Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

​Мыңдаған жарқыраған білезік пен отты шоу: Энрике Иглесиас Қазақстанға қандай шоу әкеледі?

​Мыңдаған жарқыраған білезік пен отты шоу: Энрике Иглесиас Қазақстанға қандай шоу әкеледі?

Энрике Иглесиастың Қазақстандағы концертіне санаулы күн қалды. Астана мен Алматыда өтетін шоудың бұған дейін айтылмаған жаңа қырлары белгілі болды. Мыңдаған көрерменнің қолындағы арнайы білезіктер музыка ырғағымен бірге жарқырап, стадионды алып жарық шоуына айналдырады. Бұған қоса, алаңның қақ ортасына қосымша сахна орнатылып, әнші концерттің бір бөлігін көрерменге барынша жақын жерде орындайды. Ал сахнадағы отты эффектілер мен шоудың техникалық шешімдеріне әлемдік жұлдыздармен жұмыс істейтін америкалық мамандар жауап береді.

Мыңдаған білезік бір мезетте жарқырайды

Қазақстандағы концерттердің ең әсерлі тұстарының бірі — интерактивті жарық білезіктер болмақ. Арнайы технология арқылы мыңдаған білезік музыкамен және сахна жарығымен бір мезетте үндесіп, ән ырғағына қарай түсін өзгертіп, жанып-сөніп отырады. Бір сәтте тұтас стадион бір түске боялса, келесі сәтте жарық толқыны трибунадан трибунаға көшеді. Осылайша, концертке келген әр адам шоуды сырттай тамашалаушы ғана емес, оның бір бөлшегіне айналады.

Мұндай ауқымдағы стадион шоуында интерактивті білезік технологиясы Орталық Азияда алғаш рет қолданылмақ. Көрерменді мұнымен қоса ауқымды жарық безендіруі, арнайы эффектілер мен отты шоу күтеді.

Энрике көрерменнің ортасына шығады

Концерттің тағы бір ерекшелігі — қосымша сахна. Ол стадионның қақ ортасына орнатылады. Энрике Иглесиас кеш бойы тек негізгі сахнада өнер көрсетіп қоймай, концерттің бір бөлігінде музыканттарымен бірге көрерменнің ортасына шығып, бірнеше әнін сол жерде орындайды. Бұл шешім үлкен стадиондағы сахна мен көрермен арасындағы қашықтықты барынша қысқартуға мүмкіндік береді. Алаңдағы жанкүйерлер әншіні жақыннан көрсе, трибунада отырған жұрт шоуды стадионның әр тұсынан тамашалай алады. Яғни бұл жолы үйреншікті «сахна бір жақта, көрермен бір жақта» форматы болмайды. Шоу стадионның тұтас аумағын қамтиды.

Қазақстанға 60-тан астам шетелдік маман келеді

Осындай ауқымды қойылымның артында үлкен халықаралық команда тұр. Қазақстандағы екі концертті өткізу үшін 60-тан астам шетелдік маман арнайы келеді. Энрике Иглесиастың концерттік бағдарламасы жуырда толық жаңартылған. Жаңа шоуға әлемдік деңгейдегі әртістердің концерттері мен гастрольдік турларында еңбек етіп жүрген америкалық продакшн мамандары атсалысқан.

Қазақстандағы концерттер үшін техникалық және сахналық жабдықтардың бір бөлігі шетелден арнайы жеткізіледі. Жарық, дыбыс, визуал, арнайы және отты эффектілер бір-бірімен үйлестіріліп, біртұтас қойылым ретінде ұсынылады.

Hero мен Bailamos мыңдаған көрерменмен бірге шырқалады

Энрике Иглесиас 3 қыркүйекте Астанадағы Astana Arena-да, ал 5 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында өнер көрсетеді.

Әншінің Қазақстандағы концерттерінде бірнеше буын тыңдарманына жақсы таныс Hero, Bailamos, Escape, Ring My Bells, Tonight (I'm Lovin' You), Súbeme La Radio және басқа да хиттері шырқалады.

Энрике Иглесиас — әлемдік поп-музыкадағы ең табысты орындаушылардың бірі. Оның музыкалық жазбалары әлем бойынша 180 миллионнан астам данамен тараған. Billboard басылымы оны барлық уақыттағы ең ұлы латынамерикалық әртіс деп атаған. Енді әлемнің талай стадионында шырқалған хиттерді қазақстандық жанкүйерлер жанды дауыста тыңдап қана қоймай, мыңдаған жарқыраған білезік, отты эффектілер мен тұтас стадионды қамтитын шоудың ортасында бірге шырқайды.

Концерт билеттері Freedom SuperApp және Ticketon.kz арқылы сатылып жатыр.

16:34
102
Нет комментариев. Ваш будет первым!