Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

Атбасар ауданында қалпына келтірілген тарихи-мәдени мұра ескерткішінің ашылуы өтті

Атбасар ауданында қалпына келтірілген тарихи-мәдени мұра ескерткішінің ашылуы өтті

2020 жылдың 4 қыркүйегінде Атбасар ауданы, Сергеевка ауылдық округінде қалпына келтірілген Киікбай батыр мазарының ашылуы өтті.



Киікбай батыр (1693-1741) екі ғасырдың сындарлы кезеңінде қазақ-жоңғар ұрыстары уақытында өмір сүрген. Батыр, Керей тайпасының Шеруші-Бақат руының жетекшісі, әскер қолбасшысы болып қана қоймай, сөзіне жұрт құлақ асқан шешендік қасиетке де ие болған.

«Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» МКМ тарихи және мәдени ескерткіштерді мемлекеттік қорғауды, оларды есепке алу, қорғау, қалпына келтіру, насихаттау мен пайдалануды қамтамасыз етеді. Сонымен бірге жыл сайын аймақ бойынша мәдени мұра объектілерінің техникалық жай-күйіне мониторинг жүргізіп, әр түрлі деңгейде бұзылған ескерткіштерді анықтайды. Соның нәтижесінде бар кемшіліктерді жою жөніндегі шаралар қабылданады. Сондай-ақ мониторинг барысында 1793 тарихи және мәдени ескерткіш, нысан, оның ішінде республикалық маңызы бар 4 ескерткіш, 976 археология ескерткіші, 34 монументтік өнер, 21 қала құрылысы мен сәулет құрылысының ескерткіші айқындалды.

Кейінгі ортағасырлық сәулет ескерткіші, қазақ-жоңғар шайқасында қаза тапқан, өз дәуірінің қаһарманы Киікбай батырдың мазары 275 жыл бұрын орнатылған. Мазар жанында халық «Киікбай адыры» деп атаған төбешік тұр. Одан әрі кішігірім төбелері бар жазық дала созылып жатыр. Мұнда аңыз бойынша қазақтардың жеңісімен аяқталған жоңғарларға қарсы қанды шайқастар өткен деседі.

ҚР Тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы негізінде әзірленген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аталмыш бағдарламаның 3-жылдығына, Атбасар қаласының негізі қаланғанына 175 жыл толуына орай, тарихи-мәдени мұра ескерткіші Киікбай батырдың мазары қалпына келтірілді. «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде жобаларды іске асыруға көп көңіл бөлініп жатыр. Ол жаңғыру бағдарламасының құраушы элементтері болатын жалпыұлттық патриотизмді, туған жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға бағытталған. Киелі жерлер географиясының тақырыбы зерттеу жұмыстарына қан жүгіртіп, келешегін жандандыруға мүмкіндік берді және меценаттардың бірқатар игілікті бастамаларына арқау болды. Мәселен Киікбай батыр мазарының реставрациялық жұмыстары мен оны абаттандыру ісі меценаттардың, ұрпақтарының демеушілік ақшасы есебінен қаржыландырылды.

Киікбай батыр мазарын абаттандыру мен қалпына келтіру кезінде жерлеу аумағы қоршалып, оған тротуар төселіп, орындықтар орнатылды. Кіреберіс тұсына ұлттық өрнекпен нақышталған және жоғарғы жағында екі мұсылмандық жарты айы бар доға тұрғызылды. Доғаға жақын маңда Құранның сүрелері ойып жазылған кітап түріндегі мәрмәр тақта шағын тұғыр үстіне орнатылған. Мазардың ішінде тас төсемге мәрмәр тақтасымен бірге саркофаг қойылған. Мазардың өзінде батырдың есімі және бөлек QR-коды бар тақтайша жаңартылды. Сондай-ақ ұлы батырдың есімін мәңгі есте қалдыру үшін үлкен құлпытас та орнатылды.

11:14
731
Нет комментариев. Ваш будет первым!