«Рухани Жаңғыру» бағдарламасы бойынша Орталық кеңесінің алғашқы көшпелі отырысы Көкшетауда өтті
Бүгін облыс əкімі Мəлік Мырзалиннің қатысуымен «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы бойынша Орталық сараптама кеңесінің алғашқы көшпелі отырысы өтті Оған «Туған жер» кіші бағдарламасы бойынша жұмыс тобының тең жетекшісі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыздықов бастаған аталған жоғары оқу орнының професорлық-оқытушылық құрамы, танымал қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар, журналистер, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және партиялардың өкілдерінен құралған орталық сараптама кеңесінің мүшелері қатысып, атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Мәжілісте алдымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын өңірде іске асыру барысы туралы облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова және осы бағдарлама бойынша Ақмола облысында іске асырылған жобаларды сараптамалық бағалау туралы өңірлік сараптама кеңесінің төрағасы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Əбдімүтəліп Әбжаппаровтың баяндамалары тыңдалды.
Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша облыста 178 жоба мен кіші жоба, 91 шара бектілгенін атап өтті. Оның ішінде ағымдағы жылы 76 кіші жоба мен 15 шара жүзеге асырылып отыр. Жалпы, осы мақсатқа 2017-2022 жылдарға 10,2 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен» және «Ақпарат толқыны» тәрізді 4 кіші бағдарлама қолға алынып отыр.
«Есепті кезеңде өңірлерде 4,5 мыңнан астам іс-шара өткізілді. «Дөңгелек үстел» форматында 880 отырыс, 500 астам конференция, 70 форум, 980 жуық көрме, 47зерттеу экспедиция мен 2000 астам басқа да іс-шаралар ұйымдастырылған»,-деді Айна Мысырәлімова.
Ал, Əбдімүтəліп Әбжаппаровтың айтуынша, Елбасы мақаласы «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты - ұлттық кодты сақтай білу», – деп сананың жаңғыруы жолында атқарылар міндеттерді тайға таңба басқандай айқындап берген тарихи құжат болып отыр. Осы стратегиялық маңызды құжат аясындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Ақмола облысы әкімінің өкімімен өңірлік сараптамалық кеңес құрылып, жұмыс істеуде.
– Сараптамалық кеңестің құрамына Көкшетаудың құрметті азаматтары, қоғам қайраткерлері, танымал ғалымдар мен ақын-жазушылар енді. Сараптамалық кеңестің талқылауына облыс бойынша жалпы саны 50 жоба ұсынылды. Сараптамалық кеңестің шешімі бойынша 25 жоба ескертусіз жүзеге асырылуға мақұлданса, 9 жоба толықтырылуға қайтарылып, 16 жоба ұсынылмады, – деді Əбдімүтəліп Әбжаппаров.
Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша аудандарда жүзеге асырылып жатқан жобалар барысын сараптау үшін сараптамалық кеңестің мәжілістерін аудандарда өткізу деген сияқты ұсынысын білдірді.
Орталық сараптама кеңесінің алғашқы көшпелі отырысында «Туған жер» кіші бағдарламасы бойынша жұмыс тобының тең жетекшісі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыздықов Көкше жұртшылығын алдымен Еңбекшілдер ауданының Елбасы жарлығымен «Біржан сал» болып өзгертілгенімен құттықтап, «Бұл жұмысқа рухани қазынамызды жаңғырту мақсатында Ақмола облысының атқарған маңызды шаруасының бірі» деп баға берді. Оған қоса, жақында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабының тұсаукесері өткізілгенін айтты.
Бұдан кейін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің философия кафедрасының меңгерушісі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғарифолла Есім, археология және этнология кафедрасының профессор, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев, қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Әміржан Әлпейісов, «Рухани жаңғыру» институтының директоры, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Арын сияқты бірқатар ғалым мамандар сөз алып, Ақмола өңірінде сапалы жобаларды іріктеу бойынша ұсыныстарын айтып, пікірлерімен бөлісті. Осы орайда, Ерлан Арын «Рухани жаңғыру» бағдараламасын жүзеге асыруда ең бастысы сол жерде туған тарихи тұлғалардың есімдерін жаңғыртуға басты назар аудар керектігіне тоқталды.
– Ақмола облысы сал серілердің жері. Сондықтан, өңірде сал серілер есімін жаңғырту қолға алынса дұрыс болар еді. Сал серілер туралы энциклопедиясын шығару, мұражайын ашу жұмыстарын қолға алу керек, – дедіт Ерлан Арын.
Сонымен қатар, ол «Рухани жаңғыру» бағдараламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан шараларды бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде кеңінен насихаттау туралы ұсыныс айтты.
Жиын соңында орталық сараптама кеңесінің келер 2018 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Кеңес хатшылығының құрамы және өңірлік сарапшылар құрамы тағайындалды. Сонымен қатар, кеңестің келесі отырысы алдағы жылдың қаңтар айында Астана қаласында өтіп, онда киелі Қазақстан географиясының республикалық және өңірлік картасы бойынша жобалар талқыланбақшы.