Антон Лапенко мен Maul Comic Con Astana фестивалінде жанкүйерлерімен кездесу өткізді
ІІІ халықаралық Comic Con Astana фестивалінде атақты блогер және актер Антон Лапенко жанкүйерлерімен кездесу өткізді, ал Германиядан келген әйгілі косплеер Геральта өзінің шығармашылық өміріндегі қызықты оқиғаларды айтып берді
Comic Con Astana халықаралық фестивалінің алаңында танымал блогер, актер және веб-сериалдың авторы Антон Лапенко заманауи танымал мәдениеттің жанкүйерлерімен кездесті. Ол 2019 жылы VHS ретро-видео форматындағы Instagram-да әзіл-сықақ скетчтерінің авторы ретінде кеңінен танымал болды. 2020 жылдың наурызынан бастап оның танымалдығы күрт өсті, ол телешоулар мен сұхбаттарға шақырыла бастады.
Оның ең танымал шығармаларының бірі – бас кейіпкерлердің бәрін Антон Лапенконың өзі ойнайтын және сюжеті Instagram-дағы скетчтер сериясына негізделген «Внутри Лапенко» веб-сериалы болды. 2021 жылдың наурызына қарай Лапенко 4,5 миллионнан астам оқырман жинап алды.
Comic Con Astana сахнасында блогер комикстерге негізделген «Нағыз қаһарман» фильмінің тұсаукесерін өткізді. Фильмде оқушылардың алдында беделі жоқ, оқушылар ашықтан-ашық оны мазақ қылатын, кейін кенеттен өзінің супер күшін тапқан мектеп мұғалімінің оқиғасы баяндалады.
Антон Лапенко жанкүйерлеріне болашақ жоспарлары жайлы айтып берді:
«Әрі қарай да Instagram үшін түсіруді жалғастыра беремін, сонымен қатар қазір кинодағы түсірілім кестем де өте тығыз. Сондай-ақ Stop Motion анимацияға да қызыға бастадым. Мультфильмдер шығарумен де айналысқым келеді, кейбір нәрселерді қолымнан келгенше істеп те жүрмін».
Кездесуді жүргізген қазақстандық киносыншы Кәрім Қадырбаев Лапенкодан кинода ер мінезді кейіпкерді қалай жасау керек және еркек болу деген не деп сұрады.
«Еркек болу – ақылды, тәрбиелі болу, басқаларды құрметтеу, провокацияға ермеу және кез-келген мәселе мен жанжалды күш жұмсамай, сөзбен шешуге тырысу», - деді Антон Лапенко.
Comic Con Astana фестиваліндегі косплейде нағыз ерлердің образына Германиядан келген атақты косплеер Maul жауап берді. 2024 жылғы халықаралық фестивальде ол екі образды: «Ведьмак» сагасының бас кейіпкері Ривийлік Геральтты және Cyberpunk 2077 ойынындағы Винсентті (V) көрсетеді. Косплеер өз жанкүйерлеріне қызықты әрі бір жағынан қорқыныштылау оқиғаны айтып берді:
«Жұбайым екеуміз комикс конвенцияларының бірінен келе жатқанда, жолда көлік апаты болды. Ешкім қатты зардап шеккен жоқ, мүмкін бірнеше жарақат алған шығар. Құтқарушылар мен жедел жәрдем келгенше, әйелім екеуміз көліктердегі адамдарға көмектесуге бардық. Бірақ әйелім екеумізде гримм және үстімізде бутафорлық қан жағылған киім болатын, тіпті әйелімнің басында үлкен өтірік жарақат болған. Құтқарушылар келгенде бізге дәрігерлер де, өрт сөндірушілер де бірінен соң бірі келіп: «Сіздерде бәрі жақсы ма? Неліктен соншама қан-қан болғансыздар?» деп сұрақтың астына алды. Біз ол жерден тезірек кетіп қалғымыз келді, өйткені біз косплеер екенімізді және оны не үшін жасайтынымызды түсіндіруден шаршадық».
Сонымен қатар Comic Con Astana екінші күнінде «Сиқыр кабинеті» лекториясында кездесулер мен мастер-класстар өтті. Қазақстандық режиссер, Нью-Йорк киноакадемиясының түлегі Мәлік Зеңгер «Қазақстанда ең хайпқа айналатын клиптерді қалай жасау керек» деген тақырыпта мастер-класс өткізді. Комикстер авторы, суретші Әлібек Қожагелдиев «Комикстен киноға дейін: хоббиді қалай табысты кәсіпке айналдыру керек» деген тақырыпта лекция өткізді.
Күні бойы Comic Con Astana алаңында қолтаңба-сессиялар, арнайы көрсетілімдер және тұсаукесерлер өтті.
Фестивальдің шоу-бағдарламасының дәстүрлі элементі – жүлде қоры 12 000 000 тг болатын халықаралық кәсіби косплей байқауының екінші іріктеу кезеңі басталды.
Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Беларусь, Ресей, БАӘ, Қытай, Грузия, Черногория, Ұлыбритания, Армения, Кипр және Тайланд сияқты әлемнің 14 елінен косплейерлер қатысуға өтінім берді.
Биылғы фестивальдің хедлайнерлерінің бірі – «Ганнибал» сериалы, сондай-ақ «Доктор Стрэнж», «Казино „Рояль“», «Изгой-один. Жұлдызды соғыстар: Оқиғалар», «Индиана Джонс және Тағдыр дөңгелегі» фильмдерімен әлемге әйгілі даниялық актер Мадс Миккелсен.
Comic Con Astana үшінші халықаралық фестивалі 25-28 шілде аралығында «EXPO» ХКО-да өтеді.