Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

​Comic Con Astana-да Tengrida: Cyber Steppe арт-фильмі таныстырылды

​Comic Con Astana-да Tengrida: Cyber Steppe арт-фильмі таныстырылды

Comic Con Astana 2026 халықаралық фестивалінде Tengrida: Cyber Steppe арт-фильмі таныстырылды. Бұл — киберпанк элементтерін, жасанды интеллект мүмкіндіктерін және Ұлы дала мәдениетіне көркем тұрғыдан жаңаша көзқарасты тоғыстырған жаңа қазақстандық жоба.

Фестивальде көрермен назарына алғаш рет үш минуттық AI-анимациялық эпизод — V акт «Арена» ұсынылды. Бұл бөлім жаңа авторлық әлемге жол ашады.

Оқиғаның басты кейіпкері — жас қыз Тенгрида. Ол әлемге күш емес, әділдікті қайтару үшін техно-клан аренасына шығады. Жобаның негізгі идеясы «Ақиқат пен әділдік — егіз» деген тұжырыммен берілген.

Оқиға болашақта өрбиді: технология адам жадын біртіндеп ығыстырып, шындықтың өзі кедергі санала бастаған заман. Қатыгез жекпе-жектер жұрттың ермегіне айналған кибераренада Тенгрида Қанжар атты мықты жауынгермен айқасады. Бірақ оның басты жеңісі — қарсыласын жеңу емес. Ол адамдардың шындықты қайта көре білуіне жол ашады. Тенгрида олардың көзіндегі таңғыштарды шешіп, нағыз күш кек алуда емес, әділдікті қайта орнатуда екенін көрсетеді.

Жобаның идеясы мен Тенгрида кейіпкерінің авторы — Алматыдан шыққан, Aruvibez лақап атымен танымал косплеер Аружан Жунусова. 2025 жылы Comic Con Astana-да ол Тенгриданың авторлық образын алғаш рет көпшілікке таныстырды. Қазақтың ұлттық нақышы мен футуристік эстетикасы үйлескен бұл образ көрермендер мен БАҚ-тың назарын бірден аударды. Кейін дәл осы образ Tengrida: Cyber Steppe авторлық әлемінің негізіне айналды.

Аружанның айтуынша, Тенгрида идеясының тууына «шабыт іздеу үшін міндетті түрде өзге мәдениеттерге жүгінудің қажеті жоқ» деген ой себеп болған.

Алғашында байқауға арнап жасалған образ уақыт өте жеке шығармашылық жобаға айналды. Қазір Tengrida косплейдегі бір кейіпкермен шектелмейді: оның өз арт-фильмі бар, ал сол фильмнен жаңа фантастикалық әлем бастау алады. Тенгрида сонымен қатар Comic Con Astana амбассадорына айналды.

«Біздің фильм — қазақтың көшпелі мәдениеті мен эстетикасынан нәр алған авторлық фантастика. Бұл тәңіршілдікті діни немесе рухани дәстүр ретінде баяндайтын туынды емес. Тенгрида — кейіпкердің есімі. Ал жобаның өзі — арт-фильм. Біз сенімді емес, мәдениетті негізге аламыз», — дейді жоба авторлары.

Аружан Жунусовамен бірге фильмді жасауға жетекші режиссер Әлішер Советкан, режиссер Камила Макат, продюсер Руслан Жемков және бірлескен продюсер Ержан Жунусов атсалысты.

Жоба авторлары фильмді әзірлеу барысында жасанды интеллектің заманауи мүмкіндіктері қолданылғанын айтады. AI көркем бейнелерді жасауға көмектескен құралдардың бірі болды. Соның арқасында авторлар ауқымды шығармашылық идеясын жүзеге асырып, дәстүрлі мәдени сарындарды ғылыми фантастика эстетикасымен үйлестіре алды.

Comic Con Astana-да көрсетілген эпизод арқылы көрермендер бұл жаңа әлеммен алғаш рет танысты. Оқиғаның соңы әдейі ашық қалдырылған — бұл жобаны алдағы уақытта әрі қарай дамытуға мүмкіндік береді.

Tengrida: Cyber Steppe жобасының келесі кезеңі — 2026 жылғы 28 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Астанада өтетін Astana AI Film Festival фестиваліне қатысу. Бұл фестиваль кино, анимация және жасанды интеллект технологияларын ұштастырып жүрген авторларды бір алаңға жинайды.

Еске салсақ, Comic Con Astana 2026 фестивалі 6–9 тамыз аралығында елордада өтіп жатыр. Мұнда кино, сериал, комикс, анимация, видеойын және косплей жанкүйерлері бас қосады.

Қала әкімдігінің тұрақты қолдауының арқасында фестиваль жыл сайын ондаған мың қонақты, кино, сериал, комикс және ойын индустриясының әлемдік жұлдыздарын жинайтын Орталық Азиядағы заманауи поп-мәдениеттің ең ірі оқиғасына айналды. Бүгінде Comic Con Astana өңірдегі заманауи мәдени үрдістерге ықпал етіп қана қоймай, туризмнің, креативті экономиканың, кәсіпкерлік пен жастар бастамаларының дамуына серпін беріп, Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға да үлес қосып келеді.

Tengrida таныстырылымы Comic Con Astana 2026 бағдарламасындағы арнайы оқиғалардың бірі болды. Бұл фестивальдің әлемдік кино және поп-мәдениет жұлдыздарымен кездесу алаңы ғана емес, халықаралық аудиторияға жол таба алатын жаңа қазақстандық жобалар алғаш таныстырылатын орынға да айналып келе жатқанын көрсетті.

18:05
176
Нет комментариев. Ваш будет первым!