Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

Ағайынды жақындастырған жарыс

Ағайынды жақындастырған жарыс

Өткен жексенбі – елімізде отбасы күні аталып өтті. Осы мерейлі мерекеге орай Көкшетау қаласында шағын футболдан «Бір атаның балалары футбол ойнайды» деген атаумен аймақтық жарыс ұйымдастырылды. Отбасы институтын нығайту, ағайын-туыс арасын жақындастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды спортқа тарту мақсатын көздеген доп добасына Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысының командалары қатысты.

Отбасылық командалар арасында «Бір атаның балалары футбол ойнайды» жарысын өткізу идеясының авторы – елімізге белгілі спорт журналисі, ұлттық дәрежедегі төреші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбаев екенін айта кеткен жөн. Өзге отбасылық турнирлерден басты айырмашылығы – бір атадан тараған ұрпақ қана ойнай алады. Ал жиендердің атасы басқа болғандықтан командаға алынбайды.

«А-студио арена» шағын футбол алаңындағы жарысты «Қазақстан әуесқой футбол лигасы» қоғамдық бірлестігінің Көкшетау қалалық филиалы қалалық ішкі саясат және мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің қолдауымен ұйымдастырды. Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан «Аманат» партиясы Ақмола облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ақманат Әлімбетова, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС-ның директоры Ербақыт Амантайұлы мен Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Ерік Мұратбеков қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың отбасы күніне орай өткізіліп отыруының маңыздылығына тоқталды. Жарыстың ең егде ойыншысы – 84 жастағы Аманбай Ақпаленов ақ батасын берді.

Турнирге Көкшетау қаласынан, Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов және Тайынша аудандарынан, Ақмола облысының Атбасар ауданынан командалар қатысты. Бес команда бір-бірімен кездесіп, жинаған ұпайларына байланысты жүлделі орындарды өзара бөлісті. Бір ойында тең түсіп, қалғанында жеңіліп қалған Шаменов әулетінің командасы мен бір жеңіс, бір тең ойыны бар Бектұр атаның ұрпағы жүлдегерлер тізімінен тыс қалды. Алғашқы екі матчта жеңіске жетіп, үшінші ойында қарсыласына 10-1 нәтижесімен ойсырай ұтылып, төртінші кездесуге мүлдем шықпаса да көкшетаулық Қаппасовтар командасының жинаған 6 ұпайы қола жүлде алу үшін жеткілікті болды. Ғабит Мүсірепов ауданынан келген Сатиев және атбасарлық Ақпаленов әулетінің командалары бір ойында ғана қарсыласқа есе жіберіп, қалған кездесулерін жеңіспен аяқтап, әрқайсысы 9 ұпайдан жинады. Алайда екеуара кездесуде Сатиевтер командасы жеңгендіктен бас жүлде соларға бұйырды. Ал командасының жартысы мектеп оқушыларынан құралған Ақпаленовтер күміс жүлдеге ие болды.

Айбақыт МЫРЗАТАЙ,

«Қазақстан әуесқой футбол лигасы» қоғамдық бірлестігінің

Көкшетау қалалық филиалының директоры.

09:34
321
Нет комментариев. Ваш будет первым!