Продолжая использовать этот сайт, Вы должны согласиться на использование куки

​Өңірде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ақпараттық марафон өз мәресіне жетті

​Өңірде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ақпараттық марафон өз мәресіне жетті

Ақмола облысында ауыл халқының табысын, әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауқымды ақпараттық марафон өз мәресіне жетті. 10 күн ішінде партияның мобильді тобының өкілдері өңірдегі барлық ауданда, оның ішінде 60-қа жуық ауылда болып, тұрғындарға Үкіметтің әзірлеген тың бағдарламасы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасымен осы жолы Сандықтау мен Зеренді аудандарының тұрғындары танысты.

Ауылдықтардың бағдарламаға қызығушылықтары мол. Спасское ауылында өткен алғашқы кездесуге көрші ауылдардың тұрғындарымен ауыл әкімдері қоса келген. Соңғысы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша арнайы оқу курсынан өткенімен, бірқатар сұрақтарына жауап алу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен бағдарлама қандай мүмкіндіктер береді?! Біріншіден, ауыл тұрғындарының жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайтын жеңілдетілген несие рәсімдеуіне, екіншіден кооператив құру арқылы белгілі қызметтерді өз бағасымен алуына және үшіншіден, техниканы лизингке ресімдей алады. Ең бастысы, жеке ісін жолға қоюда білікті мамандар тарапынан кеңестер беріліп, сүйемелдеу жасалады.

Ал, ауылдың әлеуетін анықтап, тұрғындарға әрі қарай дайын бағытта кәсіп ашуды үйрету – ауыл әкімдеріне жүктелетін болады. Максимовский ауылдық округінің әкімі Ербол Атығаев қандай болмасын шаруашылықпен айналыспас бұрын, барлығын жоспарлап, есептеп алу керек деп санайды.

-Мен партияның ұйымдастырған оқуына қатысып, өзім үшін қажетті деген барлық мәліметті алдым. Бизнес-тренерлер нақты ақпарат бере отырып, мысалдармен бекітіп отырды. Алайда, барлығын жүзеге асыру үшін тәжірибе керек. Жалпы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдықтардың табысын арттыруға шынайы мүмкіндік береді деп санаймын, бұл мемлекет тарапынан жасалатын үлкен қолдау. Тек қолға алатын істі ауыл азаматы алдымен басынан аяғына дейін есептеп алу керек. Әсіресе, мал шаруашылығы болса, малдың азығына дейін қайдан, қалай алатынын дайындап алу керек. Одан қалды осы жоба бойынша ауылдықтар арасында осындай түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылғаны жақсы болды. Өзім жалғыз бәріне түсіндіріп-жеткізу оңай емес. Тек түсіндіру жұмысы тағы бір мәрте жүргізілсе деген ұсынысым бар,-дейді ауыл әкімі Ербол Бейсенбайұлы.

Сандықтау ауданының Дорогинка ауылының тұрғыны Әмірғазы Шәкеев «Ауыл аманаты» жобасы аясында қой шаруашылығымен айналысқысы келетінін айтады. Алайда, қажетті сомада несие алу үшін кепілдікке қоятын ауылдағы үйі арзанға бағаланады деп қорқады. Бизнес-жаттықтырушылар Үкіметтің осы жолғы бағдарламасы ауылдықтарға барынша ыңғайластырылғанын, несиенің кепілдік сомасынан бұрынғыдай 50 пайызы емес, 70 пайызы берілетіні айтылды. Ал, өз атында мүлігі жоқ жастарға олардың ата-аналары мен дос-жарандары өз мүлкін кепілге қоя алады. Ал, Адани Хамзатханов жобаның ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға ықпал ететініне сенімді. «Бүгін партияның өкілдері ауылымызға келіп, Үкіметтің бағдарламасы туралы бүге-шүгесіне дейін тарқатып айтып, түсіндірді. Жеке шаруашылықты дамытам десең де, ауылдастармен күш біріктіріп, кооператив құрамын десең де табысыңды арттыруға болатынына көзім жетті. Егер жобамен жақсырақ танысқан болса, ауылдастарымның барлығы да осы бағдарламаның халық үшін, елдің дамуы үшін жасалып отырғанын байқайды»,-дейді Спасское ауылының тұрғыны.

«Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асырмас бұрын алдымен ауылдағы әрбір үй бойынша статистикалық деректер жиналады. Әрбір елді мекеннің географиялық ерекшеліктері, жер мәселелері, сумен қамтамасыз ету, еңбек және қаржы ресурстары ескеріледі. Егжей-тегжейлі жасалатын талдау аудандарда қандай дақылдарды өсіруге қолайлы екенін, олардың аумағында қандай өндірістерді ашуға болатындығын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл деректер жергілікті атқарушы органдарға беріледі. Алынған талдауға сәйкес кәсіпкерлермен жұмыс жүргізіледі. Сондықтан, партияның мобильді топ өкілдері ауылдықтарға деректерді берерде мұқият болып, нақты мәлімет беруге шақырды.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдауға, ауылдықтарды агро бизнеске тартуға бағытталған жобаның жүзеге асуына қатысты ақмолалықтар тарапынан сұрақтар көптеп түсті. Оның бірі, әрине жер мәселесіне қатысты болды. Алайда, жайылымдық және шабындық жер жоқ деп қол қусырып отырмай, ауыл маңайындағы бос жатқан жерлерді жыртып, мал азығы болар шөптерді егіп, бүгінде көк майсада мал жайып отырған ауылдар да бар. «Ауылымыздың дәл жанында игерілмей бос жатқан жерлерді мал жайылымына ыңғайлап алдық. Жан-жағын қоршап та қойдық. Жерді жыртып, мал азығы болар шөптерді отырғыздық. Бұл жайылым өте өнімді. Мал да тоқ, ауылдастар да риза»,- дейді Максимовский ауылдық округінің әкімі Ербол Атығаев. Айта кетейік, «АMANAT» партиясы бүгінде «Жер аманаты» жобасы аясында пайдаланылмайтын және ауыл шаруашылығы мақсатындағы заңсыз берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ал, «Ауыл аманаты» жобасы алдымыздағы жылдың басында іске қосылады. Әзірге халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Партияның мобильді тобы бүгінде Солтүстік Қазақстан облысына аттанды.

14:25
239
Нет комментариев. Ваш будет первым!