Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

​«Лос-Анджелесте жүрмін деп ойладым», - Пол Андерсон Астана туралы

​«Лос-Анджелесте жүрмін деп ойладым», - Пол Андерсон Астана туралы

Орталық Азиядағы заманауи поп-мәдениеттің ең ірі фестивалі — Comic Con Astana 2026 аясында «Peaky Blinders» сериалындағы Артур Шелби рөлімен танылған әйгілі британдық актер Пол Андерсон Q&A-сессиясын өткізді.

Жанкүйерлердің сұрақтарына жауап берген актер Қазақстан туралы бұған дейін көп білмегенін айтты. Пол Андерсон үшін бұл сапар елмен де, астанамен де алғашқы танысуы болды.

«Мен кеше ғана келдім. Әуежайдан қонақүйге дейінгі жолдың өзі маған қатты әсер етті. Терезеден көрген көріністерге қарап, Лос-Анджелеске келдім бе деп ойлап қалдым», — деді актер.

Пол Андерсон актерлік жолын біршама есейген шағында бастағанын және өмірлік тәжірибесі кейіпкерлерін сомдауға көп көмектескенін әңгімеледі. Ол ойнайтын кейіпкерлер көбіне қатал әрі дөрекі мінезді болып келеді. Актердің айтуынша, режиссерлер мен продюсерлер оны әлі күнге дейін көбіне «жаман жігіттердің» рөлінде елестетеді.

Сценарийді алғаш оқығанда Артур Шелби туралы алған әсерін актер «қорқынышты» деп сипаттады. Оның айтуынша, сценарийде қосалқы кейіпкерлер туралы әдетте көп мәлімет берілмейді. Алайда дәл осы жағдай оған Артур Шелбидің өзіндік бейнесін жасауға мүмкіндік берген. Ол кейіпкерінің жан дүниесіндегі ауыртпалық пен қайшылықтарды, сырттай қатал көрінгенімен, отбасына деген шексіз адалдығын көрсетуге тырысқан.

Пол Андерсон — Comic Con Astana 2026 фестивалінің басты халықаралық қонақтарының бірі. Фестиваль хэдлайнерлері қатарында «Тақтар таласы» сериалындағы Джейме Ланнистер рөлімен танылған актер Николай Костер-Вальдау, сондай-ақ Netflix ұсынған One Piece сериалының жұлдыздары Иньяки Годой мен Таз Скайлар бар.

Биылғы фестиваль бағдарламасы жүздеген іс-шараны қамтиды, оған ондаған арнайы қонақ қатысады. Ауқымды бағдарлама бірден екі алаңда — Barys Arena мен «Алау» мұз сарайында өтеді.

Төрт күн ішінде көрермендер әлемге әйгілі кино және сериал жұлдыздарымен кездесіп, жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайтын халықаралық косплей байқауын тамашалай алады. Сондай-ақ концерттер, K-pop орындаушыларының өнер көрсетілімдері, ойын турнирлері, шеберлік сабақтары және өзге де іс-шаралар өтеді.

Осы уақытта «Алау» сахнасында күн сайын балалар мен ересектерге арналған әуесқой косплей байқауы өтіп, жеңімпаздар марапатталады. Сонымен бірге түрлі шоулар мен сахналық қойылымдар ұсынылады. Халықаралық хэдлайнерлерден бөлек, фестивальге ондаған танымал блогер, суретші, косплеер және контент авторы қатысады.

Comic Con Astana 2026 Қазақстан астанасында 6–9 тамыз аралығында өтеді. Фестиваль кино, сериал, комикс, анимация, бейнеойын және косплей жанкүйерлерін бір ортаға жинайды.

Өткізіліп келе жатқан жылдар ішінде Comic Con Astana халықаралық деңгейде танылған брендке айналды. Жыл сайын фестивальге ойын-сауық индустриясының әлемге әйгілі өкілдері мен ондаған мың көрермен келеді, ал іс-шара шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының да назарын аударып отыр.

Әр жылдары фестивальдің хэдлайнерлері қатарында Мадс Миккельсен, Энди Серкис, Пилу Асбек, Скотт Эдкинс, Эсай Моралес, Майкл Рукер, Шон Ганн, Перси Хайнс Уайт және Александр Кузнецов болды.

Бүгінде Comic Con Astana өңірдің заманауи мәдени кеңістігін қалыптастырып қана қоймай, туризм мен креативті экономиканың дамуына, кәсіпкерлік пен жастар бастамаларының өркендеуіне ықпал етіп, Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға үлес қосып келеді.

Фестивальдің толық бағдарламасымен танысып, билеттерді comicconastana.kzресми сайтынан жәнеЯндекс Афиша. платформасынан сатып алуға болады.

2026 жылы фестиваль серіктестері қатарында Яндекс Go, Яндекс Еда, Кинопоиск, Яндекс Афиша, BIGBON, Chupa Chups және басқа да жергілікті әрі халықаралық брендтер бар.

18:03
115
Нет комментариев. Ваш будет первым!