Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

​Қазақстандық оқушы SAT емтиханынан ең жоғары 1600 балл жинап, Formula-1 жарысына жолдама алды

​Қазақстандық оқушы SAT емтиханынан ең жоғары 1600 балл жинап, Formula-1 жарысына жолдама алды

Қазақстандық оқушы Жанабек Садық халықаралық SAT емтиханынан ең жоғары нәтижеге қол жеткізіп, мүмкін болған 1600 балдың 1600-ін жинады.

Осы жетістігі үшін Жанабек дайындалған SmartestPrep білім беру орталығының негізін қалаушы Лаура Вайгорова оған MacBook пен Formula-1 жарысын тамашалауға жолдама сыйлады. Бұл сыйлықтың жас талапкер үшін орны бөлек. Себебі Жанабек бала күнінен автоспортқа қызығып, Formula-1 жарыстарының тұрақты көрермені болып келеді.

Оқушының айтуынша, мұндай сыйлық ол үшін күтпеген қуаныш болған.

«Мен көптен бері Formula-1 жарыстарын көремін. Макс Ферстаппеннің жанкүйерімін. Сондықтан жарысқа жолдама алғанымды естігенде қатты қуандым. Шынымды айтсам, мүлде күтпедім», – дейді Жанабек.

Бірнеше ай бұрын ғана оның SAT нәтижесі шамамен 1200 балл болған. Алайда ол алған бетінен қайтпай, алдына нақты мақсат қойып, тыңғылықты дайындыққа кіріскен. Бірнеше ай бойы емтиханның барлық бөлімдері бойынша тұрақты жұмыс жасап, әсіресе математикаға, аналитикалық тапсырмаларға және академиялық оқуға басымдық берген. Нәтижесінде Жанабек өз көрсеткішін 400 балға арттырып, ең жоғары нәтижеге қол жеткізді.

SAT – АҚШ пен басқа да бірқатар елдердің жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін халықаралық емтихан. Жыл сайын оны әлем бойынша миллиондаған оқушы тапсырады, алайда ең жоғары нәтижеге санаулы ғана талапкер жетеді.

SmartestPrep орталығының негізін қалаушы Лаура Вайгорованың айтуынша, мұндай жетістіктер әрдайым ерекше әсер қалдырады.

«Жанабек сияқты талапты, еңбекқор жастармен жұмыс істеу – үлкен қуаныш. Біз бағыт-бағдар беріп, білімімізбен бөлісе аламыз. Бірақ табысқа жеткізетін негізгі күш – оқушының өзінің еңбегі мен табандылығы. Жанабектің арманына бір табан жақындауына себепкер болу мен үшін де қуанышты сәт болды. Мұндай нәтиже оған әлемнің үздік университеттерінің есігін ашып қана қоймай, түрлі гранттар мен қаржылық қолдау мүмкіндіктеріне жол ашады», – дейді ол.

SmartestPrep орталығы оқушыларға дайындықтың жеке стратегиясын құруға көмектесіп, әлемнің жетекші университеттеріне түсу жолында жан-жақты қолдау көрсетеді. Орталық түлектері АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа және Азияның беделді жоғары оқу орындарына қабылданып келеді.

Жанабектің жетістігі – талмай еңбектенген адамның алар асуы биік болатынының жарқын дәлелі. Бұл қазақстандық жастардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін тағы бір мәрте көрсетті.

12:21
89
Нет комментариев. Ваш будет первым!