Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

​Мемлекеттік қызмет агенттігі AMANAT партиясымен бірге ауыл әкімдерін оқытуды бастайды

​Мемлекеттік қызмет агенттігі AMANAT партиясымен бірге ауыл әкімдерін оқытуды бастайды

Биыл, 2025 жылдың 17 ақпанынан бастап Қазақстанның 17 өңірінде ауылдық округтердің әкімдерін көпсалалы оқыту басталады.

Бағдарлама 240 сағатқа есептелген, оның 100 сағаты ауылдық округтердіегі скринингтер мен мамандандыруға, жеке қосалқы шаруашылықтардың (бұдан әрі – ЖҚШ) тауарлық салмағын анықтауға, жеке қосалқы шаруашылық өнімдерін өңдеу мен ЖҚШ-ларды сертификаттауға, өнімдерін сатуға арналған.

Жалпы, ауылдық округтердің әкімдері ауыл тұрғындарының табысын арттыру және ауылдық округтердің салықтық базасы жөніндегі оқытулардан өтеді. Білім беру қорытындысы бойынша еліміздің әрбір ауылдық округінің экономикалық даму бағдарламалары әзірленеді.

3 кезеңде, 6 оқу модулінде өтетін оқыту бағдарламаларына 2000 әкім қатысады.

Оқыту ауылдық аймақтардың экономикасын дамытудың шешуші аспектілерін, соның ішінде маркетингтік зерттеулерді, ЖҚШ-лардың өндіріс көлемін анықтау, кооперация жобаларды әзірлеу мен шикізатты өңдеу мүмкіндіктері сияқты экономикалық өсу факторларын қамтиды.

Әрбір ауылдың скринингтік мәліметтерін ескере отырып, әкімдер AMANAT партиясының лекторларымен бірге ауыл экономикасының өсуіне қажетті жағдайларды қамтамасыз ететін ауылдық округтердің экономикалық дамуының таяу жылдарға (3-5 жылға) арналған Бағдарламасын әзірлейді.

Білім берудің әрбір кезеңінде әкімдерге AMANAT партиясының лекторларының тұрақты бақылауымен және сүйемелдеуімен үй тапсырмаларын орындап отыру үшін онлайн практикумдар қарастырылған.

«Әкімдер мектебі» жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен іске қосылды.

Атап айтқанда, 2025 жылғы 28 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент: «Әкiмдердi тiкелей сайлаудың енгiзiлуi мемлекеттiк қызметшiлердiң жаңа санаты – сайланған басқарушылардың пайда болуына әкелдi». Оның айтуынша, олардың арасында бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемегендер қазір көбірек болғандықтан, сайланатын әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды жан-жақты оқыту мәселесі өзекті болып отыр. «Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, «Әкімдер мектебі» оқыту жобасын іске қосуды тапсырамын. Осы орайда мұндай жұмыстарды бұрыннан атқарып келе жатқан AMANAT партиясының оң тәжірибесін де ескеру қажет», деді Мемлекет басшысы.

«Ел Президентінің бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси реформалар аясында барлық ауылдық округтердің әкімдерін халық сайлайды. Олардың арнайы мандаты бар. Оған қоса сайлаушылар алдында да үлкен жауапкершілік арқалайды. Әкімдердің басым бөлігі AMANAT партиясының өкілдері екендігін ескерсек, біз олардың нәтижелі жұмыс істеуіне мүдделіміз. Халық тағайындалған әкімдер мен сайланған әкімдердің айырмашылығын көруі керек.

Сондықтан партия әкімдерді экономиканы түйсінуге үйрететін және ауыл тұрғындарының нақты табысын арттыратын оқу модульдерін әзірледі», – дейді ұйымдастырушылар

Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанның ауылдық жерлерінде 7,5 миллионнан астам халық тұрады, ал олардың бақуаттылығы әкімдердің жұмыс сапасына тәуелді. Ауылдар – ел экономикасының діңгегі болғандықтан, оны сауатты да белсенді көшбасшылар басқаруы тиіс.

11:18
172
Нет комментариев. Ваш будет первым!