Николай Костер-Вальдау Қазақстанды «Тақтар таласы» әлеміндегі дипломатия мекені деп атады
Comic Con Astana 2026: Николай Костер-Вальдау Қазақстанды «Тақтар таласы» әлеміндегі дипломатия мекені деп атады
Орталық Азиядағы заманауи поп-мәдениеттің ең ірі фестивалі — Comic Con Astana 2026 аясында фестиваль хэдлайнері, «Тақтар таласы» сериалындағы Джейме Ланнистер рөлімен танылған даниялық актер Николай Костер-Вальдау журналистердің сұрақтарына жауап берді. Ол сондай-ақ «Black Hawk Down», «Oblivion», «Gods of Egypt» фильмдеріндегі рөлдерімен танымал.
Актер Қазақстаннан алған әсерімен бөлісіп, Астанада өткізген бір тәуліктен сәл астам уақыт ішінде соңғы үш жылда жеп көрмеген мөлшерде ет жегенін әзілдеп айтты.
Николай Костер-Вальдау «Бәйтерекке» барып, «алтын алақанға» қолын қойып, тілек тілегенін әңгімеледі.
– Тілеген тілегіңді айтуға болмайтынын білесіздер ғой... Дегенмен мойындайын: мұнда тағы бір рет оралуды тіледім, — деді актер.
Журналистер Қазақстан «Тақтар таласы» әлемінде қандай орын алар еді деп сұрады. Актердің пікірінше, еліміз дипломатия мекеніне айналар еді.
– «Тақтар таласы» өлшемімен қарасақ, Қазақстан қазірдің өзінде екі қуатты көршінің ортасында орналасқан. Сериалда ол Ланнистерлер мен дотракийлер елінің арасында болып, дипломатия аумағының рөлін атқарар еді. Оны екі тарап та өздерінің ең жақын досы санайтын ел ретінде елестетемін, — деді фестиваль хэдлайнері.
Николай Костер-Вальдау өзінің актерлік жолы жайлы сұрақтарға жауап беріп, қазақстандық киномен жақынырақ танысқысы келетінін, сондай-ақ Маңғыстаудың көркем табиғатына ерекше тәнті болғанын айтты.
Биылғы фестиваль бағдарламасы жүздеген іс-шараны қамтиды, оған ондаған арнайы қонақ қатысады. Ауқымды бағдарлама бірден екі алаңда — Barys Arena мен «Алау» мұз сарайында өтеді.
Төрт күн ішінде көрермендер әлемге әйгілі кино және сериал жұлдыздарымен кездесіп, жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайтын халықаралық косплей байқауын тамашалай алады. Сондай-ақ концерттер, K-pop орындаушыларының өнер көрсетілімдері, ойын турнирлері, шеберлік сабақтары және өзге де іс-шаралар өтеді.
Николай Костер-Вальдаудан бөлек, фестиваль хэдлайнерлері қатарында «Peaky Blinders» сериалындағы Артур Шелби рөлін сомдаған Пол Андерсон, сондай-ақ Netflix ұсынған One Piece сериалының жұлдыздары Иньяки Годой мен Таз Скайлар бар.
Осы уақытта «Алау» сахнасында күн сайын балалар мен ересектерге арналған әуесқой косплей байқауы өтіп, жеңімпаздар марапатталады. Сонымен бірге түрлі шоулар мен сахналық қойылымдар ұсынылады. Халықаралық хэдлайнерлерден бөлек, фестивальге ондаған танымал блогер, суретші, косплеер және контент авторы қатысады.
Comic Con Astana 2026 Қазақстан астанасында 6–9 тамыз аралығында өтеді. Фестиваль кино, сериал, комикс, анимация, бейнеойын және косплей жанкүйерлерін бір ортаға жинайды.
Өткізіліп келе жатқан жылдар ішінде Comic Con Astana халықаралық деңгейде танылған брендке айналды. Жыл сайын фестивальге ойын-сауық индустриясының әлемге әйгілі өкілдері мен ондаған мың көрермен келеді, ал іс-шара шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының да назарын аударып отыр.
Әр жылдары фестивальдің хэдлайнерлері қатарында Мадс Миккельсен, Энди Серкис, Пилу Асбек, Скотт Эдкинс, Эсай Моралес, Майкл Рукер, Шон Ганн, Перси Хайнс Уайт және Александр Кузнецов болды.
Бүгінде Comic Con Astana өңірдің заманауи мәдени кеңістігін қалыптастырып қана қоймай, туризм мен креативті экономиканың дамуына, кәсіпкерлік пен жастар бастамаларының өркендеуіне ықпал етіп, Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға үлес қосып келеді.
Фестивальдің толық бағдарламасымен танысып, билеттерді comicconastana.kzресми сайтынан жәнеЯндекс Афиша. платформасынан сатып алуға болады.
2026 жылы фестиваль серіктестері қатарында Яндекс Go, Яндекс Еда, Кинопоиск, Яндекс Афиша, BIGBON, Chupa Chups және басқа да жергілікті әрі халықаралық брендтер бар.
