Ақмола облысындағы 600 мектепке дейінгі мекеменің небәрі 270-і қазақ тілінде білім береді
«Қазақ тілін білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің қазақстандықтарға арнаған үндеуінде тәуелсіздік жылдарында қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны еселеп көбейгенін айтқан болатын. Ал Ақмола облысындағы мектепке дейінгі мекемелер Республика басшысының тізіміне енбей қалғандай. Себебі өңірдегі қазақ тілінде білім беретін балабақшалар мен шағын орталықтар саны көңіл көншітпейді.
Облыстық білім басқармасының ұсынған ақпаратына сәйкес, облыста 600 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жұмыс істейді, онда 35 мыңдай тәрбиеленуші білім алады. Соның ішінде 270 мекеме мемлекеттік тілде, 188 мекеме орыс тілде, ал 142 мекеме аралас тілде білім береді.
Тарқатып айтар болсақ, 250 балабақша мен 350 шағын орталық Ақмола облысының жас өрендерін мектепке даярлап, болашақ Қазақстанның негізін қалауға атсалысуда. Қазақ тілді небәрі 98 балабақша мен 172 шағын орталық облыстың мектепке дейінгі мекемелері санының жартысын да құрамайды.
Тәуелсіз ел болғанымызға 30 жыл, ал қазақ тілді мекемелердің бүгінгі жай-күйі осындай.
Мөлдір ДЕМЕУОВА