Жер комиссия қандай мәселелерге назар аударуы тиіс?!
Ғалым Байтук, "Жер аманаты" комиссиясының мүшесі: пайдаланылмай бос жатқан жерді қайтару арқылы мал шаруашылығын дамытуға жол ашу қажет!
«AMANAT» партиясының жанынан "Жер аманаты" комиссиясы құрылған болатын. Аз ғана уақыттың ішінде аталған комиссия жұмысының нәтижелері де жоқ емес. «Ең бастысы, комиссия құрамына халық жанашырлары мен белсенділері кіріп отыр. Енді жұмыла іс атқарсақ, алынбайтын қамал жоқ,-дейді көкшетаулық қоғамдық пікір көшбасшысы Ғалым Байтук.
«Елімізде бір ғана адамның иелігінде 1,5 млн га жердің пайдаланылмай бос жатқаны анықталған. Масқара емес пе?! Бұл жер аумағы жөнінен Бельгия елінен де үлкен болып тұр. Ал, қаншама халық жайылымдық жер жоқ деп зар жылап жүр. Ол болса, не өзі пайдаланбайды, не халыққа бермейді. Бұл жерлер кезінде заңсыз беріліп отыр. Соны қайтаруымыз қажет. Солай ғана біз Президент айтқандай ауылшаруашылығын дамыта аламыз».
Ғалым Байтук жайылымдық жерді қайтаратын болсақ, ата-бабамыздан қалған дәстүрді, яғни мал шаруашылығынжандандыра аламыз,- дейді. «Бұл оңай шаруа емес. Десе де, қазақтың қанында бар ғой, алып кетеді. Егін шаруашылығына жарамайтын жерлерде мал, құс шаруашылығын дамытуға ден қою керек. Сол үшін де партияның қолдауымен қазір жерді халыққа қайтаруды мықтап қолға алуымыз керек. Осы жер комиссиясы да партияның бастамасымен құрылып отыр ғой. Партиялық бақылау болса, оны жүзеге асыруға болады деп есептеймін».
Жер қалай берілді, солай қайтарылуы керек!
Жерді өз еркімен қайтарғысы келмейтіндерге басқа амал қолдану керек, ,-деп есептейді Ғалым Сембекұлы. «Ол жекеге қалай берілсе, солай қайтарылуы тиіс. Заңды желек етіп, қайтара алмаймыз деу дұрыс емес. Бұл істе екіжүзділік болмау керек».
Жеке тұрғын үй құрылысы үшін кезекте тұрған жас отбасылар мен Отан алдындағы борышын адал өтеп келгендерге 10 сотық жер берілсе!
Ғалым Байтук жерге қатысты тағы бір сындарлы ойымен бөлісті. Ол ел азаматтарына жеке тұрғын үй құрылысы үшін 10 сотық жерден беру қажет деп санайды. Жұмыс істемейтін азаматтар санатынан жер телімшесіне кезекте тұрғандар өте көп екені жасырын емес. Ірі мегаполистерде болмаса да, шағын қалаларда азаматтарға жеке тұрғын үй салуға мүмкіндік берілу керек. Бұл партия алдындағы тұрған маңызды жобалардың бірі,-дейді.
Сұхбаттасқан Бибінұр Әмірханқызы,
«AMANAT» партиясы Ақмола облыстық
филиалының баспасөз хатшысы.