Өндіріс ауқымын кеңейткен кәсіпорындар мен шаруашылықтардың бүгінгі тынысы
«AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ғалым Бекмағамбетов Астрахан ауданында болып, партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында өндіріс ауқымын кеңейткен кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Мәселен, Астрахан ауданы Жалтыр ауылындағы «АZАМ КС» серіктестігі «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы аясында биыл өндіріс ауқымын кеңейтіп, екі өндіріс алаңын іске қосқан. 2012 жылы негізі қаланған серіктестік жылына 15 дана бидай кептіргіш кешен өндіруге қауқарлы.
Кәсіпкермен сұхбаттасқан Ғалым Мәдешұлы мемлекет тарапынан қолдауға ие болған бизнес иелерінің халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін сезінуі тиіс екендігін тілге тиек етті.
Өндіріс ошағының жетекшісі Аязбек Мусин бизнестің жауапкершілігін түсінген кәсіпкерлер қатарынан. Ол елдімекен тұрғындарына әрдайым көмек қолын созып, ауылдың дамуына өзіндік үлесін қосудан тартынған емес. Мәселен, биыл мешіттің құрылысын қолға алған. Алланың жердегі үйін қасиетті Рамазан айында тапсырмақшы еді, алайда құрылыс жұмыстары сәл созылып, нысанды ел игілігіне мамыр айында бермекші.
Одан соң Ғалым Мәдешұлы Ақмола облысындағы ең ірі-сүт-тауарлы фермаларының бірінен саналатын «Камышенка» серіктестігіне ат басын бұрды.
1 200 бас сауынды сиыр сауып отырған шаруашылық биыл инвестициялық жобаны кеңейту жұмыстарын жүргізген. Мәселен, "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша 510,0 млн.теңге сомасында несие алып, Украинадан "Голштино-фриз" сүтті тұқымды 393 бас ірі қара мал сатып алған. Сонымен қатар 2 мал орнын және бұзау қорасын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді. Одан қалды 2 база, бір сүрлем шұңқыр салынды, 56,0 млн. теңгеге техника сатып алынған.
Жылына 5 мың тоннаға жуық сүт өңдейтін сүт-тауарлы фермасының бас директоры субсидия мен шаруаларға берілетін жердің шекті нормасын бекітуге қатысты өз пікірлерімен бөлісіп, партиядан қолдау сұрады.
Шаруалар бұл бағытта өз ұсыныстарын жеткізуге дайын екендіктерін жеткізді. Ғалым Бекмағамбетов шаруалар үшін тәжірибе жүзінде пайдалы ұсыныстарды қашанда қолдауға дайын екенін айтты. Мәселен, бүгінде «AMANAT» партиясының халық қалаулылары ауылшаруашылығын дамытуға қатысты шаруалардың ұсыныс –тілектерін сараптап, алдағы уақытта депутаттық сауал дайындамақшы.