Ақмола магистральдық желі бөлімшесінде Президент Жолдауының негізгі бағыттары талқыланды
Көкшетау қаласында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы - «Ақмола магистральдық желі бөлімшесінің» еңбек ұжымымен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіруге арналған кездесу өтті.
Іс-шараға теміржол саласының өкілдері, вокзал қызметкерлері және ақпараттық-түсіндіру штабының мүшелері қатысты.
Кездесуді ашқан «Әділет» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалинов Президент айқындаған міндеттердің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңыздылығына тоқталып, әсіресе көлік-логистика саласын дамыту мәселесіне назар аударды.
Өз сөзінде ол Қазақстанның тиімді географиялық орналасуы халықаралық көлік дәліздерін дамытуға және транзиттік тасымал көлемін арттыруға кең мүмкіндік беретінін атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда, теміржол саласы еліміздің экономикалық әлеуетін нығайтуда стратегиялық маңызға ие.

«Бүгін Ақмола магистральдық желі бөлімшесінің еңбек ұжымымен кездесуде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген негізгі бағыттарды кәсіпорын қызметінің ерекшеліктерін ескере отырып талқыладық. Әсіресе, көлік-логистика саласын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстан халықаралық тасымалдарды ұйымдастырудың жетекші орталықтарының біріне айналуға зор әлеуетке ие. Осы орайда өңіріміз үшін Көкшетау - Петропавл автомобиль жолын кеңейту жобасының маңызы ерекше. Оның жүзеге асырылуы аймақтың дамуына тың серпін беріп, жаңа кәсіпорындардың ашылуына, жұмыс орындарының құрылуына және жүк тасымалы көлемінің артуына ықпал етеді», - деді Берген Беспалинов.
Кездесу барысында транзиттік мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, тасымал сапасын арттыру, халықаралық көлік бағыттарын дамыту және теміржол инфрақұрылымын жаңғырту мәселелеріне де басымдық берілді.
Бұдан бөлек, ақпараттық-түсіндіру штабының мүшелері Қайрат Қалманбаев пен Серік Жетпісқалиев Жолдаудың негізгі бағыттарына, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту, экономиканы әртараптандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелеріне кеңінен тоқталды.
Баяндамашылар Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыруда әрбір еңбек ұжымының, соның ішінде теміржол саласы қызметкерлерінің де үлесі маңызды екенін атап өтті.
Өз кезегінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы - «Ақмола магистральдық желі бөлімшесі» сигнализация, орталықтандыру, бұғаттау, байланыс және электрмен жабдықтау бөлімінің бастығы Бауыржан Сұлтанов теміржол саласының даму перспективалары жөніндегі пікірін білдірді.

«Біз еңбек ұжымымен бірге Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген негізгі бағыттарды талқыладық. Біздің пайымдауымызша, теміржол саласының басты міндеттерінің бірі - еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және жұмысшы мамандардың мәртебесін көтеру. Теміржол - еліміздің экономикасының күретамыры. Ақмола магистральдық желі бөлімшесі маңызды көлік тораптарының бірінде орналасқандықтан, өзімізге жүктелген жауапкершілікті терең сезінеміз. Сондықтан бар күш-жігерімізді, біліміміз бен тәжірибемізді теміржол инфрақұрылымының сенімді әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағыттаймыз», - деді Бауыржан Сұлтанов.
Кездесу соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Сондай-ақ теміржол саласын дамытудың өзекті мәселелері мен Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді іске асырудың нақты тетіктері талқыланды.
