Оңтайлы шешілген мәселе – партияның абыройы
Қоғамдық қабылдау бөлмесі – халық пен билік арасындағы көпір іспеттес. Ол үлкен жауапкершілікті, рухани ішкі қуатты қажет етеді. Халықпен тікелей байланыста жұмыс істеу арқылы ғана олардың мұң-мұқтажын біліп, қолдау көрсету мүмкін. Сондықтан өздерін толғандырған түйткілдерді арқалап келгендердің мәселесін оң шешу үшін партия тиісті органдар мен тығыз байланыс орнатты. Бұл да партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жүйелі жұмысын паш етеді.
Осы жолы біз жеке бас мәселесі емес, тұтас ауыл, не болмаса шағын аудан тұрғындарын мазалайтын сұрақтардың ішінде оң шешілгендерін тілге тиек ететін боламыз. Бұл әрине, елді-мекендерді сумен қамту, жолдарды жөндеу, аулаларды абаттандыру мен балалар алаңдарын орнатуға қатысты. Бір қуантарлығы, осынау мәселелерді шешуде жергілікті атқарушы орган өкілдері мен партияның депутаттық фракция мүшелері қомақты үлес қосуда.
Мәселен, Бурабай ауданы Щучинск қаласындағы «Халық соқпағы» аталып кеткен шағын көпірді ағын су шайып, 1,5 мыңнан аса шағын аудан тұрғыны үшін қала орталығына тура қатынау қиынға соқты. Осы ретте тұрғындарға көмекке халық қалаулысы Олжас Нұрмағамбетов келді. Аталған шағынауданда туып-өскен аудандық мәслихат депутаты өз қаражаты есебінен және мердігердің көмегімен аталған көпірді қалпына келтіріп, қайта салып шықты. Сөйтіп, халықтың алғысына бөленді.
Бұланды ауданының Никольское ауылын сумен жабдықтау мәселесі де халық қалаулыларының қолдауымен оңтайлы шешімін тапты. 2 мыңнан аса тұрғыны бар ауыл 90% тозығы шыққан су құбырының салдарынан жиі ауыз сусыз қалып отырды. Мәселе депутаттық фракция отырысында қаралып, халық қалаулыларының қолдауын тапты. Нәтижесінде «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 494 781 млн.теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Мәслихат депутаттарының қолдауымен Жарқайың ауданындағы Пригородное ауылының клубына жылыту жүйесін тарту, яғни қазандық орнату мәселесі шешілді. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда аталған клубтың орны ерекше. Халық қалаулысы Александр Демьяновтың мәселені бүйірінен қоюы өз нәтижесін берді. Облыстық бюджеттен 20 млн. теңге бөлініп, бүгінде қазандықты орнату бойынша монтаж жұмыстары жүруде. Маусымның 13-і аяқтау жоспарлануда.