Әйелдерге қатысты қудалау мен зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік саясаты
Ш.Уәлиханов ат. Көкшетау университеті психологы А.Абитаева:
Қудалау (сталкинг) және зорлық-зомбылықтың басқа түрлері өзектілігін сақтап отыр, себебі олар көбіне әлеуметтік тұрғыдан «елеусіз» көрінетін әрекеттерден — мазасыз хабарламалардан, бақылаудан, психологиялық қысымнан — басталып, уақыт өте келе адамның қауіпсіздігі мен денсаулығына нақты қауіпке айналуы мүмкін. Қазіргі коммуникациялар мен әлеуметтік желілер тікелей байланыссыз-ақ қудалау мүмкіндігін кеңейтті. Сонымен қатар көптеген жағдайлар стереотиптер, айыптаудан қорқу немесе қауіпті бағаламау салдарынан ұзақ уақыт назардан тыс қалады. Сондықтан мұндай мінез-құлықты ерте анықтау мен алдын алу қоғамның, білім беру ұйымдарының және көмек көрсетуші мамандардың маңызды міндеті болып табылады.
Сталкинг — адамның еркінен тыс оны мазалау және қудалау: үздіксіз хабарламалар мен қоңыраулар, аңду, үйінің немесе жұмысының жанында күту, қорқыту, әлеуметтік желілер немесе таныстар арқылы бақылауғаль жүргізу. Оны кейде «махаббат үшін күрес» не «табандылық» деп романтизациялайды, алайда шын мәнінде бұл — психологиялық зорлық-зомбылықтың бір түрі және ол қысым мен қорқытудан бастап физикалық зиян келтіруге дейін ұласуы мүмкін.
Әдетте бәрі қарым-қатынастан бас тартудан басталады, бірақ екінші тарап оны қабылдамайды. Күніне ондаған хабарлама, «кездейсоқ» жолығулар, достар мен туыстар арқылы қысым көрсету, жеке деректерді жариялау, бопсалау пайда болады. Қудалаушылар көбіне бұрынғы серіктестер болады, бірақ әріптес, таныс немесе тіпті бейтаныс адам да болуы мүмкін. Негізгі белгі — анық айтылған «жоқ» сөзін елемеу.
2024 жылғы 16 шілдеден бастап Қазақстан Республикасында денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру (ҚК 108-1-бап) және ұрып-соғу (ҚК 109-1-бап) үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша криминализациядан бері 27 429 қылмыстық іс тіркелді, оның 10 818-і отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында (жұбайлар арасында — 8 024; туыстар арасында — 2 794). 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекске 115-1-бап (сталкинг) және 125-1-бап (некеге тұруға мәжбүрлеу) енгізілді. 2026 жылғы қаңтардың соңына қарай 125-1-бап бойынша 30 іс және 115-1-бап бойынша 27 іс тіркелген. Алайда бұл көрсеткіштер мәселенің тек бір бөлігін ғана көрсетеді: әйелдерді алып қашу («қыз алып қашу») жағдайлары жиі жасырылып, ресми статистикаға кірмей қалады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңнаманың күшеюінен кейін полиция жүйелі қудалауды, әсіресе қорқыту болған жағдайда, психологиялық қысым түрі ретінде жиірек қарастыра бастады.
Мәдени контекст те маңызды. Қоғамдық талқылауларда сталкинг тақырыбы кейде қалыңдық алып қашу дәстүрімен қиылысады. Тарихи тұрғыда бұл рәсім қыздың келісімімен жасалуы мүмкін болған, алайда қазіргі кезде ол жиі мәжбүрлі түрде жүзеге асады. Қызды күшпен ұстап, «отбасын ұятқа қалдырма» деп көндіру және еркін кету мүмкіндігінен айыру — дәстүр емес, мәжбүрлеу мен зорлық. Мұндай жағдайларда сталкингтің белгілері бар: адамның еркін елемеу, қысым көрсету, таңдау еркіндігін шектеу, тек әлдеқайда қатал түрде. Сондықтан олар адам ұрлау және некеге мәжбүрлеу ретінде саралануы мүмкін.
Сталкинг өздігінен тоқтай бермейтінін түсіну маңызды. Көп жағдайда ауыр қылмыстар «жай ғана» хабарламалар мен аңдудан басталады. Сондықтан басты қауіпсіздік қағидасы — мүмкіндігінше ерте әрекет ету: байланысқа түспеу, дәлелдерді сақтау, жақындарды ескерту және полицияға жүгіну. Тікелей қауіп төнсе — бірден 102 нөміріне хабарласу керек.
Сталкинг кезінде жәбірленуші мен айналасындағылар не істеуі керек?
Сталкинг ашық зорлықтан басталмайды — алдымен «жай ғана хабарламалар», «жай ғана кездесулер», «жай ғана қызғаныш» болады. Ең үлкен қателік — жағдайдың ушығуын күту.
Егер сізді қудаласа
1.Шекараны бір рет нақты белгілеңіз
Қысқа түрде: «Маған жазбаңыз және жоламаңыз». Одан кейін ешқандай түсіндіру жоқ.
2.Толық елемеу
-хабарламаларға жауап бермеу;
-достар арқылы сөйлеспеу;
-«тыныштандыруға» тырыспау.
Кез келген жауап — назар, ал назар қудалауды күшейтеді.
3.Дәлелдерді сақтаңыз
Хабарламалар, қоңыраулар, пікірлер, жалған аккаунттар, үй не жұмыс жанындағы кездесулердің фотолары.Оларды бұлтқа сақтаған немесе сенімді адамға жіберген дұрыс.
4.Айналаңызды хабардар етіңіз
Жұмыс орнын, күзетті, көршілерді, туыстарды — қудалаушы көбіне басқа адамдар арқылы байланыс орнатуға тырысады.
5.Өміріңізді емес, қауіпсіздікті өзгертіңіз
-геолокацияны өшіру;
-нөмірді ашық қолжетімділіктен алып тастау;
-құпиялық баптауларын күшейту.
6.Полицияға жүгініңіз
«Тек жазады» болса да. Жүйелілік — арыз беруге негіз. Қауіп төнсе — 102.
Егер сіз туыс, дос немесе әріптес болсаңыз
Ең бастысы — мәселені жоққа шығармау. «Өзі қояды», «жақсы көргеннен», «арандатпа» деген сөздер қауіпті арттырады.
Нақты көмектесетін әрекеттер:
1.Дәлел жинауға көмектесу және куә болу.
2.Делдал болмау және хабарлама жеткізбеу.
3.Қажет болса, үйге, жұмысқа немесе полицияға бірге бару.
4.Егер адамды ұстап тұру немесе алып қашу болса:
-бірден 102-ге қоңырау шалу;
-нақты орнын айту;
-«отбасылар келіссін» деп күтпеу.
Қауіп жоғары болған жағдайдадереу полиция шақыру қажет, егер:
-қорқыту айтылса;
-үй жанында күтіп тұрса;
-үйге кіруге әрекет жасаса;
-мүлікті бүлдірсе;
-түнде қудаласа;
-бұрын серіктес болған болса.
Сталкинг — сезім туралы емес, шекара мен қауіпсіздік құқығы туралы мәселе. Қоғам қысымды «дәстүр» немесе «махаббат» деп ақтауды тоқтатқан сайын, оның зорлыққа ұласу қаупі азаяды. Ал дәлелдер мен ресми әрекет неғұрлым ерте басталса, соғұрлым қудалау физикалық зиянға жетпей тоқтайды.
Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз.
