Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

Ақмола облысының үздік спикері анықталды

Ақмола облысының үздік спикері анықталды

Ақмола облысы білім басқармасы және дарынды балалармен жұмыс жасаудың облыстық оқу-әдістемелік орталығының қолдауымен «Рухани жаңғыру » бағдарламасының аясында өңірлік «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Көкшетау қаласының №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының базасында пікірсайыс турнирін өткізді, деп хабарлайды Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы.

Турнирдің мақсаты мен міндеттері: қазақ қоғамында орын алып отырған проблемалық жағдайларды талдау және қоғамдық талқылау, нақты мәселелерді шешудің жолдары мен механизмдерін қалыптастыру арқылы оқушылардың әлеуметтік және шығармашылық белсенділігін арттыру. Сонымен бірге, Ақмола облысындағы мектептерде пікірталас қозғалысын дамыту, шешендік дағдыларды үйрету, тыңдау дағдыларын меңгерту, жастар арасында саяси мәдениетті қалыптастыруға жәрдемдесу сияқты қасиеттерді жасөспірімдердің бойында қалыптастыру болып табылады.

Турнирге 5-10 сынып аралығындағы оқушылар қатысып, жалпы саны 100 адамды қамтыды. Ұйымдастырушылар мемлекеттік маңызы бар тақырыптарды қамтуға тырысқаны анық. Себебі, алғашқы ойынның тақырыбы ұлттық код жайлы болды. Екі күнге созылған шара топтар арасында жеребе тастаудан басталды.

«Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының Ақмола облысы бойынша төрайымы Мәнсия Есекееваның айтуынша, турнир екі лигада (қазақ және орыс сыныптары арасында) өткен. Қатысушыларға алдын-ала семинар-тренингтер жүргізілген. Ойынның бірінші күні іріктеу айналымдарынан кейін кешкі уақытта спорттық жарыстар өткізген. Сондай-ақ, үздік спикерді анықтайтын бір ойын болған.

Алғашқы ойында жеңіске жеткен Шортанды ауданынан келген «Парасат» тобының мүшесі Ахмет Ахан турнир жайлы ойын білдірді: «Маған пікірсайыс қатты ұнады. Бұрын да жарысқа қатысқан болатынмын. Бұл – екінші жылым. Бүгінгі ойында қарсылас команда жақсы ойын көрсетті».

Қорытынды бойынша, қазақ лигасында жүлделі І орынды Көкшетау қаласы М.Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназиясының «Эрудит» құрамасы алған. ІІ орынды Қорғалжын ауданының «Құмсағат» тобы иеленсе, ІІІ орынды зеренділік «ЕрЖан» тобы еншілеген. Сондай-ақ, орыс лигасында жергілікті №5 мектеп оқушылары жеңімпаз атанған. Үздік спикерлер де көкшетаулық ойыншылар – Диас Қайырбеков пен Дмитрий Габовда.

18:07
3319
Нет комментариев. Ваш будет первым!