Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

​Орталық Азиядағы ең ірі поп-мәдениет фестивалі — Comic Con Astana 2026 басталды

​Орталық Азиядағы ең ірі поп-мәдениет фестивалі — Comic Con Astana 2026 басталды

Қазақстан астанасында Орталық Азиядағы заманауи поп-мәдениетке арналған ең ірі фестиваль — Comic Con Astana 2026 өз жұмысын бастады. 6–9 тамыз аралығында қонақтарды Barys Arena мен «Алау» мұз сарайында өтетін төрт күндік ауқымды бағдарлама күтеді. Екі алаңда әлемге әйгілі кино жұлдыздары, танымал блогерлер, суретшілер, косплеерлер мен ойын индустриясының өкілдері қатысатын жүздеген іс-шара ұйымдастырылады.

Фестивальдің негізгі алаңы — Barys Arena. Мұнда ашылу және жабылу рәсімдері, жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайтын халықаралық косплей байқауы, шетелдік хедлайнерлермен кездесулер мен Q&A сессиялары, ауқымды автограф-сессиялар, арнайы таныстырылымдар, сондай-ақ оңтүстіккореялық Kandis K-pop тобының концерті өтеді.

Көрме бағдарламасы «Алау» мұз сарайында ұйымдастырылған. Мұнда «Алау» сахнасы, Жұлдыздар аллеясы, Otaku Game Zone, шеберлік сабақтары аймағы, үстел ойындары аймағы, Battle Zone, жәрмеңке, Авторлар аллеясы, фудкорт және серіктестер аймағы жұмыс істейді.

Келушілерді халықаралық косплей байқауы мен әуесқойлар сайыстары, әлемдік кино жұлдыздарымен, блогерлермен және суретшілермен кездесулер, танымал ойындар бойынша турнирлер, ондаған шеберлік сабағы, дәріс пен таныстырылым күтеді. Бағдарламада концерттер, би қойылымдары, үстел және рөлдік ойындар, арнайы шоулар мен бүкіл отбасыға арналған көптеген интерактивті ойын-сауық қарастырылған.

Comic Con Astana 2026 фестивалінің басты қонақтарының қатарында «Тақтар таласы» сериалының жұлдызы Николай Костер-Вальдау, «PeakyBlinders» сериалында Артур Шелбидің рөлін сомдаған Пол Андерсон, сондай-ақ Netflix ұсынған танымал One Piece сериалының актерлері Иньяки Годой мен Таз Скайлар бар.

Фестивальге арнайы қонақ ретінде әлемге танымал косплей шеберлері Kamui Cosplay, Leon Chiro және Elizabeth Rage, сондай-ақ SuperCrastan (Даня Крастер), Jane Kravitz, Karrambaby, Dobryak, Dalbek, FixEye, Nowkie, Егор Шкред, Кирилл Соеров, Domer Grief және Ten Yujin секілді танымал блогерлер келеді. Қонақтар қатарында италиялық комикс суретшісі Паоло Панталена да бар. Фестиваль күндері олармен кездесулер, автограф-сессиялар мен сұрақ-жауап форматындағы жүздесулер өтеді.

«Comic Con Astana — жай ғана фестиваль емес. Бұл индустрия өкілдерін бір ортаға тоғыстырып, дарынды жандарға жаңа мүмкіндіктер ашатын және Қазақстандағы креативті экономиканың дамуына серпін беретін халықаралық алаң. Бүгінде фестиваль әлемдік жұлдыздарды шақырумен ғана шектелмей, қазақстандық авторлардың, суретшілердің, косплеерлер мен контент жасаушылардың халықаралық деңгейде танылуына жол ашып отырғанын мақтан тұтамыз», — деді фестивальдің бас продюсері Наталья Абрашкина.

Comic Con Astana өткізіліп келе жатқан жылдар ішінде Қазақстанның креативті индустриясындағы ең табысты жобалардың біріне айналды. Әр жылдары фестивальдің хедлайнерлері қатарында Мадс Миккельсен, Энди Серкис, Пилу Асбек, Скотт Эдкинс, Эсай Моралес, Майкл Рукер, Шон Ганн, Перси Хайнс Уайт және Александр Кузнецов болды.

Қала әкімдігінің тұрақты қолдауының арқасында фестиваль Орталық Азиядағы заманауи поп-мәдениетке арналған ең ауқымды іс-шараға айналды. Жыл сайын оған ондаған мың көрермен, сондай-ақ әлемдік кино, сериал, комикс және ойын индустриясының жұлдыздары қатысады. Бүгінде Comic Con Astana өңірдегі заманауи мәдени үрдістердің дамуына ықпал етіп қана қоймай, туризмді, креативті экономиканы, кәсіпкерлікті және жастар бастамаларын ілгерілетуге, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға үлес қосып келеді.

Фестивальдің толық бағдарламасымен танысып, билеттерді comicconastana.kzресми сайтынан жәнеЯндекс Афиша.платформасынан сатып алуға болады.

2026 жылы фестиваль серіктестері қатарында Яндекс Go, Яндекс Еда, Кинопоиск, Яндекс Афиша, BIGBON, Chupa Chups және басқа да жергілікті әрі халықаралық брендтер бар.

15:16
83
Нет комментариев. Ваш будет первым!