ескерсек, әлеуметтік нысандардың қажеттілігі айтпаса да түсінікті.
Мерекелік ірі шаралар үшін қолайсыз ғимаратта әдіскерлер, музыканттар, би, концерттік костюмдерді сақтауға арналған бөлмелер жоқтың қасы. Облыстық, республикалық көлемде өнер көрсетіп, байқауларда бас жүлде иеленіп жүрген өнер майталмандары жағдайларының жасалмай, ескі ғимаратты паналауы көңілге қаяу түсіретіндігін жеткізген Аршалы мәдениет үйінің дыбыс режиссері Қасымхан Нұрахмет партия басшылығынан көмек сұрады. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мән-жайды саралай келе, жергілікті атқару органдарына мәселені оң шешуін қарастырып, жаңа мәдениет үйінің құрылысын өз бақылауына алды.
Бүгінгі күні аудандық мәдениет үйін салу үшін арнайы жер телімі қарастырылып, жобалық-сметалық құжаттарын дайындау үшін аудандық бюджеттен 12,5 миллион теңге шамасында қаражат бөлінген.
Қазіргі уақытта жер учаскесінің мақсатты пайдалану құқығын өзгерту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жер учаскесінің акт негізінде электр желілерін тартуға және архитектуралық-жоспарлау тапсырмасын жасауға техникалық шарттар алуға өтінім жіберіледі. Жобалаушы ұйым топографиялық және геологиялық суреттер жасап, дайындық жұмыстарын бастап кетті.
Көп ұзамай Аршалы ауданының халқы су жаңа мәдениет үйінің игілігін көретін күн де алыс емес.
Жалпы, «Nur Otan» партиясының Ақмола облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын орындаудың Жол картасында алдағы бес жылдықта Аршалы және Атбасар аудандарында 2 мәдениет үйінің құрылысы, облыс бойынша 13 ауылдық мәдениет ошақтары мен 3 мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Айта кетелік, жаңа мәдениет үйлерінде кітапхана, оқу залы, мәжіліс залы және хореографиялық бөлмелер, кең концерт залдары жоспарланған. Өнер адамдарына, мәдениет пен руханияттың дамуы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалмақ.
Сондай ақ, тарихи және көрнекті жерлерше танымдық-өлкетану экспедицияларын өткізу, облыстың қасиетті орындарын абаттандыру бойынша жұмыстар да ұмыт қалмайды.