Ақмола облысында елдегі ең ірі цифрлық кампус іске қосылады
Аграрлық әлеуетімен танымал Ақмола облысы цифрлық болашаққа сенімді қадам жасап отыр. Өңір дәстүрлі ауыл шаруашылығы орталығынан Қазақстанның жаһандық цифрлық инфрақұрылымының маңызды буынына айналып келеді. Бұл өзгерістердің айқын көрінісі – Аршалы ауданында «VTK Global Investments and Trading» ЖШС жүзеге асырып жатқан ауқымды жоба. Мұнда жаңартылатын энергия көздерімен интеграцияланған еліміздегі ең ірі деректерді өңдеу орталығының құрылысы жүргізілуде.
«Ақмола» деп аталған жоба жалпы қуаты 100 МВт болатын ІТ-кампусты құруды көздейді. Оның ерекшелігі – озық технологиялар мен экологиялық шешімдердің үйлесімінде. Бабатай станциясы маңында күн электр станцияларын орналастыру жоспарланған. Олар серверлік залдарды таза энергиямен қамтамасыз етіп, олардың үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. «Жасыл» энергияны пайдалану көміртек ізін азайтып, елдің аса маңызды ақпараттық жүйелерінің сенімді жұмысын қамтамасыз етеді.
Кампустың жұмысы екі контурлы модель бойынша ұйымдастырылады. Біріншісі – қуаты 20 МВт болатын жоғары қорғалған суверенді аймақ. Ол мемлекеттік маңызы бар міндеттерді орындауға және деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған. Екіншісі – қуаты 80 МВт болатын коммерциялық аймақ, ол бизнес қажеттіліктеріне және қарқынды дамып келе жатқан бұлтты сервистер нарығына қызмет көрсетеді.
Жоба өңірдің адами капиталын дамытуға да ерекше мән береді. Оның аясында жоғары білікті мамандар үшін 150 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бұл жергілікті жастарға жоғары технологиялар саласында өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, өңірдегі білім беру ұйымдарын киберқауіпсіздік пен бұлтты технологиялар бағытында мамандар даярлауға ынталандырады.

