Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

Ұлттық паркті табиғи қалпында сақтап, байыта түссек дейміз

Ұлттық паркті табиғи қалпында сақтап, байыта түссек дейміз

Табиғаты тылсым сыр мен аңызға толы көрікті Бурабайда жыл өткен сайын туристер ағыны көбейе түсуде. Курортты аймақтың танымалдығы экономикалық тұрғыдан тиімді болғанымен, келушілер санының көбеюінен табиғат өзінің бастапқы қалпын сақтай алмай қалу қаупі де жоқ емес. Осы ретте, аймақтың әсем де тұнық табиғатын сақтап қалу әрі сол шаралар туристерге кері әсерін тигізбеуі үшін қандай шешімдер қабылданып жатқанын «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Сергей Васильевич Быковтан сұрап білуді жөн санап, арнайы әңгімеге тартқан едік.

– Сергей Васильевич, 2025 жыл Бурабайға келуші туристер санының артуы жөнінде рекордтық жыл болғаны белгілі. Ұлттық парк мұндай жүктемені қалай көтерді?

– Шынында да, ұлттық паркке келушілер саны жыл сайын 10-15 пайызға артып келеді. Бір жағынан, бұл туристік тартымдылықтың оңтайлы көрсеткіші болса, екінші жағынан экожүйеге үлкен қауіп. Мәселен, туристердің көптеп ағылуы қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесін ушықтырып жіберді. Сондықтан, біздің қазіргі басты міндетіміз – осы танымалдық арқылы Бурабайдың табиғи негізінің жойылып кетуіне жол бермеу. Осы себепті 2025 жылғы барлық іс-шаралар бақылауды күшейтуге, инфрақұрылымды жаңғыртуға және антропогендік жүктемені жүйелі басқаруға бағытталды. Қабылданған әрбір шешім ғылыми тұрғыдан сараланып, бұған дейін жүргізілген зерттеулерге негізделді.

– 2025 жылға жоспарланған міндеттер нәтижелі орындалды ма?

– Біз ұлттық паркті дамытуға бағытталған жоспарлар мен бөлінген бюджеттің 100 пайыз орындалуын қамтамасыз еттік. Бурабай орман шаруашылығы аумағында бақылау алаңқайлары салынды. Олар паркке келушілер санын реттеу арқылы оның тапталу және бүліну жүктемесін азайтты, сонымен қатар келушілерді қызықтыратын мүлдем жаңа аумақтардың ашылуына мүмкіндік берді. Бұланды және Приозерное орман шаруашылықтарында кордондардың құрылысы аяқталып, арнайы техникалар сатып алынды. Өткен жылы жасалған ең маңызды қадам ретінде Жедел басқару орталығының жаңғыртылғанын атап өткім келіп отыр. Бұл арқылы парктің цифрлық инфрақұрылымы нығайтылып, технологиялық дайындық деңгейі артты деуге болады.

Паркті басқаруда да цифрландыру технологиялары қолданылып жатыр дейсіз ғой…

Әрине, қолданып жатырмыз. Жоғарыда айтып өткенімдей, 2025 жылы Жедел басқару орталығы жаңғыртылды, Щучье көлінде автоматтандырылған мониторинг станциялары орнатылды. Соның арқасында келіп түсетін ақпараттың көлемі мен сапасы артып, қауіпсіздік деңгейі айтарлықтай көтерілді. Бұл кез келген жағдайға жедел әрекет ету уақытын қысқартып, заң бұзушылықтарды анықтау көрсеткішін 15 пайызға арттыруға мүмкіндік берді.

2026 жылы біз парктің интерактивті цифрлық картасын іске қосамыз, бейнебақылау жүйесін кеңейтіп, инфрақұрылым нысандарын автоматты түрде басқаруды енгіземіз. Мұндай үлкен аумақты цифрлық шешімдерсіз басқару қазір мүмкін емес.

– Экологияны қорғау мен қоқыс мәселесі Бурабайдағы ушығып тұрған жағдай ғой. Осыған қандай шаралар қолданып жатырсыздар?

