Бес күнде төрт аудан: «Әділетті Қазақстан үшін» керуені Ақмола облысындағы жұмысын аяқтады
«Әділетті Қазақстан үшін» партиялық жобасының мобильді керуені Ақмола облысындағы жұмысын аяқтады. Бес күн ішінде керуен төрт ауданды аралап, 527 шақырым жол жүріп өтті. Осы уақыт аралығында өткен кездесулерге 430-дан астам тұрғын қатысқан.
«Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Шортанды, Ақкөл, Бұланды және Бурабай аудандарының тұрғындарымен кездесті. Партия өкілдері дағдылы баяндама жасаудың орнына кездесулерді ашық әңгімемен өткізуді құп көрген. Онда әрбір тұрғын сұрағын қойып, өзі тұратын ауылдың өзекті мәселелерін көтеруге мүмкіндік алды.
Ел-жұртпен жүздескен Құрылтай депутаттығына кандидаттар – Армангүл Тоқтамұрат, Юлия Кучинская, Динара Садуақасова, Ерқанат Мұсылманбек және Еділ Хамзалар алғашқы сөзінен-ақ басқосудың мақсаты халықтың пікірін тыңдап, кез келген мәселені ашық талқылау екенін атап өтті.

Тұрғындар жолдардың жай-күйі, ауызсу мәселесі, коммуналдық инфрақұрылым, халық табысының деңгейі, ауылдарды дамыту және несие жүктемесі секілді бүгінгінің түйткілді мәселелерін көтерді. Кездесу барысында айтылған барлық ұсыныс пен өтініш алдағы жұмыста қарастыру үшін арнайы тізілімге енген.
Құрылтай депутаттығына кандидат Юлия Кучинскаяның айтуынша, мұндай кездесулер ауыл тұрғындары күн сайын бетпе-бет келетін нақты мәселелерді көруге мүмкіндік береді. Оның сөзінше, көтерілген мәселелердің бір бөлігі партияның сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан.

«Біз бұл жерге ең алдымен халықтың мұң-мұқтажын тыңдау үшін келгенімізді бірден айттық. Өзіміз де осы өңірдің тумасымыз, туған-туыстарымыз осында тұрады. Сондықтан бұл ауылдар мен елдімекендердің болашағы бізге бей-жай емес», – деді Армангүл Тоқтамұрат.
Ақмола облысындағы сапар аяқталғаннан кейін керуеннің солтүстік бағыттағы жұмысы Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында жалғасады. Жоспарға сәйкес, 18 тамызға дейін «Әділетті Қазақстан үшін» жобасы елдің 6 өңірін, 100 ауданды қамтып, 10 мыңнан астам адаммен жүздесуді көздеп отыр.

Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.
