"AMANAT" партиясы: ауыл әкімдерінің құзыретін арттыруды көздейді
Бүгін «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент Академиясының ұйымдастыруымен алғаш рет Ақмола облысының ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін, сонымен қатар партияның аудандық филиалдарының атқарушы хатшыларын оқыту семинары басталды.
Семинардың ашылуына партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айна Мысырәлімова мен Саяси менеджмент Академиясының директоры Данияр Мукитанов қатысып, семинардың жемісті өтуіне тілектестік білдірді.
Данияр Мукитановтың айтуынша, семинар ауыл әкімдерінің өздері басқаратын елдімекендерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын анықтау, таңдалған бизнес-саланы тестілеу, жаңа жұмыс орындарын құру және халықтың табысын арттыру үшін бизнес-жобалардың маркетингтік талдауы мен қаржылық есептеулерін жүргізу дағдыларын дамытуға бағытталған.
Айта кетейік, «Халықтың экономикалық белсенділігі мен табысын арттыру мақсатында басшының құзыреттілігін кеңейту» тақырыбында үш ағымда өтетін 3 күндік көшпелі семинарға 259 ақмолалық қатысады деп жоспарлануда. Оның ішінде партияның аумақтық филиалдарының 20 атқарушы хатшысы, аудандық маңызы бар 8 қала әкімі, 11 кент әкімі, 49 ауыл әкімі және 171 ауылдық округ әкімі бар. Бүгінгі семинарға Ақкөл, Астрахан, Біржан сал, Ерейментау, Сандықтау мен Целиноград ауданының ауыл әкімдері мен аумақтық филиалдарының атқарушы хатшылары қатысуда.
Семинарға қатысушы ақмолалықтармен партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев ЗУМ арқылы байланысқа шығып, семинардың маңыздылығына тоқталды. Ауыл әкімдерінің құзіретін кеңейту бойынша әкімдермен кері байланыс орнатып, бұл бағытта ұсыныстарды қабылдауға дайын екендігін жеткізді. Яғни, «AMANAT» партиясы ауыл әкімдерін барынша қолдауға әзір. Себебі, ауыл әкімінің құзыреттерін кеңейту арқылы ауыл халқының табысы мен экономикалық белсенділігін арттыру басты мақсат етіліп отыр.
- Ауыл халқымен тығыз байланыста жұмыс істейтін біз үшін партияның ұйымдастырып отырған семинарының пайдасы көп болады деп сенемін, - дейді Ерейментау ауданы Сілеті ауылының әкімі Бекболат Мақшар. Шынымен солай. Ауыл әкімдері алған білімдері негізінде маркетинг және қаржылық модельдеу құралдарын қолдана отырып экономикалық тиімді бизнес-жобаларды анықтай алады. Сонымен қатар бизнес-жоспар құрып, жобаларды қаржыландыру, сертификаттау мен стандарттау бойынша толық ақпарат алатын болады.