Ел тағдырын анықтайтын реформаларға тек депутаттар ғана емес, бүкіл халық қатысу қажет!
Міне, осы мақсатпен Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері - Асқарбек Үйсімбаев, Юлия Кучинская, Мәди Елубаев пен Марат Құсайыновтың ақмолалық тұрғындармен кездесулері жалғасуда.
Халық қалаулылары бүгін Бурабай, Бұланды, Целиноград пен Шортанды аудандарындағы елді-мекен халқымен жүздесіп, Ата Заңға енгізілетін өзгерістер туралы ақпарат беріп, референдумға қатысудың маңызын түсіндіруде.
Мәселен, Мәди Елубаев кешеден бері еліміздің туристік аймағы саналатын Бурабай ауданының ауылдарын аралап, еңбек ұжымдарымен, жалпы, ауыл халқымен еліміздің саяси өміріндегі елеулі оқиға бойынша пікір алмасып, сұрақтарына жауап беріп, нақты қандай бап өзгертілетіні жайлы түсініктемелер беруде. Конституцияға қандай өзгерістер орын алатынын тізбектеп, халыққа түсінікті жалпақ тілмен жеткізуге тырысты.
«Конституцияға қандай өзгерістер енгізіледі, не өзгереді деген сауалдарыңызға қарапайым тілмен айтатын болсам, біріншіден, Президенттің лауазымына байланысты шектеулер қойылады. Екіншіден, жерді, оның қойнауын, суды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды халық меншігі деп жарияланады. Үшіншіден, кейбір адамдардың лауазымда болуына байланысты шектеулер қойылады. Төртіншіден, өлім жазасы жойылады. Бесіншіден, Мәжіліс алдында жылына екі рет республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп беретін Жоғары аудиторлық палата құрылады. Алтыншыдан, құқық қорғау институттары күшейтіледі. Жетіншіден, онституциялық сот құрылады. Сонымен қатар, Парламенттің қалыптасу моделін және жалпы сайлау жүйесі өзгертіліп, жалпы, заңдарды қабылдау жүйесіне өзгеріс енгізіледі. Сонымен қатар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тағайындау тәртібі өзгертіледі»,-деген Мәди Елубаев референдумға қатысудың қаншалықты маңызды екеніне көздерін жеткізуге тырысты.
Сондай-ақ, Бурабай ауданына жасаған сапары барысында Мәди Сағынтайұлы Олимпиялық дайындық орталығының ұжымымен, жаттықтырушыларымен кездесті.
«AMANAT» партиясы
Ақмола облыстық филиалының баспасөз қызметі