– 2025 жылы курортты аумақтан 4900 текше метрге жуық қоқыс шығарылды, оның 3100 текше метрін «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері мен техникасының күшімен жиналды. Жиналған қоқыстың орташа көрсеткішіне көз жүгіртсек, бір келуші шамамен 2,2 келі қоқыс лақтырған болып тұр. Бұдан туризмнің экологияға жаппай әсер етіп жатқанын көруге болады. Сондықтан, бұл орайда, біз қоқыс мәселесін тек жинаумен ғана емес, адамдардың бойында экологиялық мәдениет қалыптастырумен шешу керек деп санаймыз. Осы ретте, біз экотуризмді, яғни, қоршаған ортаға зиян келтірмей, табиғатты зерттеуге бағытталған жауапты саяхат мәдениетін насихаттаудамыз. Себебі, тепе-теңдікті сақтау қажет. Осыған орай, геймификацияланған «Бөлектау» экосоқпағы, жаңа бағыттар мен бақылау алаңқайлары ашылды. Бұлар хаосты жүктемені азайтатын және экологиялық сананы қалыптастыратын басқарылатын және танымдық туризмге жатады.

– 2026 жылы экологиялық жүктемені азайту үшін қандай шаралар жоспарлануда?

– 2026 жылғы стратегия экожүйелерді кешенді сақтау мен қалпына келтіруге негізделген. Бұл – автокөліктердің курортты аумаққа кіруін кезең-кезеңімен шектеп, көліктерді сырт жақта ұстап қалуға арналған тұрақтар құру, халық көп жиналатын орындарды баламалы локацияларға Үлкен Шабақты, Щучье, Қатаркөл көлдеріне қарай бағыттау көзделген. Автокөліктердің кіруін шектеу дегеніміз тыйым салу немесе құқықтарды шектеу емес, бұл экожүйені сақтауға және туризмді ұзақ мерзімді дамытуға бағытталған ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқарудың әлемдік стандарты. Мәселе «жіберу немесе жібермеуде» емес, Бурабайдың табиғи байлығын жойып алмау үшін ағынды қалай басқару керектігінде болып тұр.

2026 жылы Бурабай көлінің экожүйесін сақтау мақсатында биологиялық тазарту аясында су айдынына ақ амур дернәсілдерін жіберу жоспарланған. Бұл әдіс көлдегі өсімдіктердің шамадан тыс жайылып кетуін табиғи жолмен азайтуға және судың сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Барлық шаралар мамандардың бақылауымен және биоалуантүрлілікке тигізер әсерін бағалау арқылы жүзеге асады.

Сондай-ақ, ормандардың құрып кетуіне жол бермей, сауықтыру және орман қорына мониторинг жүргізу мақсатында 40 сынама алаңында ғылыми кесу жұмыстары жүргізіледі. Сол сияқты, туристік бағыттардағы антропогендік салмақты азайту үшін соқпақтарды ағаш төсемдерімен жабдықтау жоспарланған. Бұл ағаштардың тамыр жүйесінің зақымдануын, топырақтың тапталуын болдырмайды және туристер үшін қауіпсіз жағдай жасайды. Басқа да жоспарлар өте көп, оларды іске асыру барысында біле жатарсыздар.

– Сонда да ұзақ мерзімді перспективада «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өзіндік орнын қалай көресіз?

– Біздің басты мақсатымыз қолда бар байлықты, яғни, осы ұлттық табиғи паркті бірегей экожүйесі сақталған, әлемдік деңгейдегі үлгілі ұлттық парк атауында ұстап қалу. 2026 жылға жоспарланған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде антропогендік жүктемені азайту, орман және су экожүйелерін тұрақтандыру және табиғи ресурстардың ұзақ мерзімді төзімділігін арттыру қамтамасыз етіледі. Біз Бурабайдың тек шипажай ретінде ғана емес, болашақ ұрпақ мақтан ететін тірі әрі тұрақты экожүйе ретінде сақталғанын қалаймыз. Бір сөзбен айтқанда, демалушылар мен туристерге «ұлттық паркке келіп дем ал, бірақ, табиғатын сақтауды ұмытпа» дегім келеді.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбатты жүргізгендер Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,Айя КАЛЯГИНА.

18:10
118
Нет комментариев. Ваш будет первым!