Облыстық археологиялық экспедиция қатысушылары марапатталды
Ақмола облысы мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру аясында дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
2017 жылдың Ақмола облыстық археологиялық экспедициясының жазғы маусымын қорытындылау үшін өткізілген «Қазыналы қазба – рухани жаңғыру көзі» атты дөңгелек үстел Көкшетау қаласындағы М.Жұмабаев атындағы АОҒӘК-ның ғимаратында өтті. Жиналғандарға Зеренді ауданында жүргізілген қорғау-құтқару жұмыстарының бейне ролигі көрсетілді.
Іс-шараға тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының басшылары мен инспекторлары, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы директорының орынбасары, тарих кафедрасының меңгерушілері, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен Абай Мырзахметов атындағы университеттің студенттері, ҚР ІІД ТЖК Көкшетау техникалық институтының курсанттары қатысты. Курсанттар осы жылы алғаш рет Зеренді ауданының Кеңөткел ауылы маңында орналасқан археологиялық экспедицияға барған.
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайы директорының орынбасары Алма Құнанбаева: «Мұндай экспедициялар патриоттық тәрбие беруде өте маңызды. Себебі, елде қандай тарих болғаны, қандай тайпалар өмір сүргені қызық», - дейді.
ҚР ІІД ТЖК Көкшетау техникалық институтының әлеуметтік-гуманитарлық пәндер, тілдер және психологиялық дайындық кафедрасының оқытушысы, «Тарих толқынында» үйірмесінің жетекшісі, азаматтық қорғау аға лейтенанты Жәнібек Ерғалиевтың айтуынша, Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген курсанттар Ақмола облысының ескерткіштерін білмейді. Сол себепті өңірдің тарихи байлығын таныстырып, көрсету үшін әртүрлі іс-шараларға қатысуларын ұйымдастыру қолға алынған.
Баяндамашылардың сөзінен кейін дөңгелек үстелге қатысушылар өз ойларымен бөлісті. Сондай-ақ, студенттер мен курсанттар алғыс хаттарымен марапатталды.