Ташкент, Бішкек, Мәскеуден Қазақстанға: жанкүйерлер Энрике Иглесиас үшін ел асып келмек
Бір концерт үшін басқа қалаға баруға болады. Ал басқа елге ше?
Энрике Иглесиастың жанкүйерлері үшін бұл сұрақтың жауабы әлдеқашан табылған секілді. Ташкент, Бішкек, Мәскеу және өзге қалалардағы тыңдармандар қыркүйекте Қазақстанға жол жүрмек. Бірі Астанаға билет алса, енді бірі Алматыдағы концертті таңдаған.
Бір қызығы, олардың арасында Энрикені алғаш рет көргелі отырғандар да, бұған дейін оның концерті үшін басқа елге арнайы ұшып барғандар да бар.
Биыл әлемге әйгілі әнші Қазақстанда алғаш рет өнер көрсетеді. Сондықтан Астана мен Алматыдағы екі кеш кәдімгі концерттен гөрі жанкүйерлер бас қосатын үлкен музыкалық сапарға айналып барады.
Бала күнгі «ғашықтық» Астанаға жетеледі

Фото: Одинаның жеке мұрағатынан
Ташкенттік Одина Назарова үшін Астанаға сапардың өз тарихы бар. Энрикенің әндерін ол ес білгелі тыңдайды. Тіпті бала кезінде әншінің суреттерін телефонына жинап, клиптерін қайта-қайта көретінін айтады.
«Бала күнімде Энрикеге кәдімгідей ғашық едім. Бір клипін көріп, “дүниедегі ең әдемі жігіт осы шығар” деп ойлағаным есімде. Суреттерін интернеттен іздеп, телефоныма сақтайтынмын. Клиптерін қанша рет көргенімді де білмеймін. Танымал әндерінің бәрін жатқа айтатынмын», — деп күледі Одина.
Қазір ол 24 жаста. Арада қанша жыл өтсе де, Қазақстандағы концерт туралы жаңалықты естіген сәтте бала күнгі сол сезім қайта оянған.
«Қазір сол кішкентай кезімді есіме алып, күлемін. Бірақ Энрикенің Қазақстанға келетінін естігенде, ойланбастан: “Мен сонда баруым керек!” дедім. Сөйтіп, бала күнгі арман мені Астанаға алып бара жатыр», — дейді ол.
«Қыздар, Алматыға барып қайтсақ қайтеді?»

Фото: Рузалидің жеке мұрағатынан
Ал Бішкекте тұратын Рузали Токмергенова-Шимарованың отбасында Иглесиастың әндері бұрыннан тыңдалады. Тек буын ауысқан сайын сүйікті әнші де ауысқан: ата-анасы Хулио Иглесиасты тыңдаса, Рузали Энрикенің әндерімен өскен.
Былтыр ол құрбыларымен бірге Энрикенің концертіне бару үшін Абу-Дабиге арнайы ұшқан. Бірақ бір концертпен бәрі бітпепті.
«Керемет әсер алдық. Бір рет көру аздық етті десем болады. Алматыдағы концерт туралы естігенде, құрбыларымыздың бірі ортақ чатымызға: “Қыздар, Алматыға барып қайтсақ қайтеді?” деп жазды. Содан не керек, екі күннен кейін бәріміздің қолымызда билет болды», — дейді Рузали.
Бұл жолғы сапардың тағы бір артықшылығы бар — Қазақстан Бішкектен әлдеқайда жақын.
Осы тұста Рузали қазақстандық жанкүйерлерге қызыға қарайтынын жасырмайды.
«Шынымды айтсам, қазақстандықтардың жолы болды. Біз Энрикені көру үшін былтыр Абу-Дабиге ұштық, биыл Қазақстанға бара жатырмыз. Ал сіздерге ешқайда барудың қажеті жоқ. Энрикенің өзі Қазақстанға келе жатыр ғой! Сондықтан әлі де ойланып жүргендер болса, мұндай мүмкіндікті жіберіп алмас едім. Біз басқа елден арнайы бара жатырмыз», — дейді ол.
Мәскеуден Алматыға — Hero-ны тағы бір рет бірге айту үшін

Фото: Денистің жеке мұрағатынан
Мәскеулік Денис Домрачев үшін Энрике Иглесиастың концерті — бұрынғы бір ерекше сәтке қайта оралу мүмкіндігі.
Ол әншінің концертіне осыдан бірнеше жыл бұрын барған. Сол кештен есінде қалғаны — мыңдаған адамның бір сәтте қосылып, Hero әнін шырқағаны.
«Бүкіл залдың Энрикемен бірге Hero-ны айтқан сәті әлі есімде. Ондай атмосфераны ұмыту қиын. Сол кезде-ақ “тағы мүмкіндік болса, міндетті түрде барамын” деп шешкен едім», — дейді Денис.
Тур кестесінен Қазақстанды көргенде ол көп ойланбапты.
«Энрике Мәскеуге немесе жақынырақ жерге қашан келеді деп күткім келмеді. Қазақстанды көрдім де, билет алдым. Оның үстіне Алматыда бұрын тек жолай болғанмын. Енді қаланы асықпай аралап, концертке барғым келеді. Саяхат пен көптен тыңдап жүрген әншіңнің концертін қатар алып жүруге бұдан жақсы себеп бар ма?»
Қазақстандықтардың концертке бару-бармауды әлі таразылап жүргенін естігенде Денистің жауабы қысқа:
«Шынымен әлі ойланып жүрсіздер ме? Энрикенің өзі сіздерге келе жатыр ғой! Мен Мәскеуден ұшып барамын», — дейді ол.
Қыркүйекте олардың бәрін Қазақстан тоғыстырады
Бірі — Ташкенттен, бірі — Бішкектен, енді бірі — Мәскеуден.
Бірінің чемоданында бала күнгі арманы бар. Екіншісі былтырғы концерттің әсерін қайта сезінгісі келеді. Үшіншісі сүйікті әншісін тыңдауды Алматыға сапармен ұштастырмақ.
Қалалары бөлек, әңгімелері бөлек. Бірақ қыркүйекте бәрінің бағыты бір — Қазақстан.
Энрике Иглесиас 3 қыркүйекте Астанадағы Astana Arena-да, ал 5 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда өнер көрсетеді. Билеттер Freedom SuperApp пен Ticketon-да сатылып жатыр.
Энрике Иглесиастың әндері Қазақстан тыңдарманына да бөтен емес. Bailamos, Hero, Escape, Bailando — бір кезеңнің ғана емес, бірнеше буынның жадында қалған хиттер. Бірі бұл әндерді кассетадан тыңдады, бірі музыкалық арналардан көріп өсті, ал кейінгі буын оларды әлеуметтік желіден қайта ашты.
Billboard Энрике Иглесиасты барлық уақыттағы ең үздік латынамерикалық әртістердің көш басына қойған. Оның музыкалық жазбалары әлем бойынша 180 миллионнан астам данамен тараған.
Ал енді қазақстандық тыңдарман осы уақытқа дейін экраннан көріп, радиодан тыңдап келген Hero мен Bailamos-ты мыңдаған адаммен бірге жанды дауыста шырқай алады.
