Ата Заң – тәуелсіздік тірегі
Заң адамзат үшін оның еркіндігін паш етіп, құқығының аяқ-асты болмауына мол ықпал етеді. Заң ең алдымен адамдарға қызмет ету үшін жасалады.
Адам дүниеге келгеннен бастап, бар өмірі Ата Заңмен жүйеленеді. Алғашқы құжаты - Туу туралы куәлігі беріліп, сол елдің азаматы екенін нақтылап, өмірінің қауіпсіздігіне кепілдік береді. Ол одан әрі білім алуға, еңбек етуге және толып жатқан басқа да құндылықтарды игеруге еркіндік пен құқық алады.
Сот жүйесі де адамның құқығын сақтаудың бір арнасы. Ешкім өзінің нәсілі, тілі, түрі және діні бойынша алаланбайды, кемсітуге ұшырамайды. Бұл Ата Заңымызда баса айтылған қағидалар. Сондықтан сот төрелігінің негізгі мақсаты – адам құқығы мен бостандығын сақтауға дәнекер болуды білдіреді.
Қазір тәуелсіз елімізде қаншама заңдар қабылдануда. Ешкім бей-берекет жазаланбайды. Себебі, заң бәріне ортақ. Біздің де бар міндетіміз – өзімізге берілген қызметті адал атқару болып табылады. Бүгінде қылмыстық және процессуалдық заң талаптарында да заман ағымына орай жаңалықтар көп. Әсіресе, заңдарды ізгілендіру мақсатында көптеген жаңа өзгерістер енгізілді.
Қазіргі кезде дау-дамай туған оқиғаларда оның барлығын сотта қарай берудің де әуре-сарсаңы көп, сондықтан, екі жаққа да тиімді болып табылатын, медиация заңы кеңінен тарауда. Ұзаққа созылған сот процестері адамдарды әбден шаршатады. Кейбір сотта қаралатын істер сотқа жетпей, өзара келісу арқылы шешімін табатын мәселе болып келеді. Мысалы, бір-біріне ақшаны қарызға берген екі адамның арасындағы дау. Сотқа арызданған дауды шешу жолы ұзаққа созылады.
Елімізде жаңалық болып енгізілген медиация заңы – осы тәрізді ұсақ-түйек мәселелерді, дауларды балама шешудің бейтарап жолы. Медиатордың басты міндеті екі тарапты татуластыру, олардың өзара дауларын оңтайлы жолмен жедел шешіп беру.
Медиация болсын, басқа да азаматтық және қылмыстық істерді қарау Ата Заңымызда айтылған қағидалармен ұштасуы тиіс.
Ата Заң – ізгілік пен мейірімділіктің алтын арқауы. Қай елдің заңын алсақ та, ең алдымен өз елінің әр азаматы бақытты өмір сүруіне жағдай жасау жолында қызмет етеді. Біздің Ата Заңымыз осы елді мекен ететін әр ұлттың бірлігін жарастырып, берекесін нығайтады.
Сот жүйесінің жаңа реформаларының басты көздегені – осы келелі міндеттерді жүзеге асыру. Қоғамның ең басты құндылығы – адам десек, оның бостандығы мен құқығын қорғау мақсатында сот жүйесі әділ де, тәуелсіз қызмет етеді.
Әсел Ильясова, Бурабай аудандық сотының төрағасы