Астанаға халықаралық жетекші дәрігерлер мен медицина саласының ғалымдары келді
27-28 сәуірде Астанада Инновациялық-профилактикалық медицина институты ұйымдастырған ең ауқымды медициналық фестивальдердің бірі – Nobel Fest: Медициналық инновациялар өтті. Бірегей шара әлемге әйгілі 40-тан астам ғалымдар мен дәрігерлердің басын қосып, ғылым, инновация және білім беру әлемін біріктірді.
Іс-шараның негізгі спикерлері Ресейдің бас геронтологы Ольга Ткачева, молекулалық патология саласындағы жетекші маман Игорь Кветной, профессор, медицина ғылымдарының докторы, ФМБМ бас ғылыми қызметкері Дмитрий Семенов, Серпін сыйлығының иегері Паскаль Майер және жетекші американдық нейрохирург Сәлім Абдулрауф секілді медицина саласындағы сарапшылар болды.
Өзінің құттықтау сөзінде «Инновациялық-профилактикалық медицина институты» КҚ директоры, ҚР ҰҒА академигі, профессор Валерий Бенберин форумды өткізудің маңызын атап өтті:
«Бұл форум бізге дербестендірілген медицина, биоинформатика, жасанды интеллект және клиникалық медицинаның әртүрлі бағыттары бойынша алдыңғы қатарлы халықаралық деректермен танысуға бірегей мүмкіндік ұсынады. Сондай-ақ бұл жерде адам ағзасының нейро-иммуноэндокриндік реттелуі саласындағы іргелі зерттеулер мен дің жасушаларын зерттеудегі соңғы жетістіктер туралы өзекті ақпарат беріледі. Біз хирургияда робот–ассистендірілген технологияларды қолдану бойынша тәжірибе алмасып, жұмыстың ғылыми- клиникалық аспектілерін талқылай аламыз!».
Ресей геронтологиялық ғылыми-клиникалық орталығының директоры, Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс гериатры Ольга Ткачева бүгінгі таңда адамның ұзақ жасауы мен өмір сүру ұзақтығына қандай факторлар әсер ететіні жайлы айтты:
«Кейінгі 100 жылда медициналық технологияның дамуы арқасында туылған кездегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы шамамен 30 жылға ұзарды. Орташа өмір сүру ұзақтығы да артты, бірақ максималды өмір сүру ұзақтығы жоғарыламады. Қазіргі кезде тіркелген ең максималды өмір сүру ұзақтығы - Жанна Калмоньдікі, 122 жыл 164 күн.
Жүйенің мүшелері әртүрлі қарқынмен қартаяды, биологиялық жасты қадағалау үшін жүрек-тамыр жүйесін, метаболизм жүйесін, когнитивті функцияларды, көру органдарын және т.б. қадағалау керек. Сондықтан қартаюдың әртүрлі биомаркерлеріне негізделген әртүрлі калькуляторлар жасалып жатыр. Осындай калькуляторды пайдаланып қан тамырларының жасын анықтауға болады. Осы калькуляторлардың бірі біздің орталықта жасалған, аталған калькулятор қантамыр қабырғасының қаттылығын бағалауға негізделген. Қабырғаның қаттылығы жасқа қарай артып, тамырлардың биологиялық жасын анықтайды».
Ресей Федерациясының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, директордың "Іргелі медицина" жөніндегі орынбасары Игорь Кветной шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, ғылымды қоғам арасында кеңінен насихаттаудың маңызына тоқталды:
«Мұндай ғылыми фестивальдерді өткізу Қазақстан, Астана үшін орасан зор оқиға болып табылатын іргелі білімнің дамуына ықпал етеді. Ұйымдастыру комитетіне және академик Валерий Бенберинге осы дәуірлік іс-шараға қатысуға мүмкіндік бергені үшін жеке алғыс айтамыз. Білім – біздің басты капиталымыз. Бүгін біздің мақсатымыз – адамзатты сақтауға және адам өмірін құтқаруға бағытталған ғылым, өнер және кәсіпті біріктіретін заманауи медицина жетістіктерін сіздерге таныстыру».
Профессор, медицина ғылымдарының докторы, РФ Денсаулық сақтау министрлігі Санкт-Петербург фтизиопульмонология ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Дмитрий Семенов робот–ассистендірілубүгінгі күні хирургиялық процестің дәлдігін қалай өзгерткені туралы айтты:
«Бұл мүлдем басқа әрекет дәуірі, өйткені біздің мамандықта медициналық емдеуден бөлек, біз хирургиялық көмек көрсетеміз және бізде әрдайым хирургиялық агрессия және хирургиялық қол жетімділік мәселесі болды, осының бәрі емдеуіміздің нәтижелерін қиындатты. Бұл сұрақта робот–ассистендірілген хирургия алдыңғы қатарлы шешім болды. Осы әдістің арқасында қашықтықтан басқарудың бірегей мүмкіндігі пайда болды, сондай-ақ адам қолының табиғи қалтырауының әсерін жою арқылы хирургиялық әрекеттердің дәлдігі де өзгерді».
Фестивальдің басты мақсаты – мыңдаған қазақстандықтарды білім, ғылым және инновацияға шабыттандыру. Nobel Fest жыл сайын 100 елден 500 мың қатысушы мен 500 университетті жинай отырып, ұзақ мерзімді даму мен ең жақсы болашақты қалыптастырудағы білім мен жан-жақты оқытудың рөлі туралы идеяны таратады.