Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

​Ақмола облысында спорт мыңдаған тұрғынның өмірінің ажырамас бөлігіне айналуда

​Ақмола облысында спорт мыңдаған тұрғынның өмірінің ажырамас бөлігіне айналуда

Жаңа спорт нысандарының салынуы, халықаралық жарыстардың өткізілуі, спортшылардың жетістіктері мен бұқаралық спорттың дамуы – Ақмола облысында дене шынықтыру және спортпен айналысуға қолайлы жағдай жасалып жатқанының көрінісі.

Ақмола облысында спорт инфрақұрылымы кеңейіп, салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындардың саны артып келеді. Бүгінде өңірде 354 061 адам дене шынықтырумен және спортпен тұрақты түрде айналысады. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 10,4 мың адамға өскен.

Қазіргі уақытта облыста 1216 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның 666-сы ауылдық елді мекендерде орналасқан. Спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

Атап айтқанда, Степногорск қаласында Дене шынықтыру және спорт сарайының құрылысы жүргізілуде. Бестөбе және Жақсы елді мекендерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы аяқталуға жақын. Ал Талапкер және Бірсуат ауылдарында жаңа спорт кешендері пайдалануға берілді.

Жыл басынан бері өңірде 35 мыңнан астам адамды қамтыған 1341 спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар Ақмола облысы халықаралық деңгейдегі ірі спорттық жарыстар өтетін маңызды алаңдардың біріне айналып келеді.

Атап айтқанда, Щучинск қаласында шаңғы жарысынан Virtus World Nordic Ski Championships 2026 әлем чемпионаты өтті. Сондай-ақ 11 елден 700-ден астам қатысушы жиналған BURABAY ICE-2026 халықаралық мұз үстіндегі жүгіру жарысы, Aqbura Bay Trail-6 трейлдік жарысы және «Көкшетау жалындары» түнгі жартылай марафоны ұйымдастырылды.

Өңірде балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде 7700-ден астам бала спорттың 21 түрі бойынша секцияларға қатысады. Сонымен қатар 3147 бала спорт секцияларына қатысуға арналған ваучер алу кезегінде тұр.

Инклюзивті спортты дамыту да басым бағыттардың бірі. Қазіргі уақытта облыста мүгедектігі бар 2940 адам спортпен шұғылданады. Көкшетау қаласындағы «Мерген» клубында 271 адам спорттың 11 бағыты бойынша жаттығады.

Өңір спортшыларының жетістіктеріне 29 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және өзге де мамандандырылған спорт ұйымдары елеулі үлес қосып келеді. Бүгінде аталған мекемелерде 21 мыңнан астам адам жаттығады. Қазақстанның ұлттық құрама командаларының сапына Ақмола облысынан 563 спортшы енген.

2026 жылдың басынан бері ақмолалық спортшылар республикалық және халықаралық жарыстарда 778 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 245 алтын, 248 күміс және 285 қола медаль бар. Сондай-ақ бес халықаралық дәрежедегі спорт шебері және екі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері даярланды.

Өңірдің кәсіби спорт командалары да жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. «Оқжетпес» әйелдер баскетбол клубы Ұлттық лиганың күміс жүлдегері атанды. Ерлер волейбол командасы Қазақстан Кубогының кезеңінде екінші орын иеленсе, «Арлан» хоккей клубы тұрақты чемпионатта үшінші орынға тұрақтады.

Алдағы уақытта өңірде бұқаралық спортты дамыту, спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру және ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары жалғасады.

2027 жылы дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын тұрғындардың үлесін 46 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Жақсы және Бестөбе елді мекендеріндегі спорт кешендерінің құрылысын толық аяқтау көзделген.

Бүгінде Ақмола облысында спортты дамыту тек жоғары жетістіктер мен медальдар санымен ғана өлшенбейді. Бұл – мыңдаған баланың спортқа алғашқы қадам жасауы, ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктердің ашылуы және салауатты өмір салтының қоғамда кеңінен қалыптасуы.

Спорт инфрақұрылымын дамыту мен бұқаралық спортқа қолжетімділікті арттыру бағытындағы жұмыстар өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге негіз қалайды.

—
17:07
81
Нет комментариев. Ваш будет первым!